» ҚОҒАМҒА ШАМАҢ КЕЛСЕ КӨМЕКТЕС, БОЛМАСА КЕСІРІҢДІ ТИГІЗБЕ

ҚОҒАМҒА ШАМАҢ КЕЛСЕ КӨМЕКТЕС, БОЛМАСА КЕСІРІҢДІ ТИГІЗБЕ

  Асхат ЕРКІМБАЙ, медиатренер, "Мінбер" журналистерді қолдау орталығы жанындағы Жаңа медиа мен Датаны зерттеу тобының жетекшісі:


− Аға, бір сәт әлемдегі барлық ақпарат жойылып кетті деп елестетейікші. Оның ішінде TED аудармалар да бар. Сол кезде өзіңізді жаңа қоғамға қалай таныстырған болар едіңіз?
Алдымен ақпарат адамға не үшін қажет деген сауалға жауап берелік. Адам ақпаратты төрт мақсатта қолданады. Біріншіден ол адамдармен араласу үшін керек, егер жаңалық жоқ болса адам бір-бірімен қатыспас еді. Екіншіден, ақпарат болуы мүмкін қауіп-қатердің алдын алады. Егер ақпараттың бәрі жойылып кетті десек, бұл адам да жоқ деген сөз. Себебі адам бар жерде міндетті түрде жаңалық болады. Жалпы ақпараттың әр түрлі форматта болатынын ескерген жөн. Егер ол дұрыс болса жаңалық, дұрыс емес болса өсекке айналады. Қайткен күнде де ол − табиғи қажеттілік. Ақпарат арқылы ғана адамдар ұжымдасады, топтасады. Егер белгілі бір қоғамда жаңалықты шектейтін болса немесе айтылуына қарсылық болса онда бұл қажеттілік басқа формада көрініс табады. Жаңалықтану саласында мұны «шикі жаңалық» деп атайды. Біздің қоғамда адамдар өзіне қажетті ақпаратты таппаған соң, шикі ақпаратты алмаса бастайды, яғни whatsApp немесе facebook-та бір-біріне вирусты контенттер жіберетіні сондықтан. Егер адам өзіне қажетті нақты ақпаратты табатын болса, шикі ақпарат азаятын еді.
Мен көбіне өзімді жаңа медианы, дата журналистиканы насихаттаушы медиатренер деп атаймын, бірақ мұғаліммін деп таныстырмаймын. Тренердің басты ерекшелігі − өзің білген тәжірибені басқа да кәсіби маман иелерімен бөлісуде. Бұрындары жаңа медиа дамымай тұрып адамдарды белгілі бір салаға телу оңай болатын, өйткені интернет-технология қарқыны баяу кезде мамандықтардың өзара түйісуі қазіргідей болған жоқ. Жаңа медиа дәуірінде сізді де тек журналист деп айту қате пікір. Мысалы, сіз жұмысыңызда аудармашысыз, мәтін терушісіз, әдеби редакторсыз, фотографсыз. Одан да басқа сіздің толып жатқан функцияңыз бар. Бұл − қалыпты жағдай. Бір адам әртүрлі дағдыны меңгере отырып қоғамда өзінің потенциалын өсіре алса − дұрыс құбылыс, ол әлемде бар тенденция. Сондықтан адамды таныстыру кезінде оның көп функционалды екенін ескеру қажет.  
− Жаңа медианы насихаттаушымын дедіңіз, бұл салаға қалай келдіңіз?
