Аймақтағы айқын мақсаттар
Облысымызда білім саласын дамытуға басымдық берілуде. Өткен жылы мектеп бітірген түлектің 97 пайызы колледж, университетте мемлекеттік грант пен ақылы негізде білім алуда. Ал экономикалық сұранысына сай мамандықтар бойынша 452 студент Ресей Федерациясының алдыңғы қатарлы оқу орындарында оқуда. Бұл туралы кеше өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз брифингінде облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов мәлімдеді.
Облыста 659 мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында, оның ішінде 553 балабақша мен 106 шағын орталықтарда 60597 бала тәрбиеленуде. Аталған балабақшалардың 71,2 пайызы жекеменшіктің үлесінде. Білім саласынан бөлек, тұрғындардың денсаулығын жақсарту мақсатында да атқарылған шаруа аз емес. Өлім көрсеткішін азайту мақсатында «Жол картасы» бекітіліп, оны жүзеге асыруға облыстық бюджеттен 1,7 млрд. теңге бөлінген. Ал бастапқы медициналық көмек көрсету ұйымдарына 5 бағыт бойынша 89 мамандандырылған кабинет ашылды. Мұның өзі халық денсаулығын жақсартуға бағытталған игі шаралардың бір легі.
– Соңғы екі жылда аймақтағы медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасы нығайтылып, 250 келушіге арналғанЖалағаш, Қармақшы, Сырдария, Шиелі аудандық орталық аурухана ғимараты, 200 төсек орындық облыстық балалар ауруханасы және 30-ға жуық дәрігерлік амбулатория мен фельдшерлік акушерлік бекеттер пайдалануға берілді, – деді облыс әкімінің орынбасары.Медицина саласындағы кадр жетіспеушілігін шешуде де бірқатар іс атқарылған. Мәселен, медициналық қызметкердің біліктілігін арттырудың 2016-2018 жылға арналған жоспары бекітіліп, оған бюджеттен 60 млн. теңге бөлінген.
Өңірдегі мәдениет саласы да назардан тыс қалмады. Осы бағытты дамыту үшін былтыр Қазалы ауданы, Жалаңтөс батыр ауылдық клубы пайдалануға берілсе, Шиелі ауданында тарихи-өлкетану музейі ашылды. Сондай-ақ, 6 мәдени нысан күрделі жөндеуден өтті. Ал «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында «Электронды архив» ақпараттық жүйесі бойынша 19749 сақтау бірлігінің 1633921 парағы сандық жүйеге енді. Яғни архив қоры 17090 сақтау бірлігіндегі құжаттармен толықты. Рухани жаңғыру бағдарламасы аясында «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жасалып, оған қасиетті орындар мен ескерткіштер енді. Атап айтар болсақ, облыс бойынша 12 жалпыұлттық ескерткіш және 35 өңірлік маңызы бар қасиетті орындар тізімге енді. Енді мақсат – осы қасиетті орындарды жан-жақты қорғап, әрбір нысанның 3D форматын әзірлеу.
Биыл облысымызда бірнеше айтулы шаралар өткізу де жоспарланған. Мәселен, Астана қаласының 20 жылдығына орай «Тұңғыш астанадан бүгінгі Елордаға» атты керуен кеші ұйымдастырылады. Сонымен қатар Сыр елінің мақтанышы Батырхан Шөкеновтың құрметіне ескерткіш ашылады. Ескерткішті жасау белгілі мүсінші Марат Мансұровқа бұйырды. Халық әртісіне ескерткіш салудан бөлек, мамыр айында «Отан анаға» атты республикалық байқау ұйымдастырумен қатар «А-студио» тобының қатысуымен мерекелік шара өткізу жоспарлануда. Ұлттық құндылығымыз саналатын қобызды жаңғырту мақсатында «Қорқыт – қобыз» атты қобызшылар сайысы ұйымдастырылады. Аталған шараға облысымызға қарасты 262 елдімекен тұрғындары қатысады деп күтілуде.
Айгүл ӘЛІШЕРОВА