Оқушылар Ұлыбританияның аэроғарыш мектебіне барады
Бүгін Назарбаев орталығында мектеп оқушылары арасында транспорт саласындағы республикалық конкурстың финалдық іріктеу туры басталды. Байқау жеңімпаздары Ұлыбританияның Крэнфилд университетіне қарасты аэроғарыш мектебіне тағылымдамадан өтуге барады, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
«Бүгін Назарбаев орталығында транспорт саласындағы конкурстың финалы басталады. Бұл байқаудың басты мақсаты – еліміздің оқушыларын аэроғарыш саласындағы білім мен мамандықтарға тарту. Бұл балаларымыздың ертең өз мамандығын саналы түрде таңдау үшін, оларды аэроғарыш саласын таңдауға ынталандыру үшін қажет. Осындай конкурс балаларға аэроғарыш саласындағы шетелдік мектептердің жұмысымен, шетелдік мамандармен танысып, араласып, тәжірибе, тәрбие алуға мүмкіндік береді. Жалпы, мұның пайдасы мол», - деді ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Қоры атқарушы директорының орынбасары Сұлтан Айтжанов.
Оның айтуынша, байқауға еліміздің барлық өңірлері қатысып, 80 астам бала финалға өтті. Финалдық кезең 24-26 шілде аралығында өтеді. Оның нәтижесінде 40 астам бала іріктеліп, олар тамыздың 19-ы мен 26-ы аралығында Ұлыбританияда болады. Бұл конкурс екінші рет өткізіліп отыр. Алдағы уақытта ол дәстүрлі байқауға айналуы мүмкін.
Сайыс финалисі – Өскемен қаласының «Білім-инновация» лицейінің 10-сынып оқушысы Шәкәрім Дикеш болса, бұл жарыстан үлкен үміт күтетінін айтты.