Менде өзің тәрізді 7-8 сыныптан бастап «Ұлан» газетінің жас тілшісі болдым. Мектеп бітірген сәтте журналистикада грант саны аз болып, қазақ тілі мен әдебиеті пәні мамандығына құжат тапсырдым және журналистика саласында жұмыс істеп жүрдім. Газет редакциясында түсінгенім, қазақ журналистикасында қаржылық тұрғыдан тәуелділік көп, яғни қаржы берген ұйым немесе мекеменің ықпалынан шығуымыз екіталай. Егер мен сол салада жүрген болсам әрі кеткенде белгілі бір басылымның бас редакторы болумен шектелер едім. Мен өз өмірімді біреуге тәуелділікпен өткізгім келмеді, сол үшін балама жол іздей бастадым. Сол уақытта жолым болып, еліміздегі жас журналистер арасында алғаш рет БҰҰ-ның шәкіртақысын жеңіп алдым. Университетте бізге блог жазуды көрсетті, сол кезде маған «қазақ журналистикасын интернет кеңістікте дамытуды қолға алу керек» деген ой келді. Ол жерде шекара жоқ, тиісінше мүмкіндік ұшан-теңіз. Бұл тың сала болғандықтан болашағымды жаңа медиамен байланыстырдым. Қазақстанға келген соң блог және оның жасалу жолын журналистер арасында насихаттай бастадым. Бірте-бірте жаңа технологияға маманданғаннан кейін іс-шаралар өткіздік, қоғамдық қор құрдық, осылай жаңа медиаға ойыстық. Бізде «бірінші қазақтілді жаңа медианы игермесек, қоғамды орыс тілді медиа саласының ықпалы басып кетеді» деген қауіп болды. Сол кезеңде Алматыдағы қайсыбір баспасөз конференциясына барсақ та, орыс тілді ақпараттың басымдығы анық сезілетін. Осы түсінікті өзгерту үшін интернетте қазақ журналистикасын қалыптастыруды қолға алдық.
− Дәстүрлі медиа жаңа медиаға қаншалықты ауысып үлгерді? Қазіргі жағдайды қалай бағалар едіңіз?   
− Біз "Америка былай етіп жатыр екен немесе кейбір елдер әлі күнге дейін газеттерін сақтап қалыпты" деп шетелді айтуға үйренгенбіз. Бір нәрсені түсінуіміз керек, Қазақстандағы медианың дамуы тікелей саяси жүйеге байланысты. Біздегі медиа ақпарат саяси институттың негізгі құралы және қоғамда «медиа» орнына «құрал» сөзі қолданылатындықтан, сондай-ақ БАҚ туралы заң тұрған жерде жаңа медиа еркін түрде жүзеге аспайды. Оны бақылап отырған арнайы тетік бар, сондықтан дәстүрлі медиа жаңа медиамен қатар жұмыс істей алмайды. Бізде әлі күнге дейін дәстүрлі медианы қаржылық тұрғыдан қолдау басым, бұл дұрыс емес деген сөз емес. «Бұл біздегі медиа неге басқа елдердегідей дамымайды?» деген сұраққа жауап. Екіншіден біздегі интернет нарықтың ойыншылары көп емес, әсіресе қазақ тілінде. Жаңа медианың бізде коммерцияланбауының бір себебі қазақ тілінің жарнама тіліне айналмауында жатыр. Әрине 2000 жылмен салыстырғанда ілгерілеу көп. Қазақ тілінде аз да болса өз күнін жарнама арқылы тауып отырған онлайн институттар бар. Бірақ қазақ тіліндегі интернет тұтынушылар бұл деңгейден де көп болса қазақша ақпаратқа сұраныс көбейеді және бұл онлайн жобаның қалыптасуына түрткі болады. Ал қазір орыс тілі интернетте ең көп қолданылатын он тілдің бірі болғандықтан,  жарнама орыс контентке жүгінеді.

− Қазақ тіліндегі TED аудармашылардың үйлестірушісіз. Ең алғаш TED-ті қалай қолға алдыңыз? TED және TEDх -тің басты айырмашылығы неде?

