» » Коронавирус кезіндегі жаңа стартаптар

Коронавирус кезіндегі жаңа стартаптар

Пандемия бизнес әлеміне көптеген өзгеріс әкелді. Жағдай бұрынғыдай мәз болмаса да, бұл кезең стартап идеялардың туындауына едәуір ықпал етті. Бір қарағанда ақылға сыймайтын дүние көрінгенмен, коронавирус кезінде пайда болған бизнес идеялар әлеуметтік арақашықтықты сақтап, байланыссыз қызмет көрсетуге көмектесуде. Ендеше әлемде қалыптасқан жаңа бизнес жобалар мен тың тенденцияны бірге талқылайық.
Қазір мейрамхана қызметінің уақытша тоқтап тұрғаны белгілі. Алайда Канада кәсіпкерлері бұл жағдайдың оңтайлы амалын тапты. Айталық, Ванкувердегі Westin Bayshore қонақ үйі қонақтардың сыртта қауіпсіз тамақтануы үшін үстел мен орындықтардың үстіне мөлдір күмбездер орнатқан. Сыртқы көрінісі қаншалықты әдемі болса, қауіпсіздік те жоғары деңгейде. Мұндай мүмкіндікті канадалық кәсіпкерлер йога саласында да қолдануда. Мысалы, Торонтода орналасқан lmnts Yoga and Fitness Studio, ашық аспан астындағы йога студиясы осындай 50 күмбез орнатқан. Әр күмбез шамамен 10 квадрат жылытылған жеке кеңістікті қамтиды және мұндай қоршаудан нұсқаушының белгісін оңай байқауға болады. Әр жаттығудан кейін йога аймақтары COVID-19 вирусына қарсы дезинфекцияланады.
Пандемия кезінде үйде жұмыс істеген мамандар қашықтан қызмет етудің тиімсіздігін айтуда. Мәселен, мазасыз көрші немесе балалардың шуы адамдардың тыныш жұмыс орнын іздеуге мәжбүр еткен. Бұл мәселенің де шешімін шетелдік кәсіпкерлер табысқа айналдыруда. Мысалы, Германияның жаңа «Home Office Im Hotel» веб-сайты қашықтан жұмыс істейтін түрлі сала мамандарына келесідей ақылы көмек көрсетеді. Онлайн карта тұтынушыға өз бөлмелерін жұмыс аймағы ретінде ұсынатын Германиядағы қонақ үйлерді анықтап береді. Бұл оқшауланған жұмыс орындарында жылдам Wi-Fi, жұмыс үстелдері қамтамасыз етілген. Қарапайым бастама жұмысшыларға мүмкіндік беріп қана қоймай, пандемия кезінде қонақ үй бизнесін дамытуға үлес қосуда.
Бүгінде карантин сөзін естісек, есімізге алдымен қорғаныш маскасы түсетіні анық. Мамандар да биылғы бизнес идеяның көп бөлігі маскаларға арналғанын айтады. Қазір өндірушілер есте қаларлық дизайнмен қатар масканың негізгі функциясын үйлестіруге жұмыс жасауда. Мысалы, Les Benjamins компаниясының маскалары беттен тайып кетпейтіндігімен ыңғайлы, сол үшін бұл маска жоғары сұранысқа ие. Ал Торонтода орналасқан Olive + Splash орталығының негізін қалаушы Мелани Вонг маска дүкенінің қоймасын қайта жаңартқан. Ондағы қолтаңбалы маскалар бамбук мақтадан жасалған, сондықтан гипоаллергенді, бактерияға қарсы және ультрафиолетке төзімді болып келеді екен.
Бизнес әлемде бәсекеге сай болу үшін жаңа идея қажет екенін айттық. Сол үшін шетелдік өндірушілер матаны қажет етпейтін маска жасауды қолға алған. Сөзімізге итальяндық Margstudio студиясы ұсынған мөлдір пластиктен жасалған Soffio маскалары дәлел. Тіпті бетперде адамның тамақтануына ыңғайлы болу үшін бет бөлігінен алыс тағылады екен.
Қазір бетперденің бүкіл әлем үшін маңызы артқаны сонша, маска жасайтын арнайы сайттар да жұмысын бастаған. Осы ретте жеке қорғаныс құралдары арқылы сауда саласының табысы еселеп артқаны сөзсіз.
Пандемия уақытында кенжелеп қалған саланың бірі кинотеатр екені белгілі. Бүгінде тұрғындар кинотеатрға барып, фильм тамашалағысы келсе де, үйде отыруға мәжбүр. Алайда бизнесмендер бұл мәселені де табысқа айналдыруға тырысуда. Мәселен, қазір әлемде су үстіндегі кинотеатрға сұраныс жоғары. Кинотеатрдың бұл түрі жаңа идея емес, алайда коронавирус уақытында су экзотикалық элемент ретінде емес, әлеуметтік дистанция құралы қызметін атқаруда. Айталық, Париждегі Ла Вилетт саябағында Сена өзені кинотеатрға айналған. «Cinéma Sur L'eau» («Судағы кино») атты бірегей кинотеатр тұрғындардың қауіпсіз фильм көруіне жағдай жасайды.
Кинотеатр үшін бизнес жүргізудің тағы бір түрі ‒ ірі сауда орталығының тұрағында ұйымдастырылған автомобиль кинотеатрлары. Кәдімгі кинотеатрдан айырмашылығы, мұнда әлеуметтік арақашықтық ережесін сақтау оңай, өйткені фильм жеке көліктен қаралады.
Гүлдана НҰРТАЙҚЫЗЫ
15 қазан 2020 ж. 382 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031