ӨЗЕНДЕРДІ ТЕҢ ПАЙДАЛАНАДЫ
Ертіс, Есіл, Тобыл, Жайық, Қараөзен және Сарыөзен, Қиғаш ‒ Қазақстан мен Ресей мемлекетіне ортақ трансшекаралық өзендер. Екі ел су қатынастары бойынша 2010 жылғы 7 қыркүйектегі трансшекаралық су объектілерін бірлесіп пайдалану және қорғау туралы келісімге келген. Енді алдағы уақытта да қос мемлекет траншекаралық өзендерді бірлесе пайдаланады. Бұл жөнінде Новосибирск қаласында өткен трансшекаралық су объектілерін бірлесіп пайдалану және қорғау жөніндегі Қазақстан-Ресей Бірлескен комиссиясының отырысында айтылды.
Тараптардың тең төрағалары Қазақстан Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ерлан Нысанбаев пен Ресей Федерациясы Су ресурстары агенттігі басшысының орынбасары Вадим Никаноров қатысқан кездесуде Жайық, Ертіс және басқа ірі өзендер бассейндеріндегі зерттеулер жүргізуге ынтымақтастықты арттыру үшін бірыңғай жол картасы бекітілді. Сондай-ақ жиында тұрғындарды және экономика салаларын сумен қамту, ластанудың алдын алу, трансшекаралық өзендер суының таусылуы сынды мәселелер талқыланды.
Бүгінде жоғарыда аталған келісімге сәйкес трансшекаралық су объектілерін бірлесіп пайдалану және қорғау жөніндегі Қазақстан-Ресей Бірлескен комиссиясы және Ертіс, Есіл, Тобыл, Жайық, Қараөзен және Сарыөзен, Қиғаш өзендерінің бассейні бойынша 6 жұмыс тобы жұмыс істейді.