Еңбек адамының мүддесі үшін
Кәсіподақтар күніне орай «Әділеттілік пен даму – бірлікте!» тақырыбында салтанатты жиын өтті. Шараға облыс әкімінің орынбасары Наурызбай Байқадамов қатысып, кәсіподақ мүшелеріне облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың ықыласын жеткізді.
– Биыл еліміздің кәсіподақ қозғалысына 115, ал Қазақстан Кәсіподақтары федерациясының құрылғанына 30, Қызылорда облысы кәсіподақтарына 70 жыл толып отыр. Сіздерді осындай айрықша даталармен құттықтауға рұқсат етіңіздер. Жалпы, кәсіподақ – еңбек адамдарының мұң-мұқтажын, мүддесін, еңбек құқығының бұзылмауын қадағалап, оған әлеуметтік-экономикалық қолдау көрсетуші басты ұйым. Елімізде болып жатқан түрлі жетістіктерге кәсіподақ ұйымдарының қосып жатқан үлесі мол деп айта аламыз. «Еңбек адамына – лайықты өмір» деген қағидаға берік ұйым мүшелері мұны қарапайым ұран емес, әрбір азаматтың өмір сүру аксиомасы деп біледі. Мереке тағы да құтты болсын, ел игілігі үшін жасаған еңбектеріңіз жемісті болғай, – деді Наурызбай Байқадамов.
Жиында «Қызылорда облыстық кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Серік Сермағамбетов жалақының уақытылы берілмеуі, жұмыс берушімен арадағы дауды түсіністікпен шешу секілді өзекті мәселелер кәсіподақтарға жүктелген басты міндет екенін алға тартты. Ал, бұл міндеттердің үдесінен шығу мақсатында ауқымды істер қолға алынуда. Жақында өткен ҚР Кәсіподақтар федерациясының кезекті XXVI съезі бағыттың айқын, мақсаттың анық екенін көрсетті. Бұл шарада бес жылғы белес пен алға жоспарлар нақтыланып, 2021-2025 жылдарға арналған даму стратегиясы қабылданды.
– Ауқымды жиында еңбек ұжымдары мен жұмыс берушілер арасында байланыс жүйесінің тиімділігі, аттестация өткізетін кәсіби бағалаушылардың институтын құру және өтемақылық үлгіден кәсіби қауіптерді басқаруға тез арада ауысу қажеттігі аталды. Бұдан бөлек, пандемия дағдарысынан кейін экономиканы қалпына келтіру және еңбек адамының лайықты өмір сүру деңгейін қамтамасыз ету мәселелері көтерілді. Кезекті съезд алдағы жұмысқа серпін сыйлағаны сөзсіз, – деді С.Сермағамбетов.Жиында кәсіподаққа сіңірген елеулі еңбегі үшін бірқатар азамат облыс әкімінің Алғыс хатымен, ҚР Кәсіподақтар федерациясының төсбелгісімен, Құрмет грамотасымен марапатталды. Маңызды шара қала өнерпаздарының әсем әншашуымен қорытындыланды.