» » » ӘДІЛ АЙТҚАН ЖЕҢЕР

ӘДІЛ АЙТҚАН ЖЕҢЕР

Алмат ТАСҚАРАЕВ,
Қызылорда облыстық қылмыстық-атқару жүйесі ЗК-169/1 мекемесінің басшысы, әділет подполковнигі:

– Алмат Жұманұлы, сіз басқарып отырған мекеменің ашылғанына 20 жыл толыпты, мекеме тарихы мен бүгінгі тыныс-тіршілігі жайлы айтып берсеңіз.
– Тарихқа үңілсек, ЗК-169/1 мекесінің негізі 1810 жылы атқора есебінде қамыстан салынған үйден басталады. Сол кезеңнен бастап екінші мыңжылдыққа дейін қызметін мінсіз атқарған. Бұрынғы тергеу абақтысы заман талабына сай келмеуіне байланысты 2000 жылы бұрынғы 4 қабатты Теміржол ғимаратына өңдеу, жөндеу жұмыстары жүргізіліп,14 қазан күні пайдаланылуға берілді. Алғаш ашылғанда халықаралық стандартқа сай келетін 4 қабатты режимдік корпусы, дәрігерлік бөлім, кір жуу, ас дайындау, суға түсіру бөлмелері бар ғимаратта жұмысын бастаған. Одан кейін 2019 жылы мекеменің негізгі қоршауына күрделі құрылыс жасалды. Бүгінде 468 метрді алып жатқан дуал қорған заң мекемесінің еңсесін асқақтатып тұр. Сонымен қатар республикадағы тергеу изоляторлары арасында алғаш болып, мекеменің БӨБ ғимаратында азаматтарды қабылдауға арналған мамандандырылған үй-жай (фронт-офис) ашылды. Бұл фронт-кеңсеге жұмыс жасайтын тиісті қызметкер бекітіліп, азаматтарды қабылдау жұмыстары деңгейін жақсарту мақсатында, электронды кезек жүйесі орнатылған. Тергеу изоляторы, қауіпсіздігі аралас уақытша ұстау мекемесі. Мұнда сот үкімі заңды күшіне енгенге дейінгі айыптаушылар мен күдіктілер және шаруашылық бөліміне қалдырылған сотталғандар отырады.Толтыру лиміті – 430. Бүгінгі таңда қамауда 247 контингент бар.
– Уақытша ұстау изоляторына кімдер қамалады?
– Уақытша ұстау изоляторына кез келген заңбұзушылық жасаған адам жеткізіледі. Қылмыс жасады деген күдіктілер де бірінші кезекте уақытша ұстау изоляторына қамалады. Бірақ заң бойынша оларға қатысты қамауда ұстау туралы сот үкімі шығуы керек.
Уақытша ұстау изоляторының басқа жаза өтеу мекемелерінен ерекшелігі, жазаланған адам изолятор аумағында немесе аулада жүре алмайды. Олар камераға орналастырылады және сыртқа шығуға тыйым салынады.
– Денсаулық – зор байлық дегендей, мекеме қамауын­дағылардың денсаулығын қамтамасыз ету үшін қандай жағдай жасалған?
– Медициналық қамту жағынан айтатын болсам, мекемеде 14 төсек орындық яғни 7 палаталық медициналық санитарлық бөлім бар. Оның бір палатасы ана мен балаға арналған. Жақында жаза үкімін күтіп отырған аяғы ауыр әйел босанып, жазасын өтеу мекемесіне кеткенше, медицина бөлімі дәрігерлерінің жіті бақылауында болды. Мекеменің медицина қызметкерлері мен жеке құрам және ерікті жалдамалы қызметкерлері жас нәрестеге керекті барлық материалдық жағдайына көмек береді. Жалпы мекеменің медицина бөлімінде 12 дәрігер жұмыс жасайды. Бөлімде рентгенография және флюрография, стоматология және стрелизация кабинеттері мен клиника диагностикалық зертхана, ординаторлық таңу бөлмелері және дәріхана бар. Бұл бөлім бойынша қорытындылай келе айтатыным, мекеменің ішінде қандай да бір аурудың жұғуы және өлім оқиғасы болған жоқ.
