» » Құбыр үстіндегі көпір

Құбыр үстіндегі көпір

Қыс мезгілінде қала халқына ең қажетті дүние – жылу. Ал осы жылу тарататын құбырлардан қандай да бар ақау шығып, бұзыла қалса, нағыз қияметтің «көкесі» сол болмақ. Осы аптада жеті жылға жуық арада шешімін таппаған жылу құбырының үстіндегі көпір мәселесін қолға алдық.
Қаламыздағы Сұлтан Бейбарыс көшесіндегі магистралды жылу құбырының Жеңіс көшесінің қиылысындағы тұсына тұрғындар осыдан 7 жыл бұрын автокөлік өтетін көпір салған. Алайда ауыз толтырып көпір деп те айта алмайсыз. Қос қапталға құмды үйіп, үстіне екі бетонды қойып, жоқтан бар жасаған. Осы күні өткелдің үстіне төселген бетон жебе бұзған сауыттай қақырап, екіге бөлініп тұр. Тастары әбден мүжілген бұл арадан соның өзінде күндіз-түні көлік арылмайды. Хош, өтсін дейсіз ғой. Алайда ерсілі-қарсылы өтіп жатқан көліктің салмағын кім өлшеп жатыр? Жеңіл көлікті былай қойғанда жүк көліктерінің де бұл жерден өтіп жатқанын ара-тұра көзіміз шалады. Бірде болмаса бірде ауыр салмақты көтере алмаған құбыр жарылып тынбасына кім кепіл?
Мақұл. Тұрғындар өз еркімен салды делік. Мұның өзі мұқтаждықтан. Өйткені тұрғындар өтетін басқа жол жоқ арада. Алайда мұндай мәселеге көз жұма қарау қаншалықты дұрыс?! Бақылау қайда? Сақтық шаралары неге жасалмаған? Мәселеге байланысты тұрғындар мен тиісті мекеменің уәжін тыңдадық.

Тұрсын БАҚТЫБАЕВ, тұрғын:
  – Мен  2007 жылдан бері осы жердің тұрғынымын. Мына көпірмен өтіп бара жатып, дөңгелегі құбырға түсіп кетіп шыға алмай тұрғандарды талай көрдім. Бұл бетон әбден тозып, сынып тұр. Ертең соның әсерінен құбыр жарылса, зиянын кім тартады? Әрине халық. Оның үстіне ұзақ жолды қиынсынып,  балаларды балабақшадан таситын көлік те кейде осы арамен өтеді. Бетін аулақ қылсын. Егер алда-
жалда бір жағы опырайып тұрған көпірден ауып кетсе қалай болмақ? Сондықтан бұл мәселені қатаң түрде қолға алу керек. Әйтпесе салдары қиын болады.
Сара ЖҰМАДІЛОВА, тұрғын:
  – Бұл көпір біз секілді Саяхат мөлтек ауданындағы халық үшін өте қажет. Неге дейсіз бе? Өйткені негізгі көшеге шығу үшін анау Сығанақ базарын айналып келу керек. Ал ол көпшілікке тиімсіз. Астында көлігі бар адамға білінбеуі мүмкін. Алайда жаяу жүргіншіге айналып өту айтарлықтай машақат. Менің айтпағым, осы жылу құбырларын көміп, жылу жүргізудің басқа жолын қарастырса немесе адам да, көлік те өте алатындай көпір салып берсе, тұрғындарды толғандырған мәселе шешілер еді.
Берекет СМАЙЛОВ, тұрғын:
  – Бұл Сұлтан Бейбарыс көшесіне қарай өтудің тиімді жолы болған соң, жылу құбырының үстіндегі көпірмен өтуге мәжбүрміз. Өйткені негізгі және жалғыз қысқа жол осы ғана. Халық көп шоғырланған жер болғасын бұл арадан ерсілі-қарсылы күнде адамдар өтіп жатады. Кішісі мен орта жастағылары құбырдың астымен басын бұғып өтеді. Ал бұл үлкен кісілер үшін үлкен мәселе. Еңкеюге әлі келмеген қариялар өткелдің үстімен өтеді. Оның өзі көлік өтуге арналған. Кедір-бұдыр бірдеңе. Әсіресе қыстыгүні тайғанақтап үлкендер әрең жүреді. Осы құбырды жоғары қарай иіп немесе жер астымен өткізсе жақсы болар еді. Біріншіден, жылу құбырына қауіп төнбейді, екіншіден, жаяу адамдар үшін әжептәуір жағдай жасалар еді. Осыны құзырлы органдар қолға алса деймін.

