ЕРІКТІЛЕР ЕҢБЕГІ
Мәңгілік еліміздің мақтанышына айналған Астанамызды бүгінде әлем жұртшылығы тұғырлы тәуелсіздігіміздің төлқұжаты деп біледі. Оның үстіне "ЭКСПО-2017" көрмесі өтіп, ел абыройын асқақтатты. Көрменің архитектуралық символына айналған «Нұр Әлем» нысаны, әлем елінің 115 павильоны, оған қоса конгресс орталығы, медиа орталықтар ел игілігі үшін қызмет етті. Еліміздің түпкір-түпкірінен жиналған 4500 ерікті мыңдаған адамды қарсы алды. Оның ішінде қызылордалық ерікті жастардың да қолтаңбасы бар. Мәселен, еріктілер шетелдіктерді бай мәдениетімізбен таныстырды. Мұнан бөлек, облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің ақпараттық-насихаттық жұмысын ұйымдастыру» жобасы аясында ауқымды жұмыс атқарды. «Жас Отан» "Жастар қанаты" жанынан 100 «ЭКСПО-2017» еріктілер тобы құрылып, олар екі жыл қатарынан «Speak English» оқу орталығына қатысып, шет тілін меңгерді.
Белсенді жастардың атсалысуымен халықаралық көрме ауылдық, елді мекендерде насихаттау мақсатында – «ЭКСПО – ел мерейі» атты көш керуен облысқа қарасты жеті ауданды және Байқоңыр, Қызылорда қалаларын аралап түрлі концерттік бағдарлама қойып, елді мекен тұрғындарының қатысуымен акция өткізді. Акцияға белсенді қатысқандарға халықаралық көрмені тамашалауға жолдама берілді. Мұнан бөлек, жоба аясында көрмені насихаттау мақсатында аймағымызда 50-ден астам түрлі форматта іс-шара өтті. Атап айтар болсақ, «ЕХРО ЕХТREME» жастар арасындағы сайыс, «Елімнің асқақ мәртебесі» атты тақырыпта облыстық ақындар мүшайрасы, облыстық жас суретшілер байқауы, «ЕХРО КВЭСТ» ойындары ұйымдастырылды. Еріктілердің әрқайсысы түрлі бағытта жұмыс істеді. Бірі, қонақ қарсы алып, бірі билет тексерсе, енді бірі қонақтарға көрмені аралатып, аудармашы қызметін ұсына білді. Бұл тізім осылайша жалғаса береді. Алайда, жас белсенділерді біріктіретін бір мүдде, ол – ел абыройын асқақтату, көрменің сәтті, жоғары деңгейде өтуіне теңізге тамған тамшыдай үлес қосу.
Ал аймақ жастарының атынан «ЭКСПО-2017» көрмесіне еріктілер қатарына тіркелген жастар 40 күн бойы түрлі бағытта абыроймен жұмыс істеді. Оған дәлел еріктілер форумында Рауан Ибрагим «Үздік ерікті» номинациясын жеңіп алды. Көрме аяқталған соң көрмеден алған әсерімен бөлісу мақсатында облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен «Жастар – болашақ энергиясы» атты облыстық еріктілер слетін ұйымдастырды.