− ТED конференциясы осыдан 30 жыл бұрын Америкада пайда болды. TED – ағылшын тіліндегі "технология, көңіл көтеру және дизайн" сөздерінің қысқарған формасы. 1984 жылы Калифорнияда бірінші TED конференция өткен. Оның пайда болуына қоғамдағы ғылымның аз насихатталуы әсер етті. Әсіресе, ғылыми идеялар. Ғылым қоғамға қызмет етуі тиіс, бірақ қарапайым адам ғылыми идеяны түсінбесе оның маңызын жоғалту қаупі  жоғары болады. Біз мұны қазіргі қазақ қоғамынан байқап отырмыз, бізде мемлекет тарапынан іргелі ғылыми зерттеулерге деген қызығушылық төмен. Екіншіден адамдар арасында да ғылыми ойды талқылау аз. Бұл тенденция тек Қазақстанда ғана емес, көптеген елде бар. Осындай қауіптің болуын сезгендіктен Америкада TED деген тартуға тұрарлық ғылыми идеяның басын қосатын конференция ұйымдастырылды. Конференцияның ерекшелігі − ғылыми ойлар барлық адамға қарапайым тілмен түсіндіріледі және ол видеоға жазылып, интернетте тегін таратылады. Бұл формат ғылымның дүние жүзіне  таралуына түрткі болды. Көп жағдайда адамдар TED-ті өз елінде де өткізгісі келеді, шатастырмас үшін негізгі TED-ті сол атауда қалдырып,  өзге елде өткізілетін конференцияға х әрпі қосылған. TEDх–TED-тің локалды көрінісі. TED жаһандық болса, TEDх − адамдардың өз қоғамында ұйымдастырған шара. Әдетте біз мектепте алгебра, геометрия пәнін оқимыз, түсінбесек те "осы пәннен беске шығайын» деп талпынамыз. Кейін ойлап қарасақ, «тригонометриядағы синус, косинус формулаларын өмірде қолданамыз ба?» деген сұрақ туындайды. Біз оны көп жағдайда пайдаланбаймыз, соның әсерінен адамдарда «бәрін оқып не керек, одан да өзіме қажеттіні үйренейін немесе мал бағып та күн көремін» деген ой туындайды. Алайда жаңағы теория мен математикалық аспектілер ғылыми негіздің қалыптасуына негіз болады. Егер ғылыми іргетас мықты болса, қоғам озады, әлсіз болса, өзге елге кіріптар күй кешеді. Қазіргі дамыған Корея, Израйль елдеріне қараңызшы, олар о бастан ғылымға көңіл бөлген. Мен Америкада жүргенде статистика сабағы үлкен қорқыныш тудыратын. Ал TED-ке келгенде оның «құбыжық» емесін түсіндім, ол − біздің өміріміз. ТED ғылымның бізден бөлек өмір сүріп жатқан  дүние емес екенін ұқтырады. Қазақстанда ТEDх-ті ұйымдастырып, TED-тегі видеоларды қазақшаға аударумызға кіріскендегі мақсат  қазақ қоғамында  ғылыми  ойлар кеңірек таралса деген ниеттен басталды. Себебі біздің қоғам мәселені көбірек айтады, бірақ оның шешімі қарастырылмайды. Біз әзірге ғылыми идеяны талқылайтын қоғам бола қойған жоқпыз. Мәселе барлық қоғамда ұқсас, ол ғылыми ойлар біздің қазақ топырағында да бар. Біз тек айтып, тамсанып қоямыз, ары қарай өрбітпейміз. Қоғамда ғылым дамығанда ғана біз ешкімге кінә артпайтын боламыз. Қазір Қазақстанда интернетті пайдалану мүмкіндігі жоғары, енді оны игі мақсатқа қолдана білуіміз керек. Ең алғаш 2013 жылы үлкен ТED-ке Канадаға шақырды, негізі біз ТED-ті қазақ тіліне аударуды 2011 жылы қолға алғанбыз. Сол жылдан бастап мен дүниежүзі бойынша қазақ тіліндегі ТED аудармашылардың үйлестірушісі болдым. Бізді ТED идеясының насихатталуына үлес қосып, тегін жұмыс істегеніміз  үшін шақырды. Осы кезге дейін 100-ге жуық видео қазақшаға аударылды. Біздің мұндай жұмыспен айналысатынымызды көп адам ескере бермейді, бірақ әлемдік деңгейде біз сияқты адамдар өте көп.

− Қазір қазақ тілді аудармашылар құрамында қанша адам жұмыс істейді? Осы орайда Shi-fi шарасына кеңірек тоқталыңызшы...
