» » » Мадам Тюссо мұражайына Абай мүсінін тарту етеміз

Мадам Тюссо мұражайына Абай мүсінін тарту етеміз

Айдос Есмағамбетов, мүсінші, гиперреалист:
 
 
Айдос Есмағамбетов Арқалық қаласының тумасы. Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтында «Бейнелеу өнері және сызу» мамандығы бойынша білім алған. Қазір «Астана Мюзикл» мемлекеттік театрының қызметкері және «Қазақстанның жаңа 100 есімі» жобасының жеңімпазы. Бүгінде кейіпкеріміз кез келгеннің қолынан келе бермейтін, хирургиялық нақтылықты талап ететін гиперреалист өнерін дамытып, тарихи тұлғаларымыздың мүсінін салуға машықтанған.

– Айдос, шығармашылық бастауыңыз туралы айтсаңыз? Бұл өнерге деген қызығушылығыңыз қалай пайда болды?
– Ата-анам да тастан түйін түйіп, ағаштан ою ойған суретші адамдар. Әкем – гипстен мүсін жасайды. Анам – тоқыма тоқиды. Бала күнімнен ата-анамның жасаған керемет туындыларына тамсанып, шығармашылыққа жақын өстім. Содан болар мектепті тәмамдаған соң Ыбырай Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтының көркемсурет-графика факультетіне оқуға түсуге шешім қабылдадым. Мамандығыма сай қылқаламмен портрет, пейзаж, натюрморт салуға машықтандым. Жұмысымды көрген ұстаздарым маған адамдарды, олардың көңіл-күйін, мінезін, анатомиясын жақсы сезініп салатынымды ерекше атайтын. Ұстаздарымның қолдауының арқасында шығармашылығымды портрет жасауға бағыттадым. 2006-2008 жылдары «Шабыт» халықаралық фестиваліне қатыстым, өкінішке қарай, жүлделі орын еншілей алмадым. Әділқазылар абстракционизге басымдық берді. Бірақ бұл жанр маған ұнаған емес. Сол себепті жаныма жақын жанрды іздеуге күш салдым. Ал мүсін өнеріне кездейсоқ келдім десе болады. Әдеттегідей күннің бірі болатын. Теледидардан Мадам Тюссо мұражайы туралы репортажда Барак Обаманың балауыздан жасалған мүсінін көрдім. Осы репортажды қарап, біздің елде де неге осындай керемет туындыларды неге жасамасқа деген ой келді. Содан осы өнер саласын дамытамын деген алдыма мақсат қойдым. Жан-жақты ізденіп, 2010 жылдан бері балауыздан мүсін жасап келемін.
– Ең алғаш кімнің мүсінін жасадыңыз? Көңіліңізден шықты ма?
– Шынымды айтсам, басында мен үшін бұл сала өте қиын болды. Елімізде бұл технология еш жерде оқытылмайды. Сондықтан мен мүсін өнерін өзім игердім. Күндіз-түні интернеттен мақалалар оқып, YouTube-те бейнежазбаларды қарадым. Оқыдым, білгенімді тәжірибе түрінде жасадым. 2010 жылы Н.Назарбаевтың мүсінін жасауды ұйғардым. Оны жасау идеясын Президенттің мәдениет орталығының директоры Мырзатай Жолдасбеков ағамыз ұсынды. Алғашқы мүсінді жасауға 1 жылға жуық уақыт кетті. Осыдан кейін 2013 жылы ұлы тұлға Абылай ханның мүсінін, 2016 жылы Барак Обаманың, 2018 жылы Н.Назарбаевпен бірге С.Нұрмағамбетовтың мүсінін жасадым. Биыл Түркістандағы жаңа музей үшін Елбасының үшінші мүсінін жасап шығардым. Гиперреализм жанрының ерекшелігі – жасалған бейненің түпнұсқадан еш айырмашылығы болмайды. Денедегі әрбір сызық, әжім, тіпті балапан түктерге дейін қамтылады. Тек мұражайларға, киногерлерге мүсін жасап қана қоймай, медицинаға да пайдалануға болады. Мысалы, адамдарға жасалған протезді силиконмен қаптап, шынайы өң беруге мүмкіндік бар.
