БЕС ЖҰЛДЫЗДЫ ПЕРЗЕНТХАНАЛАР ПАЙДА БОЛДЫ
Голливуд жұлдыздары өз перзенттерінің Лос-Анджелестегі №6 Cedars-Sinai Medical Center-де дүниеге келуін қалайды. Мұнда жас босанған анаға кең сарайдай апартаменттер, мейрамхана мәзірі, жеке күтуші ұсынылады. Ақпарат агенттіктері ондағы дәрігерлердің күлімсіреумен шектелмей, ән шырқап, би билеп, бала туу процесін мейрамға айналдыратынын тамсана жазады.
Дәл осы деңгейге жетпегенімен, Қазақстанда да «бес жұлдызды» перзентханалар пайда болды.
Денсаулық сақтау министрлігінің Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығы Қазақстандағы медициналық ұйымдардың рейтингін жариялады. Бұл рейтингті түзу үшін ДСДРО ішкі және сыртқы аудит нәтижелеріне ғана емес, сондай-ақ 2017 жыл бойы жиналған пациенттердің пікірлеріне де сүйенген көрінеді. Бір атап өтер жайт, бағалауға республикалық, облыстық және қалалық деңгейлердегі тек мемлекеттік емханалар мен ауруханалар ғана емес, сонымен қатар кепілдендірілген тегін медициналық көмек көрсететін жекеменшік клиникалар да іліккен.
Негізі, отандық медициналық ұйымдар мен ғылыми орталықтардың жыл сайынғы рейтингін жасау «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасында қарастырылған екен. Ол денсаулық сақтау саласындағы қазақстандық ұйымдар қызметінің ашықтығын және бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған.
Рейтингті есептеуге керек индикаторлар ретінде «медициналық қызметтердің сапасын және ресурстарды пайдаланудың тиімділігін» паш ететін 50 шақты ең маңызды көрсеткіш іріктеліп алынды.
Денсаулық сақтауды дамыту орталығы 2017 жылдың қорытындысына арналған бұл рейтингтің көрсеткіштерін есептеуге биылғы маусым айында ғана кірісіпті, себебі, әдістеме қайта қаралған көрінеді. Жаңа әдістеме, орталықтың сендіруінше, енді пациентке бағытталған көрсеткіштерге анағұрлым сезімтал қарайды. Бұрын онда қасаң статистикаға деген «сүйіспеншілік» басым болатын. Бұл жолы ана мен сәбилердің өлім-жітімі, «ревизорлардың» есептерінің ғана емес, айы-күні жетіп, босанған әйелдердің перзентханаға қатысты ашық әрі эмоционалды пікірлерінің де ескерілуі соның дәлелі болса керек.
– Рейтинг әдістемесінің жаңа редакциясында ұйымның бейін-профиліне байланысты бірқатар жаңа индикаторлар қосылды: бұлардың қатарында медициналық ақпараттық жүйені қолдануы, дәрігердің 1 ставкадағы орташа айлық жалақысы мен сол өңірдегі орташа айлық жалақының арақатысы, байқаушылар кеңесінің болуы, медициналық персоналдың өз еңбек жағдайларына қанағаттанушылық деңгейі, халықаралық және ұлттық аккредиттеудің болуы (ҒЗИ, ҒО үшін), eGov платформасы арқылы дәрігердің қабылдауына электронды түрде жазылу мүмкіндігінің ұсынылуы және басқалар бар, – деп түсіндірді Денсаулық сақтауды дамыту орталығы.
Бұдан өзге, рейтингтің бұрынғы «балдық жүйесі» 1-ден 5-ке дейін жұлдыздар беруге ауыстырылды. Бұл жұлдыздар екі бағыт, яғни клиникалық қызмет және менеджмент деңгейі, ал ғылыми ұйымдар үшін қосымша «ғылыми қызмет» бағыты бойынша тағайындалады.
Шындығында, рейтинг нәтижелері көңіл көншітпейді. Өйткені «менеджмент көрсеткіштері» бойынша бүкіл Қазақстанда «бес жұлдыз» деңгейіне жауап беретіндері саусақпен санарлық болып шықты.