− Shi-fi – аудармашылардың басын қосатын жоба. Белсенді аудармашылармен бірге шай ішеміз, уай-фай арқылы интернет таратамыз, ТED-ті көріп, бірігіп аударма жасаймыз. Бұлай жұмыс жасау қызық, әрі сен жалғыз емес екеніңді сезінесің. Жалпы аударма жасауға 500-ге жуық адам ниет білдірді, оның ішінде  елуі ғана белсенді, шынымен де осы TED-ті аударатыны бес адам ғана. Олардың бәрі еріктілер, яғни тегін жұмыс істейді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев келесі жылды еріктілер жылы деп атауды қолдаймын деді, менің қаупім біз осыны дұрыс түсінсек деген ой. Біздің қоғамда ерікті ұғымын әртүрлі мағынада қабылдайды. Бір түсінік, жастарға тегін көше тазалатқызып алу. Оған қарсылығым жоқ, бірақ бұл еріктілік емес, мәжбүрлеу.  Ерікті болу − әр адамның өзі өмір сүретін аймақтағы шағын ғана қоғамға қай тұрғыдан пайдам тиеді деп ойлап, соған аптасына 1-2 сағатын жұмсау. Мысалы, мен Америкада оқыған кезде қарттар орталығына барып жаңа медиа жайлы сабақ өткіздім. Ал біздің қоғамда ерікті түрде емес, мәжбүрлі сипатта жұмыс істеу белең алып бара жатыр. Мысалы, бір оқу орнында ТED видеоларын қазақ тіліне аудару үй тапсырмасы ретінде берілген. Мұғалімнің ниеті дұрыс. «Балалар ағылшынша біледі екен, енді соны пайдаланып, видеоны қазақшаға аударсын» деп отыр. Бірақ бұл арқылы мұғалім еріктілікті өлтіреді. Өйткені студент үшін бұл тек баға алу құралы ғана, ол жақсы дүние жасауға тырыспайды, нәтижесінде сапа құриды. Түптеп келгенде мұғалім өзі істеу керек жұмысты басқа біреуге ысырып тастап отыр деген сөз. Қоғамға шамаң келсе көмектес, шамаң жетпесе кесіріңді тигізбеу керек. Айта кетейін, кез келген адам ТED аударма жасай алады. Аударма үш кезеңнен өтеді. Алдымен, сіз аударасыз, келесі кезеңде екінші адам оны редакциялайды, соңында аударма маған, яғни қазақ тілінің жетекшісіне келеді. Мен оны жариялауға жіберемін.
− Әлемдік TED-ке шамамен қанша адам шақырылады?
− TED − дүниежүзілік шара, оған келуші адамдар алдын-ала іріктеледі. Мысалы, Канадада өткен шараға әлемнен 1000 адам ғана шақырылған. Ол жерде Билл Гейтс, Илон Маск  сынды әлемдегі идеямен  «ауыратын» адамдар жиналды. Онда бір ғана шарт бар,  конференцияда жұмыс жайлы айтпауың керек, себебі қызмет жайлы сөз қозғау пендешілік деп түсіндіріледі. Онда тек ортақ мүдде үшін идея айтылу керек.
−  Қазақстанда  TEDх қаншалықты жиі өткізіледі? Идея ұсынушы адамға қандай талап қойылады?
− Елімізде  TED конференцияны ұйымдастырғалы он жыл болды, әйтсе де көп адам мұны біле бермейді. TEDх-тің форматы өте көп, ал мен TEDх Аlmaty командасына мүшемін. Жақында TEDх Қарағанды жобасы өткелі жатыр. Одан өзге TEDх Shymkent, TEDх Astana деген түрі бар. TEDх-ті өткізу үшін үлкен TED-тен арнайы рұқсат алынады, себебі конференция өзінің форматын сақтап қалу керек. Жыл сайын TEDх Аlmaty-ға өңірлерден қаншама адам жиналады. Қатысушылар үшін бұл − бір жылдық мереке, рухани азық. Менің кәміл сенетінім, біздің қазақ топырағында да керемет идеялар бар, бірақ олар тұншығып жатыр. Біздің мақсат соларды ашу, әлемге таратуды көздейді. TEDх шарасын ұйымдастыру кезінде біз сондай адамдарды іздейміз, дайындаймыз, видеоға түсіремі. Видеоны әлемге тарату үшін ағылшын тіліне аударамыз, солай идеяның таралуына үлес қосамыз.