– Білуімізше, жақында Абай Құнанбайұлының мүсінін жасадыңыз. Аз ғана уақыт ішінде көпшілік көңілінен шықты. Мүсінді жасау барысында қандай қиындықтар болды?
– Биыл Абай атамыздың туғанына – 175 жыл. Осыған орай ұлы ақынның мүсінін жасауды жөн санадым. Бастапқыда мұндай жауапкершілігі ауыр жұмысты алуға жүрексінгенім рас. Ойлана келе, ең алдымен шағын мүсіншесін сомдап, жан-жақты зерттеген жөн деген шешімге келдім. Өйткені ақынның нақ сипаттайтын суреттер сапасы төмен, тек бір ғана фотосуреті болды. Оны алу үшін Семейдегі Абай мұражайына жүгіндім. Сондай-ақ ақынның шапанының түсін, қандай материалдан тігілгенін, бәрін зерттеп, арнайы мамандармен әзірледім. Сосын барып үлкен туындыға кірістім. Өзімнің де, көпшіліктің де көңілінен шыққанына қатты қуандым. Алдағы уақытта Италиядағы Мадам Тюссо мұражайына Абай Құнанбайұлының мүсінін тарту ету жоспарда бар.
– Мүсін жасау үшін материалды қайдан аласыз? Кейіпкерлерді нақты салу үшін арнайы кездесесіз бе?
– Жоқ. Арнайы кездеспедім. Мен мүсіндерімді тек фотосуреттердің көмегімен жасаймын, бұл өте қиын. Қандайда бір жолмен әрекет етуге мәжбүр етеді. Мысалы, Мадам Тюссо мұражайында шеберлер жұлдызды шақырады, бір фигурада шамамен 15-20 адам жұмыс істейді. Олар адамның пішінің өлшеп, модельді әртүрлі бағытта суретке түсіреді, құймалар арқылы дайындайды. Ал біздің елде мұндай мүмкіндік жасалмаған. Ал тарихи тұлғаларды салу одан да қиын. Олардың тарихи кітаптардағы бейнесімен қатар сапасыз болса да суретімен салыстырып жасаймын. Ал Елбасының мүсінін алғаш жасаған кезде оны бұрын-соңды өмірде көрген емеспін. Интернеттегі сапалы суреттердің көмегі тиді.
– Бастапқыда бір туындыны жасауға қанша уақыт және қаражат кететін еді?
– Гиперреалистік мүсіндерді бейнелеу – үлкен шығынды қажет ететін іс. Сондықтан болар біздің елде бұл салаға қызығушылық танытатындар аз. Одан қалды қажетті материалдар елімізде болмағандықтан, АҚШ-тан тапсырыспен аламын. Әр мүсінді салу үшін төрт айдан бір жылға дейін уақыт жұмсалады. Бір фигураға жалпы 600 мыңнан 1 миллион теңгеге дейін қаржы кетеді.
– Қазір барынша икемделдіңіз ғой. Қазір қанша уақытыңызды жұмсайсыз?
