» » ВИРУС ҚАРҚЫНЫН ЕКІ ЖЫЛДА ЕҢСЕРЕМІЗ

ВИРУС ҚАРҚЫНЫН ЕКІ ЖЫЛДА ЕҢСЕРЕМІЗ

 Карантин талаптары жеңілдегелі бері халықтың пандемияға деген қорқынышы сәл де болса сейілді. Бірақ бұл қауіп жоқ деген сөз емес. Өйткені вирус вакцинасы табылған күннің өзінде халықтың ұжымдық иммунитеті қалыптасу үшін әлі екі жыл уақыт қажет. Өткен аптада Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас ғылыми қызметкері Сумья Сваминат коронавирусқа қарсы вакцинаның нәтижесі 2022 жылға дейін байқалмайтынын айтты. «Себебі барлық адам немесе кем дегенде адамзаттың 60-70%-ында иммунитет пайда болса ғана вирустың таралуы тоқтайды. Сондықтан қазір вирусты жоюды емес, оның қоғамға, адам өміріне ықпал ететін әсерін төмендетуді айтып отырмыз» дейді ғалым.
Женевада өткен брифингтің жайын айттық, енді елдегі ахуалға тоқталсақ. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың айтуынша, Қазақстанда қараша, желтоқсан айларында коронавирус қайта өршуі мүмкін. «Қазіргі уақытта болжам жасаумен айналысып жатырмыз. Ең нақты болжам екі апталық кезеңге жасалады. Күн сайын қолымыздағы көрсеткіштер ауытқып тұрады. Жобамен қазіргі уақытта бұл болжамдар маска тағатын, яғни әлеуметтік арақашықтық пен маска режимін сақтайтын адамдардың жалпы үлесіне байланысты. Дәл осыған ауруға шалдығу болжамы тікелей байланысты. Ауруға шалдығуға қатысты болжам жасау үшін қазіргі уақытта азаматтардың қарым-қатынасты қаншалықты қысқартқанын білуіміз қажет» деді министр. Бұл болжам тұрғындардың әлі де сақтық шараларын сақтап, мүмкіндігінше халық көп шоғарланатын аймаққа бармау керегін дәлелдеп тұрғаны анық.
Әлем әбігерге салған дерттің емін жан-жақтан іздеуде. Мәселен, жуырда ДДСҰ коронавирустың ауыр түрін емдеудің жаңа әдісін ойлап тапты. Бұл үшін медицинада кортикостероидтарды қолдану ұсынылған, алайда бұл терапия аурудың қарапайым түріне сәйкес келмейтіні анықталды. Ал дүние жүзінің түпкір-түпкірінде сынақтан өткізіліп жатқан вакцина нәтижесі әзірге беймәлім. Бірақ вакцина егу жұмыстары басталып кетті. Айталық, өткен аптадан бастап Нұр-Сұлтанда Ресейден әкелінген жедел респираторлы вирустық инфекциялар мен тұмауға қарсы вакцина егілуде. Мамандар препаратты ЖРВИ мен тұмау өршігенге дейін қолдануға кеңес беруде, себебі сол кезде ғана вакцина ағзада антидене қалыптастыра алады. Сондай-ақ вакцинаны алты айлық балаларға да қолдануға болады екен. Тағы бір айта кетерлік маңызды жайт, Ресей Қазақстанға коронавирусқа қарсы вакцинаның 2 миллионнан астам дозасын жеткізеді. «Спутник V» аталатын ресейлік вакцина көлемі алдағы уақытта 5 миллион дозаға дейін ұлғаюы мүмкін.
Жоғарыда вакцина табылған күннің өзінде халықтың ұжымдық иммунитеті қалыптасу керегін айттық. Иммунитетті нығайтудың басты амалы дұрыс тамақтану керегін елдің бәрі білсе де, тұрақты режиммен ауқаттанатындар аз. Осы орайда ғалымдар келесідей тағам түрлерінің вирус әсерінен қорғайтынын дәлелдеп шықты. Жақында «Известия» басылымы мамандардың тамақтану рационы мен коронавирустан өлім көрсеткіші арасында байланыс барын анықтағанын жазды. Зерттеу мәліметтеріне сүйенсек, Германия, Аустрия, Чехия, Қытай және Түркия елдерінде коронавирустан өлім көрсеткіші төмен. Себебі олар тұздалған қырыққабат пен қышқыл сүт өнімдерін көбірек тұтынады екен. «Майы аз және қышқыл сүт өнімдері көптеген диета құрамында бар. Олар несеп қышқылын шығаруға, липидтер мен көмірсулар алмасуын қалыпқа келтіруге ықпал етеді, сондай-ақ олардың құрамында кальций мен Д дәрумені бар», – дейді диетолог Наталья Пугачева. Алайда мамандар тағам өнімдері вирусқа емес, иммун жүйесін күшейтуге ғана әсер ететінін айтады.
Пандемия басталғалы ел ішінде ресми ақпаратпен қоса жалған деректердің де жарияланғаны жасырын емес. Айталық жақында әлеуметтік желі арқылы коронавирустың күздегі толқыны кезінде балалар зардап шегеді деген ақпарат тарады. Алайда Қазақстанның бас санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетова бұл қауесеттің жалған екенін айтып, елді тек шынайы әрі ресми ақпаратқа сенуге шақырды. Осы орайда мамандар пікіріне құлақ түрсек, бала ағзасы вирусты оңай жеңе алады, бірақ баланың созылмалы немесе басқада инфекциялық ауруы болса, онда індет ауыр өтуі мүмкін. Сондай-ақ коронавирус жұқтырған балаларда кездесетін мультижүйелі қабыну синдромы (MIS-C) жүректі зақымдауы ықтимал дейді ғалымдар. Joe R. and Teresa Lozano Long School of Medicine медицина мектебі педиатрия кафедрасының ассистенті, неонатолог, Сан-Антониодағы Техас университеті Медицина институтының магистрі доктор Альваро Морейроның айтуынша, мультижүйелі қабыну синдромы коронавирус симптомсыз өткеннен кейін 3-4 аптадан кейін пайда болады. «Тыныс алғанда COVID-19 белгісі байқалмаған балаларда мультижүйелі қабыну синдромы дамуы мүмкін. Бұл – қорқынышты жағдай. Балада ауру белгісі болмаған соң, бастапқыда науқас екенін білмейді. Алайда 1-2 аптадан соң ауру өрши түсуі мүмкін» дейді А.Морейро. Маман пікірінше, бұл ауру SARS-CoV-2-мен байланысты балаларда кездесетін жаңа дерт. Қауіпті ауру баланың жүрек, өкпе, асқазан-ішек жолдары, жүйке жүйесін зақымдайды екен. Сондықтан ата-ана балалардың да маска тағып, қоғамдық ортада сақтық шараларын сақтауын қадағалағаны дұрыс.
P.S. Дәл қазіргі сәт елдегі әрбір тұрғыннан өз денсаулығына барынша жауапкершілікпен қарауды талап етеді. Тек жеке бастың қамы үшін ғана емес, тұтас бір қоғам үшін сақтық шараларын қаперде ұстауға үндейді. Себебі әлем бірігіп күреспейінше, қоғамда толық иммунитет қалыптаспайынша, вирустан қашып құтыла алмасымыз анық.
Гүлдана НҰРТАЙҚЫЗЫ
30 қыркүйек 2020 ж. 570 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930