» » Қатыгез әке...

Қатыгез әке...

  "Е, Алла, біздің отбасы ең бақытты отбасылардың бірі болса екен. Әкем анамды ешқашан ұрмасыншы. Біздің үйге көп береке келсін. Ата-әже келіп, барлығымыз бір үйде тұрсақ екен. Өзіміздің үйіміз болса, анам айлық алса, әкем тез жұмысқа орналасса екен. Мен бесінші сыныпқа өтсем, әпкем тесттен 100 бал алып, мектепті жақсы бітірсінші. Әлемдегі ең бақытты отбасы болайық. Анамның құрсағындағы сәби дені сау болып дүниеге келсе екен. Е, Алла саған көп-көп рақмет". Бұл Аққали есімді баланың хаты. Әлеуметтік желіде үлкен талқыға түскен хатта баланың барлық арманы жазылған. "Әкем анамды ешқашан ұрмаса екен" дейді ол сөз басында. Баланың көзінше анасын ұрғанды көріп өскен қаншама отбасы бар. Әйелімен бірге туған баласын да аяусыз сабайтындар да жетерлік. Соның бірі Қазығұртта орын алған оқиға. Әкесінің балаларын аяусыз ұрғанын анасы видеоға түсірген. Қанша рет күйеуінің үстінен арыз жазған. Қорыққаннан арызды қайтып алған. Ұрып-соғуға, балаларының көз алдында қиналуына шыдамаған ана журналист Гүлмира Әбіқайға видео хабарламаны жолдайды. Оны әлеуметтік желідегі хаттарды саралау барысында тиісті орындар анықтайды. Сөйтіп әлеуметтік желіде тарап кетеді. "Менің бұл ісімді енем көрсе ренжитін шығар, бірақ басқа амалым қалмады. Осылай ішіп келіп, бәрімізді ұрады. Не істесем болады? Шаршап кеттім. Балаларым үшін әрең шыдап жүрмін, басқа амалым жоқ" дейді ол хабарламасында.
– Ол маған таңғы 7-00 де жазыпты. Балалары үшін шырқырап көмек сұрапты. Бүгін жексенбі болғандықтан мен уатсапты кешкі 7-де аштым. Бағына орай басқа әріптестерім жанайқайына құлақ асып, оқиғаны Түркістан полициясы бақылауға алды, – дейді журналист өзінің жазбасында.
Бүгінде зорлық-зомбылықтың құрбаны болып отырған қанша адам бар. Келіншегіне қол көтеретін айуандар өз баласына да аяушылық танытпайтын болды. Осыдан келіп қорқақ, ынжық ұрпақ тәрбиеленіп келеді. Бұрын-соңды қазақта әйеліне қол көтерген. Ол сабасына түсіріп, еркіне жібермеу мақсатында жасалған. Бірақ жазықсыз қол көтеріп, тепкінің астына алмаған. Қазір қарасаңыз, шаштан сүйреп, іштен теуіп жатқандар көп. "Ерлі-зайыптының арасына есі түскен ғана түседі" немесе "ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды" деген түсінік қалыптасқан. Әйеліне қол көтеріп дағдыланған еркек баласын да аяп жатқан жоқ. Бұл, бір жағынан, ішімдіктің, есіртікінің кесірі болса, екінші жағынан, жоқтықтан, жұмыссыздықтың әсерінен екені де жасырмаған жөн.
"Мені осылай тәрбиелеген. Мен де өз балаларымды ұрып тәрбиелеймін. Шаруаларың болмасын". Бұл бала ұрғыш "батыр" әкенің жауабы. Өкініп те, кешірім сұрап та тұрған жоқ. Мастығы тарқаған соң "мен не істедім өзі" деп өкінген сыңай танытады ма деген үміттің күл паршасы шықты.
– Кез келген құқық бұзған адам заң алдында жауап беруге тиіс. Бұндай әлімжеттік көрсету фактілері аяқсыз қалмайды. Заң бәріне ортақ. Тұрмыстық жанжал саласына қатысты құқық бұзушылық және қылмыс біржақты болмайды, оның екінші жағы болатынына назар аударғым келеді. Түркістан облысындағы жағдайға келсек, балалардың анасы бұған дейін де күйеуінің үстінен бірнеше рет шағым түсірген, бірақ арыз жазбаған. Ол оның заңды әйелі, күйеуінен ажырасуға өтініш бермеген. Бұл жерде полицейлердің жұмысын айқындайтын өзіндік заңнамалық тұстар бар. Яғни, біз шағымсыз ол әйелдің жолдасын 3 сағаттан артық қамауда ұстай алмаймыз. Сондай-ақ себепсіз әкімшілік жауапкершілікке де тарта алмаймыз, – дейді ҚР Ішкі істер министі Ерлан Тұрғымбаев.