– Бірнеше мүсінді жасаған соң, қолым алғашқыға қарағанда әлдеқайда икемделді. Сонда да жасайтын кейіпкерді айнытпай салу үшін де қыруар еңбек қажет. Мәселен, кейіпкерімнің анатомиялық ерекшелігін мұқият зерттеп болған соң негізгі сұлбасынан бастаймын. Ол пластилиннен жасалады, ең қиыны да осы процесс. Дәл осы кезеңде сіз нақты адамға ұқсастықты жеткізуге тырысасыз. Оның сипаты, әрбір кішігірім ерекшелігі яғни микро-деталь, тері тесігі, тамыр, әжім. Бұл төзімділік пен шыдамды, ептілікті талап ететін іс. Ең қиыны – шаш. Өйткені оның әр талын жабыстыру қажет. Елестетіп көріңізші, сіздің басыңызда жүз мың тал шаш бар. Құйқадағы бір түптен бірнеше шаш шығара алмайсыз. Олай жасасаң шынайылық жоғалады. Мүсіннен бөлек сол мүсінге пайдаланатын құралдарды да өзім жасаймын. Әсіресе ұсақ бөлшектер, зергерлік процестер үшін арнайы құрылғылар қажет. Оларды дүкеннен таба алмайсың, сондықтан өзім жасауға тырысамын. Мұның бәрі фигураның күрделілігіне байланысты. Егер орта есеппен айтатын болсақ, онда шамамен 3-4 ай. Бірақ Елбасының ең жаңа мүсінін рекордтық мерзімде жасадым. Оған бір жарым ай ғана уақыт кетті. Бұл өте шұғыл тапсырыс және оны мүмкіндігінше тез аяқтау керек болды. Осы бір жарым айдың ішінде аз ұйықтап, көп жұмыс жасадым. Әрине, сыртынан қарағанда қорқынышты. Ұзақ уақытты алады. Бірақ мүсінге шаш жабыстыру мен үшін үлкен процесс және ол мені тыныштандырады. Қаншалықты қиын, соншалықты қызықты. Өкінішке қарай, тек уақыт жетпей жатады. Кейде ерте тұрып кішкентай бір істі бітіріп тастаймын деп кірісесің, жасап болып терезеге қарасаң қараңғы түсіп, түн болғанын байқамай қаласың. Бірақ, Құдайға шүкір, мен өте қатты және тез шаршамаймын, керісінше жұмыс кезінде менің екінші тынысым ашылады.Тіпті тамақ ішпеген күндерім де болды. (Күліп)
– Адамның бейнесін жасау үшін бет-әлпетінен бұрын, кескінінің де маңызы зор. Кейіпкеріңіздің кескінін жасауда қандай қиындыққа тап болдыңыз?
– Ең бастысы, басын жасау. Көрген адам мүсіндегі кім екенін жазбай танитындай етіп бет-пішінін нақты шығару – мүсін жасаудағы маңызды ұстаным осы. Ол үшін адамның төрт жағынан қарап, анатомиясын зерттеп алу керек. Тіпті артынан қарағанның өзінде оның сен мүсіндеген адам екенін бірден танитындай болу керек. Мұндай дәлдікті жасау үшін адамның бетіндегі ұсақ-ұсақ ноқаттарына дейін көрініп тұратындай жоғары сапада түсірілген фото керек. Сондай фотолар арқылы мүсіндеп отырған адамыңның жеке ерекшелігін танытуға болады.
– Мұндай тың салада еңбек ететін мамандар жоқтың қасы. Шәкірт тәрбиелеу жоспарда бар ма?
– Әрине, бұл салаға қызығушылық танытатын жастарды қашанда демеуге әзірмін. Өйткені елімізде таланты бар, бірақ танылмай жүрген жастар көп. Қытай немесе Кореяны мысалға алатын болсақ, ол жақтың халқы өте еңбекқор. Сол еңбекқорлықты көріп өскен жастар да кез келген саланы жүрексінбей игеріп кетеді. Біздің жастардың да олардан айырмашылығы жоқ. Еңбекқор, қабілетті, дарынды. Бірақ бағыттайтын, жол көрсетуші аға буын жетіспейді. Содан ел жастары жүрек қалауымен жұмыс жасамайды. Жүрек қалауы болмаған жерде танылу, озық болу деген түсінік қалыптаспайды. Ал қазір білімділер мен еңбекқорлардың заманы. Жұмыс барысымен Еуропаға гастрольге жиі шығамын. Ол жақта сурет мамандарына әжептәуір көңіл бөлінетінін байқаймын. Өз деңгейінде бағаланады. Оның барлығы өнерді түсінгендік, бағалағандықтан деп түсінемін. Шетел мамандары жасайтын нәрсе біздің де қолымыздан келеді. Қай салада болсын сырттан, шетелден мамандар шақырта бермей, жастарға да мүмкіндік берілсе екен.
