» » Дәрігер робот

Дәрігер робот

    Дәрігер роботтың тағы бір атауы бар: жасанды жады немесе жасанды интеллект деп аталады.
Жасанды интеллект – емделушілерге, дәрігерлерге және ауруханаларға қатысты мәліметтер жинап, сақтауға жәрдемдесетін жүйе. Мұнымен қоса логистика деп аталатын қызметі бар. Мысалы, азаматтар кейде қай ауруханаға барарын білмей жатады. Дәрігерлердің жеке дағдысы жайлы да ақпарат алғысы келеді. Ондай ақпаратпен халықты хабардар етіп отыру қажет-ақ. Сонымен қатар ауруханада қанша науқас қайтыс болғанын, дәрігерлердің, мейірбикелердің біліктілік деңгейі қандай екенін білуге болады. Бұл ақпарат науқасқа емделу үшін аурухана таңдау кезінде қажет. Жасанды интеллект көмегімен жиналған мыңдаған ақпаратты тереңірек зерттеуге мүмкіндік бар. Бұдан бөлек мұндай робот арқылы денсаулық сақтау саласында қандай өзгерістер болып жатқанын және болашақтың бағыт-бағдарын біліп отыру да маңызды.
Жасанды жадыға фотосурет енгізу арқылы да адам өзінің денсаулығына диогностика жасай алады. Дәрігерде сіздің соңғы алты айға, бір жылға немесе бірнеше жылға жасалған электронды медициналық картаңыз болады. Қандай жағдайда сырқаттандыңыз, қалай емделдіңіз барлығы жазылып, деректер жиналады. Әсіресе жүрек, өкпе аурулары, семіздік және диабет ауруларына мониторинг жүргізіп отыру өте маңызды. Әрине ауырмау үшін саламатты өмір салтын ұстанып, дұрыс тамақтанып, дене шынықтырумен айналысу қажет. Ал егер науқастанып қалсаңыз, қалыптасқан әдетті өзгертуге тура келеді. Осындай кезде тасымалданатын арнайы аксессуарлар сізге нұсқау береді. Мысалы, айына 8 мың қадам жаяу жүру керек болса, уақыты келгенде 12 мың қадам жасайсыз. Күнделікті жаттығуларды, диета тәртібін бір деректер базасына сақтап, жасанды интеллектің көмегімен бақылайтын болсаңыз, ол сізге дұрыс жоспар құруға көмектеседі. Тіпті тасымалданатын электроника өміріңіздің ұзақтығын болжай алады. Егер күнде шылым шегіп, ішімдік ішіп, майлы тағам жесеңіз, ұзақ жастан үміттену бекер-ақ. Алайда физикалық жаттығулар жасап тұрсаңыз, күйзелістен арылуға болады. Осы ретте тасымалданатын электроника септігін тигізеді. Ойланып көріңізші, «қолыңызда ағзаңызды көрсететін панель» бар делік. Панель бетінен жүрегіңіздің қалай соғып тұрғанын, басқасын да көре аласыз.
БҰҰ экономикалық және әлеуметтік мәселелері жөніндегі департаментінің аймақаралық кеңесшісі Ричард Кербидің айтуынша, жасанды интеллект дәрігерді алмастыра алмауы мүмкін, дегенмен оның заңдық аспектілерін ойластырып қою артық етпейді. Өйткені жасанды жадыға жаппай сенім артатын кез алыс емес. Жасы ұлғайған кісілер дәрігерге сенгенмен, бүгінгі смартфонға, интернет ақпараттарына тәуелді буын үшін дәрігерді робот алмастыруы оп-оңай.
Рас, қазірде интернеттегі мәліметтер арқылы өз-өзіне диагноз қойып, ондағы пікір қалдырушылармен хат алмасып, ауруларының ұқсастығын айтып, тіпті ем-домын да айна-қатесіз қайталаушылар бар.
Алдында жетпіс бестегі кісі ме, әлде жеті жастағы бала ма, роботқа бәрібір. Ол өзіне енгізілген мәліметтер бойынша диагноз қоя береді. Ал оның салдары қандай болады? Егер ем науқасқа кері әсер етсе, кім жауап береді? Дәрігер ме, роботтың бағдарламашысы ма, әлде пациенттің өзі ме? Алда осындай сұрақтармен бетпе-бет келетін уақыт аз емес. 
                                                                                     Ж.САҒИДА
24 желтоқсан 2019 ж. 1 285 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031