Аймағымызда 43 млрд.теңге болатын 680 жоба қаржыландырылған
Елбасы Жолдауында «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасын тағы 5 жылға ұзырту тапсырылғаны белгілі. Жыл сайын оны жүзеге асыру үшін 30 млрд теңге бөлінеді. 2010 жылы басталған айтулы мемлекеттік бағдарлама аясында Сыр өңірінің кәсіпкерлігі де алға басты. Осы уақыт аралығында аймақта құны 43 миллиард теңге болатын 680 жоба қаржыландырылды.
Кезінде жеңіл пайызды несиеден басталған кәсіп бүгінде ірі агрокешенге айналды. Тәулігіне 80 тонна құрама жем шығаратын зауыт құны 190 млн тенгеге шамаласқан. Қағаздағы жобаның іс жүзінде жүзеге асуына «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының көмегі тиді. 14 проценттік несие үстемақысының тең жартысын мемлекет субсидиялады дейді агрокешен өкілдері.
Мұрат Әйменов, агрокешен директоры:
– 190 млн теңге несие алған болатынбыз. Оның 95 млн теңгесі субсидияланды. Құрама жем зауытымыз іске қосылды, оған 20 адам жұмыспен қамтылып отыр. Одан бөлек күріш ақтау зауытымыз іске қосылды. Тәулігіне 150 тонна күріш ақтап шығарамыз. 2019 жылы макарон цехын іске қоссақ па деп отырмыз. Күріштен ұн шығарып, ұннан өзіміздің макарон цехымызды ашқымыз кеп отыр.
Бағдарлама басталған 8 жылдың ішінде Қызылорда облысына 15 миллиард теңге қаржы бөлінсе, оның 5 жарым миллиарды осындай жобаларға жол ашуға бағытталған. Тек биылдың өзінде «Бизнестің жол картасы» аясында 108 жоба қолдау тауып, 800 жұмыс орны ашылып отыр. Мамандардың ендігі жоспары – ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу кәсіпорындарын құруға басымдық берілмек.
Бақытжан Намаев, облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы:– Бүгінде облыс көлемінде 52 мың шағын, орта бизнес субъектілері бар. Яғни өткен жылмен салыстырғанда 13 процентке көбейді. Ендігі мақсат – аудан орталықтарында зәкірлік кооперативтер құруға басымдық бермекпіз. Осылайша шағын, орта бизнесті дамытып, жұмыссыздықпен күрес жалғасады.
Айта кетейік, биыл Қызылорда облысында «Жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 3 жылдығы» жарияланған болатын. Бұл мақсатқа түрлі қаржы көздері арқылы 32 миллиард теңге бөлінді. Осылайша кәсіп бастауға құлықты қызылордалықтарды қолдау аясы кеңейіп отыр.