– Бір мүсінді жасап беруді қаншаға бағалайсыз?
– Жұмысына байланысты. Аз, көп, қиын, оңай болуында. Мысалы, шет елде, жаңағы айтып отырған Madame Tussauds музейінде бір мүсінді 200 мың долларға дейін бағалайды. Әрине, ол жақта өнердің құнын, мүсіншінің еңбегін тани білу дәстүрі қалыптасқан. Ал бір мүсін Ресейде, басқа да ТМД елдері аумағында 20 мың долларға бағаланады. Бізде де 15-20 мың доллар көлемінде құн төлеуге болады. Дегенмен, барлығы да мүсіннің күрделілігіне байланысты. Осы күнге дейін көптеген мүсін жасап шығардым. Абылай хан бабамызды, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен генерал-полковник Сағадат Нұрмағамбетов, АҚШ-тың экс-президенті Барак Обама, сонымен қатар даңқты боксшы Геннадий Головкиннің мүсінін де әзірледім. Сонымен қатар, бірнеше батыр, «Алтын адам» статуеткаларын жасадым. Кейбірін силиконнан, ал енді кейбірін балауыздан сомдадым. Бұл дүниелерді жасауға көп уақытым мен төзімімді жұмсаймын.
– Мүсіндер жасау үшін балауыз кейде силикон қолданамын дедіңіз. Екеуінің айырмашылығы неде?
– Балауыз нәзік және өте күрделі парафинді материал. Ол жоғары температурада оңай жырылып, тез еріп кетеді. Оған күннің көзі түсуге болмайды әрі белгіленген температурада сақталу керек. Сондықтан көбіне мүсіндерге силикон пайдаланамын. Балауызға қарағанда оның артықшылығы көп. Ең бастысы, ол кез келген температураға шыдайды. Бірақ силиконнан мүсін жасау қиындау. Кішкентай қателік кетсе, бәрін басынан бастау керек. Ал балауыз бұл пластилин секілді. Егер бір жері қисайып немесе басқаша қателік кетсе, оны арнайы құралдардың көмегімен түзеуге болады. Ол -250 және +350 градусқа дейін төзімді болады. Айтпақшы, Мадам Туссо мұражайы қазір силиконды да қолданады. Егер біз балауыздан нақты фигураны жасай алсақ, ал силиконнан гиперреалистік туынды шығады.
– Алға қойған жоспарыңызбен бөліссеңіз...
– Болашақта бұл өнердің елімізде қарқынмен дамығанын қалаймын. Әрине, Астанада өзімнің музейімді ашып, команда жинап, осы өнерді оқытқым келеді. Өзім оқытқан тәжірибелі мамандардың көмегімен Мадам Тюссо мұражайы сияқты мүсін мұражайын ашуды мақсат еттім. Біздің де атақты және аты аңызға айналған тарихи тұлғалардың мүсіні қойылатын орын болуы керек. Туристерге біздің ұлы тұлғаларымыздың мүсінін көрнекі түрде көрсеткім келеді. Өйткені барлық адам оны шын өмірде көре алмауы мүмкін немесе барлығы бірдей жанды дауыстағы концертіне бара алмайды. Ал музейде мүсіні тұрса, олармен еркін суретке түсер еді. Әрине, тірі адам мен оның суретін салыстыруға болмайды. Бірақ бұл жақсы балама.
– Сұхбаттасқаныңызға рахмет.
Әңгімелескен Айгүл ӘЛІШЕРОВА
20 қараша 2020 ж. 2 108 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930