"ҚАЗАҚ МЕССИІНІҢ" МЕРЕЙІ ҮСТЕМ
Жас талант
Башқұртстандық команда өз алаңында «Анжи» (Махачкала) клубын қабылдады. Бірінші таймда есеп ашылған жоқ.
Ойынның екінші кезеңінде «Уфаның» бас бапкері Сергей Семак нигериялық Кехинде Фатаидың орнына жуырда Қазақстан ұлттық құрамасына шақырылған 18 жасар Еркебұлан Сейдахметті шығарды. Бұл, әрине, зор сенім еді.
«Қазақ Мессиі» атанған Еркебұлан 10 нөмірмен ойнады. Оның арқасындағы «Еркош» деген жазу да команданың сүйіктісіне айналғанын көрсетеді. Еркебұлан бірден шабуыл шебіне қосылды.
Көп ұзамай, 57-минутта стандартты жағдайдан кейін алаң иелерінен қорғаушы Алексей Никитин есеп ашты. 64-минутта А.Никитиннің қателігінен соң «Анжидің» сапындағы аргентиналық Хуан Лескано баспен қақпа бұрышын дәл көздеді. Әйтсе де бір минут өтер-өтпесте хорватиялық Иван Пауревич «Уфаны» қайта алға шығарды. 68-минутта словениялық легионер Боян Йокич есепті 3:1-ге жеткізді. 81-минутта қонақтардан Владимир Полуяхтов есепті қысқартты. Бұдан кейін төрешінің ысқырығынан соң допты теуіп жібергені үшін қазақ футболшысы ескерту алып қалды. Тіпті словениялық Мирал Самарджичпен шекісіп те қала жаздады. Матч соңына таман Е.Сейдахметтің орнына қорғаушы Павел Аликин шықты.
Жалпы, Еркебұланның өзі гол соқпаса да, оның алаңға шығуы «Уфаның» шабуылына қарқын қосты. Осылайша, Сергей Семактың шәкірттері аса тартысты матчта 3:2 есебімен жеңіске жетті. Бұл ойыннан кейін 31 ұпай жинаған «Уфа» премьер-лигада алтыншы орынға көтерілді.
Кездесуден кейінгі сұқбатында Сергей Семак Еркебұлан Сейдахметтің жақсы ойнағанын, гол соғылған қос бірдей шабуылға қатысқанын атап өтті.