– Жастар арасындағы қылмыс туралы айтып өтсеңіз?
– Соңғы жылдармен салыстырғанда жағдай түзелді. Бұрын төбелес, бұзақылық әрекеттер жиі болатын. Қылмыстың табиғаты тереңде жатыр. Бұл әлеуметтік, экономикалық жағдаймен байланысты. Жастар арасындағы қылмысқа әсер фактор – әлеуметтік теңсіздік. Мысалы, нақты бір аймақты алсақ, ондағы бай және кедей топтар арасында едәуір айырмашылықтың болуы қылмыстық жағдайға алып келеді. Яғни, бұл әлеуметтік араздық пен қызғаныш тудырады. Тағы бір айта кететін нәрсе, ол – интернет. Баланы жұбату үшін кішкентай кезінен ұялы телефонға әуес етіп, ойын ойнатып қоямыз. Ол виртуалдық әлемде өзін «герой» образында көреді. Шын мәнінде, ата-ана мен бала арасында жүрекжарды қарым-қатынас азайды. Баланы жақсы көру деген материалдық тұрғыда қамтамасыз ету емес. Біз баланы өзімшілдікке, агрессияға тәрбиелеп жүрміз. Баланың әрекетін ақтау, жақтау опа әкелмейді. Қазір қыз балалар арасында да қылмыс көп. Мұның өзі үлкен мәселе.
Алмат мырза, айыпталушыларға барлық жағдай жасалған. Бірақ, туыстары тарапынан сәлемдеме беріледі. Тергеу изоляторына тыйым салынған заттарды өткізбекші болғандар аз емес шығар?
– Тергеу тұтқынындағыларға тыйым салынған заттарды өткізуге тырысатындар түрлі айла-шарғы ойлап табады. Мысалы жуырда біздің мекемеде қамауда отырған азаматқа танысы алып келген сәлем-сауқатты тексеру кезінде мекеме қызметкерлері палауға жасырылған ұля телефонды тауып тәркіледі. Тізе берсе мұндай фактілер көп, ал әр фактінің ар жағында бақылаушылардың қырағы еңбегі бар
– Қазіргі таңда еліміз төтенше жағдай режимінде. Осындай қиын сәтте, мекемеңізде қандай жұмыстар атқарылуда?
– Еліміздегі эпидемиялық жағдай белең алғалы бері, коронавирустық инфекцияны жұқтырмаудың алдын алу мақсатында ЗК-169/1 мекемесі бойынша орасан зор жұмыстар атқарылды. Мекеме аумағында өткізілуге тиісті міндетті санитарлық-эпидемиялық сақтық шараларынан бөлек, ең бастысы, мекеме аумағындағы құқық бұзушылардың денсаулығына қауіп келтірмеу мақсатында жасалған онлайн жүздесулерді ерекше айтуға болады. Мекеменің кезекші ғимаратынан арнайы екі бөлме бөлініп, ноутбук қойылды. Осы ноутбуктің Skype желісі арқылы барлық отбасын көріп, сөйлесіп, үй жағдайынан хабардар болады. Бұл уақытта мекемеде кей күндері 20-25-ке дейін онлайн жүздесулер болып тұрды. Жалпы алғанда, карантин режимі кезінде түскен негізгі салмақ медицина қызметкерлерінің жауапкершілігін арттырды. Гиппократ антына берік ақ халаттылар мекеме тарапынан жасалынған қыруар сақтық шарасын абыроймен атқарып шықты. Күдіктілер мен сотталғандардан коронавирус инфекциясын жұқтыру жағдайы тіркелмеді.
– Осы күндері қоғамда әр салада кадр тапшылығы байқалады. Бұл қатарда полиция өкілдері де бар шығар? Қызмет­керлеріңіздің дене шынықтыру дайындығы қалай?