Нақтырақ айтсақ, бағаланған 17 ғылыми-зерттеу институты мен ұлттық орталықтардың небары 3-еуі, ал медициналық-санитарлық алғашқы көмек көрсететін 168 медициналық ұйымның тек 5-еуі ғана менеджмент жөнінен ең жоғары бағаға сай болып, «бес жұлдыз» алды.
Енді қараңыз, басқарудың озық жолға қойылуы жөнінен республикадағы ересектерге арналған 170 қалалық стационардың, ересектердің 32 облыстық стационарының, балаларға арналған 13 облыстық стационардың және балалардың 15 қалалық стационарының, сондай-ақ 25 қалалық және 17 облыстық маңыздағы перзентханалар мен перинаталды орталықтардың бірде-бірі ең жоғарғы рейтинг ала алған жоқ.
Дегенмен бір жақсысы, «клиникалық көрсеткіштер» бойынша жүргізілген бағалау нәтижелері жалп етіп сөнген үміт шырағданын қайта жаққандай. Рейтинг қорытындысы бойынша бұл бағытта 97 қалалық ересектер стационары, 9 облыстық ересектер стационары, 3 облыстық балалар стационары, 2 ҒЗИ мен ҰО бұдан былай «бес жұлдызды» атанғандарын мақтана хабарлай алады.
Медициналық-санитарлық алғашқы көмек көрсететін 168 ұйымның ішінде бар-жоғы 8-і ғана ең жоғары нәтижеге қол жеткізді.
Кейінгі кездері бірқатар перзентхананың өмір сыйлау орнына, өлім-жітімге соқтыру орнына айналып кеткені қоғамда алаңдаушылық тудыруда. Әйткенмен, Денсаулық сақтауды дамыту орталығы бұл мекемелер арасында да үлгілілері, үздіктері барлығын анықтаған.
– Қалалық маңызы бар 25 перзентхана мен перинаталды орталықтардың ішінде клиникалық көрсеткіштер бойынша 6 ұйымға «бес жұлдыз» берілді, бұлар – Жамбыл облысы әкімдігінің Денсаулық сақтау басқармасының Қалалық перинаталдық орталығы, Маңғыстау облысының Денсаулық сақтау басқармасының Жаңаөзен қалалық перзентханасы, Алматы қаласының Денсаулық сақтау басқармасының Қалалық перинаталдық орталығы, Өңірлік акушерлік-гинекологиялық орталық ЖШС, Қостанай облысының Денсаулық сақтау басқармасының Арқалық перзентханасы, Денсаулық сақтау министрлігінің «Акушерия, гинекология және перинатология ғылыми орталығы», – деп тізбеледі орталық мамандары.
Мұның сыртында «клиникалық қызметі» бойынша 17 облыстық перинаталды орталықтың 6-уы бес жұлдызға ие болды. Қазақстандықтар баланы туу қай жерде жайлы әрі қауіпсіз болатынын біліп, жоспарлай алуы үшін бұлардың да тізімін жариялай кеткеніміз жөн: Ақмола облысы Денсаулық сақтау басқармасы жанындағы Перинаталдық орталық, Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің Денсаулық сақтау басқармасының Облыстық перинаталдық орталығы, Ақтөбе облысының Денсаулық сақтау басқармасының Облыстық перинаталдық орталығы, Қостанай облысының Денсаулық сақтау басқармасының Қостанай перинаталдық орталығы, Атырау облысының Денсаулық сақтау басқармасының Облыстық перинаталдық орталығы, Қызылорда облысының Денсаулық сақтау басқармасының Облыстық перинаталдық орталығы барлық сынақты «беске» тапсырып, бар жұлдызды жиды.
Денсаулық сақтау министрлігі бұдан былай кез келген адам осы рейтингке ықпал ете алатынын еске салады. Қазіргі уақытта Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры «Халықтық бақылау» мобильдік қосымшасын қолданысқа берген, онда әрбір пациенттің кепілдендірілген тегін көмек шеңберінде көрсетілген қызмет үшін медициналық ұйымға өз бағасын қоюға мүмкіндігі бар. Нәтижесінде, ДСДРО-ның жыл сайынғы рейтингіне қоса, осы «Халықтық бақылау» мобильдік қосымшасы арқылы да мемлекет жыл бойы пациенттермен кері байланыс жасаудың жылдам әдісін іске қосып отыр.
Айхан ШӘРІП