ТEDх-ке қатысушы адам идея айтуға дайын болу керек.  Көп адам идеяны ғылыми шешіммен шатастырады. Кейбір адамдардың жақсы идеясы бола тұра айтуға дайын емес немесе ғылыми жаңалығын қарапайым тілмен айтуға қиналатын сәттер кездеседі. Кейде идея айтамын деп өзін жарнамалайтындар жолығады. Біз соның алдын алуға тырысамыз. Айта кетейін,  бұл шарадан қаржылық пайда көрмейміз, бірақ шараға бір жыл дайындаламыз, себебі біз үшін  әр идеяның сапалы болуы маңызды.
ТEDх -ке қатысушының жас шамасы ескеріле ме?
− Әдетте жас шамасына қарамайды, ең бастысы − идея. Өткен жолы TEDх-ке оқушы қыз қатысты, оның көршісі омарташы екен. Сол омарташы араның мінез-құлқын білу үшін 70-жылдардан бастап күн сайын ауа райын жазып отырыпты. Мәселен, «бүгін термометр 13 градусты көрсетті, күн суық, аралардың қозғалысы баяу немесе ұшқан жоқ» деген сипаттаманы тіркеп отырған. Оқушы қыз көршісінің күнделігін қарау арқылы өзінің ауылына ғаламдық жылынудың әсерін дәлелдеп берді. Негізі атаның ойы бөлек-тұғын, бірақ одан оқушы қыз тың идея шығарды. Көп жағдайда біз ғаламдық жылынуды басқа әлемде болып жатқан құбылыс тәрізді қабылдаймыз, ақ аюлар бізден алыс өмір сүріп жатқан сияқты. «Күн неге күрт жылынып кетті?» деген ой да мазалаған емес. Ал оқушы қыз осыны ескеріп, ауылына жақындап қалған құм көшін де дәлелдей алды. Бұл − қазақтың қаршадай қызының ашқан жаңалығы. Анықтап қарасаң, қарапайым ғана дүние, бірақ оның өзінде ғылым жатыр.
ТEDх Аlmatyқыркүйекте өтеді деп айттыңыз ғой. Оған қанша адам қатысады деп күтілуде?
− ТED-тің бір ережесі қатысатын адам саны шектеулі болады, мәселен 300 адам. Олар алдын-ала іріктеледі. Сіз оған қатысу үшін ақы төлейсіз, ол төлем TEDх өткізілетін орынды жалға алуға, келушілердің тамағына жұмсалады. Сондықтан «менің 5000 мың теңгем бар екен, мен де қатыса аламын» деген ойдан аулақ болу керек. Біз алдын ала конференцияға не үшін қатысқыңыз келетіні жөнінде анкета толтыртамыз. Кез келген қоғамда адамзатқа шынымен жаны ашитын адам болады, керісінше оң өзгерістен гөрі  тыныштықты қалайтын адамдар да бар. Біз идеяны қолдайтын адамдарды ғана жинақтаймыз, себебі формат сақталу керек.
− Осы кезге дейін 500-ге жуық тіл үйренушіге ағылшын тілін үйреткен екенсіз... 
 − Бізде қазақ журналистикасы не себепті кәсіби емес, өйткені әлемдік тенденция ағылшын тілінде өрбуде.  Егер журналист ағылшын тілін білмесе әлемге Ресейдің көзқарасымен қарайтын болады, қашан орыс тілді журналистер аударады, біз соны аламыз деп күтіп отырады. Сол себепті менде «қазақ журналистерін ағылшын тіліне үйрету керек» деген ой туындады. Сөйтіп Алматыда компания құрдым, қазірге дейін 100-ге жуық журналист білім алды, «Болашаққа» оқуға түсті.
Негізі ағылшын тілін үйренудің арнайы рецептісі жоқ. Ең бастысы, оқытушы үйренушінің ақпаратты қабылдау ерекшелігін ескерген жөн. Ағылшын тілінде ресурстар көп және оңай тіл. Тілді тез үйренуге болады, бастысы оны қалай қолданатының маңызды. Сол үшін журналистер ағылшынды меңгерген соң ақпаратты сол тілде көбірек пайдаланған жөн.
− Сұхбаттасқаныңызға рахмет!

Әңгімелескен
Гүлдана ЖҰМАДИН
---
31 мамыр 2019 ж. 760 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031