– Мекеме қызметкерлерінің штаттық саны – 165 адам, оның ішінде жеке құрам–127. Жеке құрамның жауынгерлік әзірлігін сақтап тұру мақсатында мекеменің кәсіби қызметтік және денешынықтыру даярлығы жөніндегі инспекторы арнайы жаттығу залында аптасына екі рет сабақ өткізеді. Соның нәтежиесінде шыныққан шымыр жігіттер арасында чемпиондар мен спорт шеберлері де бар. Қызметін жаңа ғасырда жаңа мекемеде бастаған ЗК-169/1 мекемесінің бүгінгі қызметкерлерінің он пайызы ғана қырықтан асқандар болса, қалған тоқсан пайыз жеке құрам қызметкерлері –жастар. Осы қазан айында мекеменің жеке құрамы, 19 жас маманмен толықтырылды. Егемендіктің елең алаңында туып, тәуелсіз елдің тәлімді тәрбиесін алып өскен мекеме жастарының бойында патриоттық рух басым.
– Жұмысыңыз­дағы ұстанымыңыз қандай?
– Полиция қызметкері болу үшін білім де, білік те, білек те керек. Сабыр, төзім және қажыр-қайрат қажет. Шапшаңдық пен жылдамдық, тез шешім қабылдап, жылдам әрекет ете білу қабілеті полицейге қажетті басты қасиеттердің қатарында. Ұстамды болуы, азаматтармен тіл табыса білуі, сыпайы болуы да аса маңызды.
Бүгінгі таңда полиция қызметкерлерінің тек мінездемесі, кәсіби біліктілігі ғана емес, сыртқы сымбаты назарға алынған. Ішкі істер департаментінде полиция қызметкерінің жағымды имиджін қалыптастыру тұрғысында тыңғылықты жұмыс атқарылуда. Полиция қызметкерінің жұмысын оңай деп ойлайтындар жаңылысады. Себебі, полиция қызмкеткерінің басты ұстанымы – өз ар-ожданының алдында таза болу, қандай қиындықтар, кедергілер болса да шыдау.
Сондай-ақ қазіргі жаһандық тұрақсыздық уақытында халықтың полицейге сенім білдіруі аса маңызды. Бір айта кетерлігі, полиция мамандары қызметтік парызын мүлтіксіз атқарғанда ғана қоғам мен мемлекеттің жаңғыруы жүзеге асады. Заңдылықтың, азаматтардың құқығы мен бостандығының сақталуын қатаң бақылауға алу қажет. Бұл – еліміздің орнықты әрі тұрақты дамуының басты факторының бірі. Сонымен қатар заманауи тұрғыда тиімді полиция қызметі мемлекет пен халықтың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға септігін тигізеді.
– Дін мен криминалды не байланыстырады?
– Жалпы діннің теріс талқылануы және әсіресе діни пиғылды ұстанушылар санының өсуі қылмыстық атқару жүйесі мекемелерінде 2007-2008 жылдан бастап сезіле бастады. Ал одан кейінгі елді шулатқан оқиғалар теологияның өзектілігін айшықтай түскендей. 2009-2012 жылдары бас бостандығынан айыру орындарында діни теріс көзқарастағы тәртіпсіздіктер жиіледі. Соның ең бір ушыққан шағы бәріміз білетін 2010 жылы Маңғыстау облысында орын алған болатын. Тергеу іс-шаралары бұл әрекетті діни теріс жолдағы сотталғандардың қылмыстық субмәдениетті ұстанушы топ пен олардың бостандықтағы сыбайластары бірге жоспарлап жасағанын анықтады. Біздің мекемеде әрбір айыпталушымен теолог мамандар жұмыс жасайды. Теолог мамандарымыз айыпталушылар арасында «теріс діннен қайт» деп үгіт-насихат жүргізбейді. Олар әрбірінің психологиялық портретін жасайтын тыңшы десе де болады. Оның берген мәліметтері бойынша жазасын өтеушімен тәрбие бөлімі айналысады.
– Сұхбатыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан: Ерхан АҚЫН
18 қараша 2020 ж. 1 929 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031