» » КЕСЕК ҚҰЮ КӘСІБІ

КЕСЕК ҚҰЮ КӘСІБІ

БІР АУЫЛДЫҢ БИЗНЕСІ
Журналист жолға жиі шығады. Жұмысы солай. Тапсырма тиген бойда шаруаға шұғыл жиналады. Менің мақсатым да осы. Журналистік зерттеу болған соң назардағы нысанға бірді-екілі бару-келу аздық етеді. Мәселенің маңызы сол, істің ақ-қарасына терең үңіліп, кейіпкер кейпіне сүңгіген сайын көкте қалықтаған көңілдің сарайы сыпырадай айқара ашылады. Сондықтан қол қалт еткенде ауыл өмірін көзбен көріп, санамен сезінуге асығып тұрамын. Ауыл адамымен сұхбаттасып, тынысын тануға тырысып, тынымсыз тіршілігіне етене енуге қамданғаным әзірге қаперсіз емес. Бүгін тағы жолдамын. Ойдағым орындалса бұл жолғы зерттеу жаман шықпауы тиіс. Нар тәуекел!
 Сырдария ауданына қарағанмен аудан орталығынан шеттеу, қалаға біртабан жақын Аманкелді ауылы аймақтағы ірі округтың бірінен саналады.  Негізінен Тереңөзек кентінен оңтүстік-шығысқа қарай 77 км жерде, Сырдария өзенінің сол жағалауында орналасқан. 1997 жылға дейін Аманкелді атындағы қаракөл қой кеңшарының орталығы болған.
Шыны керек, одақтың тұсында оза шапқан ауыл тіршілігі кеңестік кезеңнің құлауымен құлдырап, нарық заманында берекесі қашты. Мәскеулік мүйізі қарағайдай талай генерал осында арнайы келіп, елтіріден папах тіктірген кешегі уақыт қазір келмеске кетті. Бұл да бір аңызға айналған ақиқаттың көрінісі болатын. Оның тірі куәсі, атақты шопан атанған Қыпшақбай ақсақалдың естелігі айғақтай түсті.