4 қазан күні орын алған оқиға полицейлер жүргізген мониторинг барысында анықталған. Ер адамның кәмелетке толмаған баланы ұрып-соғып жатқан бейнежазба сотқа дейінгі тергеу тізіліміне ҚР ҚК 110-бабы 2-бөлігі "Азаптау" бойынша тіркелген.
"Әке-шешем солай мені тәрбиелеген. Мен ұлдарымды ұрып, таяқпен тәрбиелеймін. Қалай тәрбиелеймін, өзім білемін. Ешкімнің шатағы болмасын", – депті бала-шағасын жұдырықтаған әке. Таңертең үш баланың анасы Махаббатпен сөйлестім. Кеше түнгі 12-ге дейін тергеушілер балалар мен әйелден жауап жазып алыпты. Келіншек айғақ ретінде телефонын да полиция бөлімшесінде қалдырыпты. Ал өзінің ұлдарын аяусыз ұрғанын дұрыс деп есептейтін әке балалары мен жұбайынан кеше кешірім де сұрамағанын естіп, жағамды ұстадым. Келіншекке видеоға неге түсірдің деп күңкілдегіштер, ақыл айтқыштар зіркілдемесін. 4 жыл бойы сол еркектің арақ ішіп, үйінде соғыс ашып, бала-шағасы, әйелін қорлап жатқанын маңындағы ағайын, көршілер қалай білмеген? Яғни ол еркек ешкім естімейтін әдіс пайдаланған. Анау зілдей жұдырықпен ұрғанда екі баланың біреуі де жылаған жоқ. Видеоны қарап, соған таң қалдым. Себебі олар жыласа, одан да зор таяқтың көкесін жейтінін біледі. Балаларға үрей, қорқынышпен өмір сүру оңай емес. Анасы бұған дейін де ағайын-жұртына шағымданған. Өкінішке қарай, басы ауырмаған, балтыры сыздамаған, ол еркектің таяғын жемегендер бұл азаптың қаншалықты азап, тозақ екенін білмейді. Тас түскен жеріне ауыр. "Ұят болады, шыда, балалар әкесіз қалады" деп ақыл айтқыштарды сол еркекке бір сабатып алу керек. Басқа айтуға сөз таппай отырмын. Сол татуластырғыштар зорлық-зомбылықтың салдарын, себебін неге ойламайды? "Анасы видеоға неге түсірді, неге араша түспеді" деп ақыл айтқыштарға айтарым, ерінен таяқ жеп, кіші ұлының аузы қанап, жылаған баласын жұбату үшін емізіп отырып, өзі қорқып, жүрегі қан жылаған шеше кешегі кадрларды жасырын түсіруге мәжбүр болғанын айтады. Сондықтан кез келген анаға перзентінің азаптағанын көру оңай емес. Солай өмір сүру тозақтың отынан азап. Қазығұрт аудандық әкімдігі арнайы топ құрып, балаларға психологиялық көмек көрсетпек. Енді құрметті ұстаздар, "бізге балалар айтпады, олар көңілді жүрген" деп, шәкірттеріңізді мына азаптан құтқарудың орнына әрекеттеріңіз "ұрғыш әкені" ақтап шығу ма, түсінбедім. Олардан сіздер әкең қандай адам деп сұрап көрдіңіздер ме? – дейді "Дау дамайсыздың" жүргізушісі, журналист Жазира Бегалы.
Бүгінде "әкең қандай адам" деген сұраққа тосылып қалып жауап беретіндер бар. Өйткені қорқып тұрып шындықты айта алмайды, мәжбүрлікпен өтірік жасыруға тура келеді. Жаман болса да мақтай салуға еті үйреніп кеткен. Қандай болса да, әкенің аты – әке. Жаман болсын, жақсы болсын. Бірақ шыдамның да шегі бар. Соңғы кезде әлеуметтік желіде балаларды ұрып-соғып жатқандарды көп еститін болдық. Ал мына видеоны көруге жүрек дауаламайды. Қарап тұрып, аяйсыз. Сосын өмірдің қатігез екеніне тағы бір көзің жетеді. Әйтпесе туған баласын қорғаштайтын әке қол жұмсауға қалай жетті? Бұған не итермеледі?
Мөлдір САБЫРЖАН
09 қазан 2020 ж. 636 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031