» » Қарағым, Дұғагөйім, Қамқор анам

Қарағым, Дұғагөйім, Қамқор анам

                                                                                      Жүрек сөзі                      
  Адам ғұмырында жақсылық пен жамандық қатар жүреді. Ағы мен қарасы аралас өмірде адам қарапайым заттардан қателеседі екен. Кейде асығымыз алшысынан түсіп, тасымыз өрге домалап жатса, кей нәрсені ұмытып кете бастаймыз һәм апат болар шақта көліктің тежегішін дер кезінде басқанымызды шеберлікке бағалайтынымыз тағы бар. Ақиқатында олай емесі бәрімізге мәлім. Мұндай кездейсоқ жағдайлар үйдегі анамыз тілеген дұға күші екені анық. Балалары көлікті қыздырып, дым ойламастан шыға бергенде, анамыз жанын шүберекке түйіп, біз үшін уайымдап, дұға-тілегін айтады.
Қарапайым ғана мысал: Әскери борышын өтеп келген ағаңыздан «Әскерде ең бірінші кімді сағынасыз?» деп сұраңыз. Жауабы қандай болды? Мәселен, менің ағам «анам не істеп жатыр екен?» деген сұрақтар мазалайтынын жеткізді. Анам шай үстінде отырғанда еркінен тыс селк ететін. Әкем «балаң парашютпен секіріп жатқан шығар» деп әзілдейді. Сонда ғана анам сабасына келіп, «біссіміллә» деп бір нәрсені күбірлеп отыратын. Баласының аман-есен оралуын тілеп жатқан болар. Төлеген Айбергенов «Ана атты өлеңінде «даналықтың қажеті жоқ, сыйлау үшін анаңды» деген екен. Расында, анамыз бізден көп нәрсені сұрамайды. Тіпті сұрағаны сол, «аман жүрші» деп қайта-қайта айтқаны болар.
Бұл тақырыпта қалам тербеп жатқанымда анам екі рет хабарласты. Ана жүрегі бала жүрегімен егіз ғой. Екі жүрек бірге соғады десек те болады. Сол үшін де қолымызды мезгілінен кеш сермеп қалып жүрмейік. Анаңызға жақсы көретініңізді жиі айтып жүріңіз. Себебі, анасына дауыс көтеруді әдетке айналдырғандарды күнде болмаса да, там-тұм естіп, көріп жатамын. Жасы келген қарт ананың қылықтарынан жиіркеніп, қарттар үйіне өткізіп жіберетіндер де жоқ емес. Өкінішті... Бірақ өз ісіміздің қате екенін сезінгенде бәрі кеш болуы мүмкін. Әттең, уақытты кері айналдыра алмайсың. Анаңыздың алғысынан құралақан қалып жүрмеңіз.
Алаш алыбы Ахмет Байтұрсынов қиын-қыстау заманда да анасына хат жазуды доғармаған екен. Ахметтей бабамыздың жазған хаттарын оқығанда, ананы сыйлаудың асқан үлгісін көресің. Тіпті түрмеде жатқан кезінде де:
«Қарағым, дұғагөйім, қамқор анам!
Арнап хат жазайын деп, алдым қалам.
Сені онда, мені мұнда аман сақтап,
Көруге жазғай еді хақ тағалам!» - деген өлең шумақтарын арнап, сағынышын білдіреді. Мал ұрлап, кісі өлтірген айыбы жоқ болса да, сол кездегі саясаттың жазықсыз құрбаны екенін жазады. Сөйте тұра, өзі үшін алаңдамауын сұрайды. Бұл өлеңді оқып шығып, ерекше әсер алған соң, алғашқы тармағын мақаламның тақырыбына арқау еттім.
Азамат ЕРДӘУЛЕТОВ
01 наурыз 2018 ж. 1 700 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031