ХХІ ғасырда өткел мәселесіне бас қатырып отырған тұрғындардың ойы осындай. Тар жолда тайғақ кешіп, еңбектеген баладай болған олар жеті жылда нүкте қойылмаған мәселенің  қашан шешілетінін сұрайды. Титықтатқан түйіннің шешу жолын білмекке тиісті мекеме басшылығының да уәжіне құлақ салдық.

Бақытжан МОЛДИМАНОВ, «Қызылорда жылу электр орталығы» МКК жылу жүйелері филиалының басшысы:
  – Бұл көпірдің салынғанына біршама уақыт болды. Мұны біз бақылау жұмыстары барысында анықтадық. Тұрғындар жолға шығу үшін біраз жерді айналып өтуге мәжбүр. Сондықтан өткелді көре сала, алып тастай алмадық. Осыдан тура бір жыл бұрын біз Қызылорда
қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөліміне өткелді алып тастау жөнінде хат жолдадық. Алайда бұл көпір тұрғындардың өтініші бойынша бұзылмай қалды.

Басшының айтуынша, жақында қайтадан «Қызылорда жылу электр орталығы» МКК тарапынан Қызылорда қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөліміне құқық бұзушылықтарды қалпына келтіру бойынша хат жолданып, тиісті жұмыстар жүргізілуде-міс. Әйткенмен, құр қағазбен жүгіргендер жұрттың жанайқайын қалай шешер екен?!
 
  – ҚР Энергетика министрінің 2017 жылғы 28 қыркүйектегі №331 бұйрығымен бекітілген «Жылу желілері объектілерінің күзет аймақтарын және осындай аймақтардың шекараларында орналасқан жер учаскелерін пайдаланудың ерекше шарттарын белгілеу» қағидаларының 17 тармағына сәйкес «Қарамағында электр немесе жылу желілері бар ұйымның келiсiмiнсiз жылу желiлерiнің күзет аймақтарында құрылыс, монтаждау, жер қазу, тиеу-түсiру жұмыстарын, ұңғымалар мен шурфтардың орнатылуына байланысты iздеу жұмыстарын жүргiзуге, алаңдарды, автомобиль көлiгi тұрақтарын жайластыруға, базарларды, құрылыстарды, ғимараттарды орналастыруға, материалдарды жинап қоюға, қоршаулар мен дуалдарды соғуға, күйдiргiш коррозиялы заттар мен жанар-жағармай материалдарын шығарып тастауға және төгуге жол берілмейді» делінген. Осыған орай, аталған көпір салуға «Қызылорда жылу электр орталығы» МКК тарапынан келісім алынбағандықтан алдағы уақытта бұзу жұмыстары жүргізілетін болады, – деді Б.Молдиманов.

Сонымен қатар көше бойындағы магистралдық жылу құбырларын жаңғыртып, жер асты арқылы өткізу бойынша облыстық бюджеттен жоба-сметалық құжаттама әзірленіп, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне өтінім тапсырылған. Яғни, бұл – «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 2020 жылға қаржыландыруға бюджеттік өтінім. Бұған дейін 2018, 2019 жылдары өтінім тапсырылыпты. Десе де қаражаттың бөлінбеуіне байланысты өтінім кері қайтарылған. Ал биыл аталған жоба қаржыландырылған жағдайда Сұлтан Бейбарыс көшесінің бойындағы магистралдық жылу құбырларын жер астымен өткізетін көрінеді.

Түйін:
Мәселенің мән-жайы анық. Бұл арада тұрғандарды да ешкім кінәлай алмайды. Ал жауапты мекеме жылу құбырын жер астымен жүргізуге уәдесін берді. Өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай қара орман халыққа сапалы жағдай жасау – күн тәртібіндегі мәселе. Сондықтан тиісті тарап уәдесін берді. Қалғанын уақыт еншісіне қалдырдық. Енді қаржы бөлінсе игі...
Ақтілек БІТІМБАЙ







24 қаңтар 2020 ж. 309 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031