Он мыңға жуық адам цифрлық сауаттандырудан өтті
Жобаға 19 алаң мен 30-ға жуық оқытушы тартылды, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Бүгінде курстан 9 мыңнан астам тыңдаушы өтті. Ақпараттық сауаттылықтан кез келген адам өте алады, жасына шектеу жоқ.
«Мен ЭЦҚ не екенін және үйде отырып коммуналдық қызметті қалай төлеу керектігін, түрлі анықтаманы көріп, қалай шығарып алуды білмейтінмін. Енді осының бәрін үйден шықпай-ақ істей аламын, басқаларға да осы курстан өтуге кеңес беремін, өте пайдалы», - деді зейнеткер Нағима Оразбекова.
Дәріс жаңадан үйренушілерге де, желіні үздік пайдаланушыларға да өте пайдалы. Оқу бағдарламасы төрт бағытта өткізіледі: базалық цифрлық машық, электронды мемлекеттік қызмет көрсету, ашық үкімет, электронды сауда. Тыңдаушылардың ақпараттық білімін арттыруда компьютер мен мобильді құрылғылар пайдаланылады.
«Негізінен бізге көбіне зейнеткерлер келеді, олардың білуге деген ынтасы зор, көздері жанып тұр. Оларға әлеуметтік желі де қызықты. Курс басталғалы бізге 400-дей адам келді», - дейді № 76 мектеп-лицейдің информатика оқытушысы Ғалия Құлшиманова.