Жұрттың бәрі Нұрбол мен Айжан емес
Жақында балалар ауруханасына бас сұқтым. Мақсатым – балалар хирургімен сұқбаттасу. Әңгімелесу барысында дәрігер маған бір ұсыныс тастады. Оны газетке жариялап беруімді өтінді. Алдымен мән-жайды сұрадым.
Әріптестері облыстық медициналық орталықтың Кардиология орталығының эндоваскулярлық бөлімшесінің І санаттағы интервенционды кардиолог дәрігері – Нұрбол Базарбаев, жұбайы – облыстық балалар ауруханасында ультра дыбыстық зерттеу дәрігері – АйжанБазарбаева еңбек демалысында Бәйгеқұмдемалыс орнындағы "Қанқожа" көліне барады. Отбасылық демалыс ойдағыдай өтеді. Сол күні суға батып бара жатқан жігітке араша түсіп, құтқарып алады. Алғашқы медициналық көмек көрсетеді. Шиелі күре-жолдық медициналық құтқару бекетіне жеткізіп, сорғыш арқылы ауыз қуысы мен мұрнындағы, яғни тыныс алу жолдарындағы су, қан, сілекей, қоқырсықтан тазартады. Одан соң реанимобильмен Шиелі ауданындағы ауруханаға жеткізеді. Реанимобильде кислород пен пульсоксиметрді қосып, аудандық ауруханаға жеткенше науқастың жағдайын бақылауға алады. Жол бойы тыныс алу жолдарын тазартады. Осылайша бір адамды өмірге қайта әкеледі. Осы әңгімеге риза болғанымыз сонша дәрігер Нұрболды дереу тауып, мән-жайды сұрадық.
– Жігіттің тері жамылғылары көкшіл түсті, тыныс алуы жоқ болатын. Жүрек соғысы да байқалмады. Ауыз қуысы мен мұрнын, яғни тыныс алу жолдарын су, қан, сілекей, қоқырсықтан тазарттық. Шұғыл реанимациялық шараларды бастадық, жасанды өкпе-жүрек реанимациясын жасадық. Өкпемен тыныс алуы, жүрек соғуы қалпына келді. Бірнеше күн Қуаныштың жағдайын сұрап хабарласып тұрдық. Жұбайым екеуміз жұмыстамыз ба, демалыстамыз ба оған мән беріп те қарамадық. Біздегі басты мақсат – адам жанын арашалап қалу болатын, – деді Нұрбол Базарбаева.
Дәрігерлер демалыста болса да қызметін абыроймен атқарды. Еңбегі мақтанарлық, мақтан тұтарлық. Мұндай тәуекелге екінің бірі бара бермейді. Себебі алысқа көз жүгіртпей-ақ қояйық. Алдымен өз жағдайымызды жасауға, өзіміз тойып ас ішуге, жұрт қатарлы киінуге асығамыз. Өкініштісі, жұрттың бәрі Нұрбол мен Айжан емес...
Мейірім, махаббат, сыйластық, тәрбие жетіспейді. Себебі біз баланы өзімшіл болуға тәрбиелейміз. Қарапайым ғана мысал. Балаңыз аулада ойнап жүріп, таяқ жейді. Балаңыз үйге жылап келеді. Сіз "сені ұрса, өзің ұр, маған неге жылап келесің" дейсіз. Міне, біздің балаға берер тәрбиеміз. Біреу-біреуді ұрып жатса, арашаламаймыз. Өзімізге тиісер деп жанымызды алып қашамыз. Адам көшеде құлап жатса, ол мас қой деп кете береміз. Мүмкін жүрегі ұстап, талып жатқан шығар.
Осы әңгімені мына бір оқиғамен қорытындылағым келеді. Шешен баласы суға батып бара жатқан екі қызды көреді. Оның бірі әпкесі, екіншісі әпкесінің құрбысы екен. Сонда бала әпкесін емес, оның құрбысын судан құтқарып қалған. Әпкесінің қазасы үстінде бала өз анасынан мынаны естіген "егер сен құрбысын емес, әпкеңді құтқарғанда, бәріміз қарабет болар едік" депті анасы. Тәрбие қайда жатыр...
М.КЕНЖЕҒҰЛОВА