Халық көңілінен шыққан "Шах такси"
Қазіргі таңда бір жерге бару үшін көп ойланып әуре болмайсыз. "Қалай жетемін, немен барамын" деген күдік ендігі жерде сейілді. Оған себеп соңғы шыққан "Indriver" құрылғысы. Бүгінде аталмыш бағдарламаны пайдаланбайтын адам аз. Барлығымыз смартфон арқылы кез келген бағытта тапсырыс беріп, бір ғана пернетақта арқылы жүйені басқара аламыз.
Иә, бұл құрылғы шалғай елді-мекендерде де іске асуда. Тиімділігін халық, пайдасын такси жүргізушілері көруде. Күннің аптап ыстығы мен қыстың қақаған ызғарында көшеде тұрып, такси күтпейсіз. Автобустың уақытында телміріп күтіп отырмайсыз. Бар-жоғы аталмыш құрылғы арқылы баратын жеріңіздің мекен-жайы мен ақшасын енгізсеңіз болғаны. Бұл құрылғыны пайдаланып, жұмысын жандандырып жүргендер көп. Солардың бірі – аралдық жас кәсіпкер Ерлан Кемалов. Ол былтыр Арал қаласында "Шах-Такси" таксопаркын ашты. Бұл жерден Қазақстанның түкпір-түкпіріне 10 көлік жүреді. Орталықтың қожайыны "Болашақ" колледжінің түлегі. Мамандығы – экономист, бухгалтер. Жоғарыда аталған 10 көлік ауысыммен 24 сағат жұмыс істейді. Сондай-ақ 22 жүргізуші, 1 механик, 1 медицина қызметкері, 4 диспечер мен 1 админстратор халыққа сапалы қызмет көрсетеді.
– Кәсіп ашуды көптен армандап жүргенмін. Ойлана келе таксопарк ашуды жоспарладым. Ол үшін мемлекет тарапынан ешқандай қаржы алмадым. Барлығы өз қаражатыммен жүзеге асты. Біздің басты талап көлік қызметін тұтынушылардың көңілінен шығқса дейміз. Егер қандай да бір ескертпелер келіп түссе, келесі жолы қайталамауға тырысамыз. Біз тек Аралға ғана емес, тапсырыс арқылы өзге де қалаларға барамыз. Мұндағы мақсат жан-жақты қамтып, халыққа мүмкіндігінше қолжетімді қылу. Кәсіпкер егер бір істі бастап, әрі қарай алып кете алмаса, құлдыраудың астында қалады ғой. Біз бұл оқиғаның алдын алу үшін тұтынушының кез келген талабын мінсіз орындауға білек сыбана кірістік, – дейді Ерлан Жақсыбайұлы.
Ерлан қайырымдылықты да ұмытқан емес. Ол көпбалалы аналар мен тұрмысы төмен отбасыларға жеңілдік қарастырған. Бұл да бір азаматтың елге қосқан үлесі деп түсіндік.
Қазіргі таңда кәсіп түрлері көп. Бірі ауылшаруашылығы, енді бірі дүкен ашып, өз нәпақасын табуда. Ал біздің кейіпкеріміз таксопарк арқылы 29 адамды жұмыспен қамтыды. Ол болашақта қызмет сапасын арттырып, қызмет түрлерін көбейткісі келеді.
– Таксопарк қызметін тұрақты тұтынып тұрамын, себебі, 24 сағат қызмет етеді. Қай кезде болса да қалаған жерімізге жеткізіп салады. Бұрынғыдай автобус күтіп, билет алып әуре-сарсанға түспейміз. Жүргізушілері де сыпайы, ілтипат көрсетіп тұрады. Біздің ауданда екі таксопарк бар. Екеуін бөліп жарудың қажеті жоқ. Барлығы да Арал қаласының тұрғындарының көңілінен шығады деген сенімдемін, – дейді такси тұтынушысы Гүлмира Торғайова.
Қазіргі уақытта қаладағы ең жүрдек те жылдам көлік түрі – такси. Себебі автобус бен поезд қызметі көп пайдаланылмайды. Тіпті Нұр-Сұлтан қаласына барсаңыз да бір күнде жеткізетін такси түрлері бар. Болашақта біздің кейіпкер де кәсібін кеңейтіп, барлық қалаларды қамтымақ.
Мөлдір САБЫРЖАН