«Уақытында атағы алыс шарлаған дүрілдеген шаруашылықтың бірі болдық. Бағалы алтын сұр қаракөл қойын өсірген бай совхоз еді. Әлеуметтік нысан түгел еді, ол тұрақты жұмыс істеді. Тіпті Ленинградтық жобамен екі қабатты үйлер тұрғызылды. Жұмысшы-шопанға жағдай жасау, олардың тұрмыстық ахуалын жақсарту бірінші кезекке қойылды.  «Шопан ата» сауықтыру-емдеу орны да ашылды. Көктем шыққанда Сарысу жайлауын жайлап, күзгі салымға қозылы қоймен ауылға көшеміз. Қандай керемет заман десеңші. Өмір өзгермейтіндей көрінген, енді бәрі көзден бұлбұлдай ұшты. Жекешелендіру кезінде есіл дүние ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетті ғой. Елу бес мың қаракөл қас пен көздің арасында ғайып болды. Қазір сол қойдың ізі де жоқ», – деп көкіректі кернеген күйінішін жасырмады.
Әрине бүгінгі дәуірдің бетбұрысы бөлек. Жаңа технология, уақытпен үндестік, еңбектену, көнкөріске ұмтылу секілді мақсат-мүддеге талаптану өздігінен өріс алып тұр. Баяғы қой шаруашылығынан береке кеткенмен қазіргі қам-қаракет те бізді қуантты. Тізесін құшақтап қалған бірі жоқ. Ауылдан қалаға келіп, қызмет істейтін тұрғын баршылық. Былай қарағанда бос сенделіп жүрген кісі көзге түспеді. Ауыл көшелерін кезіп, әрбір үйдің ауласына назар саламыз. Таңалакеуімнен тірлікке тырбанып, кесек құйған көрініске көңіл тояттайды. Еңкейген кәрісі де, еңбектеген баласы да еңбекпен әуре. Сондықтан болар, анау Айдарлы да, жанындағы Жетікөл де Аманкелдіге аңсары ауатыныны тегін болмады. Ауыл үшін дағдылы іске айналған кесек құю бүтіндеп келсек кәсіп екен. Теңге тапқан соң тыным жоқ, мектеп оқушысы ертеңгі киім-кешегін осы еңбектен айырады, ал, үлкендер мал-мүлкін, отбасы қажетін тапқан табысымен түгендейді. Мұны Аманкелді ауылдық округ әкімі Құрманғали Құлымбетовтың өз аузынан естіген есті болар.
  •  Ауылда 2734 тұрғын бар. Оның 1300-і еңбекке белсенді топқа жатады. Кәсіпкерлік деген ел кезіп, уақытты босқа кетірумен өлшенбейді. Ауылда да іс жетерлік. Қазақ «алыстан арбалағанша, жақыннан дорбала» демей ме, сол сөз рас ғой. Мысалы, ауылдан қалаға күніне 30 такси шығады. Енді әрбір жолаушыға 350 теңге ақы алады. Енді есептей беріңіз, напақа бар ғой. Қазір осы отыз таксидің тоғызы кәсіпкер ретінде тіркелді. Біз  бұл жолдағы насихат жұмыстарын жалғастырып келеміз. Сол секілді ауылда 25 жүк көлігі бар. Олардың да 11-і кәсіпкерге тиесілі. Ал, кесек құю туралы сөз басқа. Ауылда бұған ден қоюшылық басым. Жаз айы жұмыстың жанданатын мезгілі болған соң отбасымен жұдырықтай жұмылып жұмыс істеуге қолайлы уақыт. Сол себепті бізде науқанда бас көтермей ұмтылып қалатын дағды қалыптасқан. Бүгінде 200 отбасы кесек құюмен айналысып келеді. Оның ішінде мемлекеттік қызметкер де бар. Бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында үй шаруасы ретінде айналысады. Елбасы бір сөзінде «еңбектеніп, отбасына пайда әкелген орынды іс» деген болатын. Жалпы, кесек құю кәсібі ауылдың өміріне тән тіршілікке айналды, – деді ол.
  • Шынында, қызық. Әр ауылдың өз ерекшелігі болса Аманкелді ауылының айшықты ісі – кесек құю екенін ешкім жоққа шығармайды. Біз ойша есептеп те көрдік. Күніне әрбір отбасы 2000 мен 3000 шамасында кесек құйғанда 200 отбасыға шаққанда 400000-500000 кесек дайындалады. Демек қала мен ауылдардың қажетін орындауға толық мүмкіндігі бар. Зерттеу барысында білгеніміздей, ауылдың үш Камаз көлігі кесек құюшыларға саз тасып үлгермей жатқан көрінеді. Олар әрбір тасымалы үшін 6 мың теңге ақы алады. Осы орайда Сырдария аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысының міндетін атқарушы Алмат Садуақасовтың  сөзін де назарға алсақ деймін.
         – Аманкелді ауылының кәсіпке деген ынтасы зор. Мұны нарық заманымен байланыстырғанымыз абзал. Алақандай ауылдың өзінен тіркелген кәсіпкерлер саны  133. Осының 116-сы жұмыс жасап тұрған кәсіпкерлік субъекті. Үстіміздегі жылдың қаңтар-маусым айларында 29 кәсіпкерлік субьектісі тіркелді. Бұл ауылдық көзқараспен санағанда жоғары. Өткен айдың 28-інде «Өңірлік инвестициялық орталығы» МҚҰ ЖШС-нің қаржыландыру жөніндегі бақылау кеңесінде құны 4,0 млн.теңгенің 2 жобасы оң шешімін алып, бүгінде қаржыландырылуда. «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасының екінші бағыты аясында Стартап жаңа бизнес идеяларды іске асыру мақсатында ауылдың 2 тұрғынына 505,0 мың.теңге көлемінде мемлекеттік грант берілді. Жалпы ауыл азаматтары кесек құюдан бөлек, өзгеде кәсіпке ден қоюда, – деді  Алмат Садуақасов.
Жастар газеті үшін жас отбасылардың тіршілігі қызықтыратыны шындық. Сол мақсатпен іздестіріп, ондай отбасыны да таптық. Алмат Алтынбеков бізбен емен-жарқын әңгімелесті.
  •  Біз отбасы құрған соң өзіміз секілді жастарға ұқсап қалада тіршілік етуге қамдандық. Мен жалдамалы жұмыспен айналыстым, ал зайыбым Нәзира жеке балабақшада тәрбиеші болды. Пәтер жалдадық, былай қарағанда тіршілік басталып кетті. Бірақ тапқан-таянғанымыз пәтерақы мен тамақтан артыла қоймады. Оның үстіне жүріс-тұрыс бар, қаржыдан қысылып қала бердік. Ақыры болмаған соң ауылға қарай тарттық. Жер жеткілікті,  қарашаңырақтың жанынан учаске алып, үй көтердік. Содан бері кесек құюмен айналысып келемін. Қасымда бауырым бар, екеулеп күніне 3 мың кесек құйып, жағдайымызды біршама түзеп алдық. Қазір тапсырыс көп. Ауылдағы азаматтардың басым бөлігі осы тапсырыс негізінде жұмыс істейді. Алдын ала ақшасын беріп қоятындар да кездеседі. Себебі кесек те тапшы болып қалуы мүмкін. Ал, бағасы келісімді, – дейді ол.
  • Биыл Түркістан қаласында алып құрылыс жүріп жатыр. Қызылорда қаласында өндірілген кірпіш түгелдей дерлік сонда жөнелтіліп келеді. Баға өткен жылмен салыстырғанда біршама көтерілді. Былтыр 25 теңге тұратын кірпіш қазір 40-42 теңге шамасында. Бұл кесек бағасына да әсерін тигізді. Қазір 17-18 теңге аралығында саудалайды. Егер көлік тасымалын қоса есептегенде 19 теңге мөлшерінде. Демек бағаны енді төмендете қоймайды.
  • P.S. Аманкелді ауылынан шыға берісте елді мекеннің өміріне бір үңілдік. Ауылдың қаладан еш айырмасы жоқ. Еңселі мектеп, аурухана, спорт мектебі, 198 жас оқитын музыкалық мектеп бар. Тақтайдай тегіс асфальт төселген. Ауылдың азаматтары қамтылған «Шопан ата» санаториясы қазір жұмыс істемегенмен кірпіш зауытына орналасқаны да бар. Кәсіпкерлік нысан да жеткілікті. Былай қарағанда, жұмыспен қамтылу жайы басқа ауылдармен салыстырғанда едәуір нәтижелі. Дегенмен бізге кесек құю мәселесі қызықтырды және оның барысын бағамдаған секілдіміз. Нарық заманында нан тауып, напақасын айырған да әжептеуір әлеуетті. Біз осыған тәубе дедік.
  • Ерасыл ШӘРІБЕК.
17 шілде 2019 ж. 1 207 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031