Илья Ильин өз таңдауын жасады
Ауыр атлетикадан әлемнің төрт дүркін чемпионы Илья Ильин өз таңдауын жасады. Партия белсендісі мұны азаматтық парызым деп санайды.
-Праймериз батыс елдерінің тәжірибесінен біздің елімізде бірінші рет қолға алынып отыр. Бұл бастама Елбасының тапсырмасына сәйкес болашаққа нық қадам басқан – «Nur Otan» партиясының жұмысын жаңғырту аясында жүзеге асуда. Мақсаты да айқын, мықты лидерлерді анықтау. Әрине кандидаттың сайлауалды бағдарламалары партия платформасына, Президент Жолдауына және аумақтық партия сайлауалды бағдарламасына негізделген. Міне бүгін сол мықтыларды анықтаудың шешуші кезеңіне жетіп, өз таңдауымды жасадым. Бұл – дода. Дода болған соң жеңіс пен жеңіліс қатар жүреді. Ең бастысы азаматтық ұстанымды сақтап қалу керек. Барлық қатысушыларға сәттілік тілеймін, – дейді Илья Ильин.
Партияның ғана емес, бүкіл еліміздің мақтанышына айналған Илья өз дауысын онлайн түрде берді. Ол праймериз ақпараттық жүйесінің ерекшелігін еліміздегі цифрлық технологияның даму нәтижесі екенін де атап өтті.
-Праймериз үміткерлеріне дауыс беру үшін бірнеше мүмкіндіктер қарастырылған. Мобильді қосымша, веб портал, учаскеге барып онлайн немесе офлайн дауыс беру деген секілді. Мен primaries.kz порталы арқылы онлайн дауыс бердім. Бұл Елбасы айтып жүрген цифрлы Қазақстан бағдарламасының жемісі деп білемін, – дейді ол.
Атап өту керек, Қызылорда облысы бойынша 485 үміткер бақ сынауда. Облыстың қалалары мен аудандарында дауыс беруге арналған 133 орын анықталды. Олардың 103-де дауыс беру онлайн форматта, 30-да қағаз бюллетеньдер арқылы өтеді. Дауыс берудің алғашқы күнінде сырбойылық нұротандықтардың 8 мыңнан астамы өз таңдауларын онлайн жасап үлгерді.