Футболдан ӘЧ: Мексикадан жеңілуіміз мүмкін

Мексика құрамасы осы чемпионаттың ең қауіпті командасына айналғаны белгілі. Топтық кезеңнің 1-турында Германияны тізе бүктірген кездесуде «ацтектер» күтпеген жерден көп күшпен шабуылдап, әлем чемпиондарын састырып тастады. 35-минуттағы Лосаноның голы да осындай жоспарлы шабуылдардың арқасында соғылды. Оның үстіне биығы мундиаль фавориттердің турнирден ерте шығып қалуымен есте қалып жатыр. 1/8 финал ойындарының жартысы да өтіп болмай жатып, атағы жер жарған құрама командалардың ішінен тек Бразилия мен Франция ғана қалды. Әрине, соңғы жылдары қайта түлеген Англия мен бұрынғы бөлтіріктері қасқырға айналған Бельгияны да осы топқа қосуға болатын шығар. Оның үстіне Бразилияның бірнеше жетекші ойыншысы жарақат алған. Вингер Дуглас Костаның бүгінгі ойынға қатыспайтыны анық. Бұдан тыс, сол қанаттағы негізгі қорғаушысы Марсело мен оң қанат латералі Данилоның да денсаулығы сыр беріп жүр. Олардың орнына Фелипе Луис пен Фагнер алаңға шығуы мүмкін. Ал Мексикада құрам жағынан қиындықтар жоқтың қасы. Тек орталық қорғаушы Эктор Морено ғана дисквалификацияға байланысты осы ойынға қатыса алмайды. Оның орнына «Тигрестен» шақырылған Уго Айяла немесе 5-ші рет мундиальға қатысып отырған с шығуы мүмкін. Бразилияның жауырыны жерге тимей келе жатқанына тура бір жыл толды. Соңғы 14 ойында небәрі 3-ақ гол жіберген «пентакампеондар» осы серияны Мексикаға қарсы ойында да жалғастыруға ниетті екені анық. Оның үстіне әлем чемпионаттары аясында Бразилия Мексикамен 4 рет кездесіп, соның үшеуінде 11 гол соғып жеңіске жеткен, тағы бір ойында командалар голсыз ымыраға келген. Құрамында Неймар, Габриэль Жезус, Фелипе Коутиньо, Виллиан секілді жұлдыздары бар Бразилия үздік ойындарының бірін осы матчта көрсетпек. Ойын алдындағы баспасөз мәслихатында жартылай қорғаушы Каземиро да осындай пікір білдірді. «Қарсыластың табандылығы бізді қатайта түседі. Бәсекенің жоғары болуы заңдылық. Біз ертеңгі матчта үздік ойын көрсетсек те, жеңіліп қалуымыз мүмкін, өйткені бұл - футбол. Бірақ біз жеңілсек те Бразилияның үздік ойынын көрсетуіміз қажет», - дейді футболшы. Мексика бас бапкері Хуан Карлос Осорио өз шәкірттерінің 1-турдағы секілді шабуылды ойын өрнегін көрсететінін айтып отыр. «Біз ештеңеден қорықпаймыз, қорғанысқа бұғып жатып алмаймыз. Бұл жағынан Бразилияда өте жақсы футболшылар көп. Біз де шабуыл шебіне кем дегенде 4-5 ойыншыны шығарамыз. Шәкірттерім ұлы командаға қарсы ойында тарихи жеңіске жетуі мүмкін екенін жақсы түсінеді», - дейді маман. Қарсыластардың ойын алдындағы құлшынысына, командалардың қорғаныс шебінде ақаулардың бар екендігіне назар аударсақ, бүгінгі кездесуде көбірек гол көреміз деп үміттенуге болады. Бір айта кетерлігі, Самарада бүгін күн шайдай ашық, жергілікті уақытпен кешкі 18:00-ге қарай ауа температурасы 31-33 градус ыстық болады. Ойын Самарадағы «Самара Арена» стадионында Астана уақытымен 20:00-де басталады. Оны Qazsport телеарнасы арқылы тікелей эфирден тамашалауға болады. 1/8 финалдың қалған ойындарының толық кестесін мына жерден көруге болады.
Барлық құқықтар қорғалған. inform.kz белсенді сілтемені пайдаланыңыз https://www.inform.kz/kz/futboldan-ach-meksikadan-zheniluimiz-mumkin-braziliyanyn-zhartylay-korgaushysy_a3306900