» » Мен халыққа берген уәделерімді міндетті түрде орындаймын

Мен халыққа берген уәделерімді міндетті түрде орындаймын

Қасым-Жомарт Тоқаев:

Апта басында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» деген тақырыпта халыққа бірінші Жолдауын арнады. 
Сөз басын жаңа парламенттік маусымның басталуымен құттықтаған Президент әлем мойындаған Назарбаев моделінің мәртебесін көтере отырып, тәуелсіздіктің жаңа сапалы кезеңіне аяқ басқан осынау дәуірде сабақтастық пен жаңа реформалар жүргізу арқылы бұған дейін сайлауалды бағдарламада айтылғандай «мен халыққа берген уәделерімді міндетті түрде орындаймын» деді. Осы орайда Бес институционалды реформа мен Ұлт жоспары, Жаңғырту жөніндегі Ұлттық комиссияның жұмысы бұрынғыша өз күшінде қалады. Сондай-ақ биыл «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыру бағытында құрылған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі ротациялық тәртіппен жұмыс істейді.
Сонымен алдағы уақытта қандай шаралар жүзеге асырылады?
І. Заман талабына сай тиімді мемлекет
Біріншіден, партия құрылысы үдерісін жалғастыру. Көппартиялылық, саяси бәсекелестік және ой-пікірдің сан алуандығы саяси жүйенің тұрақтылығына әсер етеді. Екіншіден, халықпен тиімді кері байланыс орнату. Осы мақсатта Президент Әкімшілігінде азаматтардан келіп түскен өтініштерді мемлекеттік органдардың сапалы қарауын қадағалап, жедел шаралар қабылдайтын бөлім құрылды. Үшіншіден, митингтер туралы заңнаманы жетілдіру. Президенттің сөзімен айтсақ, енді бейбіт акциялар заңның шеңберінен шықпайтын әрі азаматтардың тыныштығын бұзбайтын болса, бұған түсіністікпен қарап, жиындарды өткізу үшін арнайы орындар бөлінеді. Мұндай орындар қаланың шетінде болмауы тиіс. Алайда заңға қайшы, бұзақылық әрекеттерге шақыратын үндеулерге заң шеңберінде тосқауыл қойылады. Төртіншіден, қоғамдық келісімді нығайту. Бұған байланысты жақын арада азаматтық қоғамды дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасын әзірлеу тапсырылды. Мұнымен қоса алдағы 2020 жылы әлемнің екінші ұстазы әл-Фарабидің 1150 жылдығы, Ұлы Абай хакімнің 175 жылдығы ел көлемінде атап өтіледі. Сондай-ақ ең басты мереке – ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы жалпыхалықтық сипат алуға тиіс.
ІІ. Азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету
«Азаматтарымыз жария-құқықтық дауларда билік органдарының шешімдері мен әрекеттеріне қатысты шағым түсіру кезінде көп жағдайға теңсіздік ахуалында қалып жатады. Сондықтан осындай теңсіздіктерді болдырмау мақсатында дауларды шешудің ерекше тетігі ретінде әкімшілік әділет құрылымын енгізу қажет», – деді Президент. – Біз шамадан тыс қудалау шаралары мен сот төрелігінің қатаң жазалау тәжірибесінен бас тарттық. Алайда елімізде ауыр қылмыстардың саны азаймай тұр. Біз заңнаманы ізгілендіру ісіне көбірек мән беріп, азаматтардың негізгі құқықтарын назардан тыс қалдырдық». Осы ретте Парламентке жыныстық зорлық-зомбылық, педофилия, есірткі тарату, адам саудасы, әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық, әсіресе балаларға қатысты қылмысқа қолданылатын жазаны шұғыл түрде қатайту тапсырылды. Соңғы уақыттағы браконьерлік проблемасы, сыбайлас жемқорлықпен жан жақты күресу күн тәртібіне қойылды.
ІІІ. Қарқынды дамыған және инклюзивті экономика
Мұнда шикізатқа байланған менталитеттен бас тартып, экономиканы әртараптандыру, квазимемлекеттік сектордың қайтарымын арттыру, тиімді шағын және орта бизнес, ұлттық бизнеске халықаралық нарықтарда қолдау көрсету, дамыған агроөнеркәсіп кешені, әділетті салық салу жүйесі мен тиімді қаржылық реттеу, ұлттық қорды тиімді пайдалану мәселесі, еңбекақы төлеу деңгейін арттыру мүмкіндіктері айтылды. Бұған қоса микро және шағын бизнес саласындағы компанияларды табысқа салынатын салықтан үш жылға босату үшін заңнамалық база әзірлеу тапсырылды. «Шағын және орта бизнеске қатысты рейдерлік әрекеттер жиілеп кетті. Бұл мәселе жөніндегі ұстанымым белгілі: бизнестің, әсіресе шағын және орта бизнестің, дамуына кедергі келтіретін әрекеттер мемлекетке қарсы қылмыс деп танылуы тиіс. Осыған орай заңнамалық сипаты бар қосымша шаралар қабылдау қажет. Парламент мен Үкімет осы мәселені шешу жолдарын ұсыну керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
ІV. Әлеуметтік жаңғырудың жаңа кезеңі
Біріншіден, білім беру сапасын жақсарту. Алдағы уақытта дарынды баланы дамытудың жол картасы әзірленетін болады. Отбасы және бала институтын қолдау, инклюзивті қоғам құру, қала мен ауыл мектептері арасындағы айырмашылықты болдырмау шараларына баса мән берілді. Медициналық қызмет көрсетудің сапасы мен қолжетімділігін арттыру, мәдениет қызметкерлерін қолдау, әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін одан әрі дамыту, еліміздің зейнетақы жүйесін дамыту мәселелеріне назар аударылды.
V. Қуатты өңірлер – қуатты экономика
Жергілікті билік органдары жұмысының тиімділігін арттыру, бюджетаралық қатынастар жүйесін реформалау, басқарылатын урбанизация және бірыңғай тұрғын үй саясаты, инфрақұрылымды дамыту жайы сөз болды. Осы орайда пилоттық жоба ретінде тұрғындар тарапынан жергілікті билік жұмысын бағалаудың жаңа тәртібі қаралатын болады. Мәселен, сауалнама немесе онлайн дауыс беру арқылы тұрғындардың 30 пайызынан астамы қала немесе ауыл әкімінің жұмысын тиімсіз деп есептесе, бұл жағдай Президент әкімшілігі арнайы комиссия құрып, туындаған мәселелерді зерттеп-зерделеуіне негіз бола алады. Сондай-ақ келесі жылдан бастап шағын және орта бизнестен түсетін қосымша салық түсімдері өңірлердің құзыретіне беріледі. Мұнымен қоса еліміз бойынша жыл аяғына дейін көп балалы, мүгедек бала тәрбиелеуші 6000 отбасы баспанамен қамтамасыз етіледі. 2020 жылдан бастап әр жыл сайын 10000 отбасыны баспаналы ету жоспарланған. Бүгінде аталған критерийлер бойынша кезекте тұрған отбасының саны 30000 екен. Адамдардың игілігі үшін, сау-саламат өмір сүру үшін экологияны жақсарту, жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды кеңейту, қоршаған ортаны сақтау ісін дәріптеу мақсатында «Бірге таза Қазақстан» жобасы келесі жылы да жалғасады.
«Татулық пен тұрақтылық – сындарлы қоғамдық дамудың негізі. Мерейлі мемлекетімізді өркендетуге үлес қосуға шақырамын», – деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.
                                                                  Айжан ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ
07 қыркүйек 2019 ж. 1 345 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031