ДЫЧКОНЫҢ ДЕҢГЕЙІ ЖОҒАРЫЛАДЫ
Аса ауыр салмақта жұдырықтасатын қазақстандық кәсіпқой боксшы Иван Дычко америкалық Рэй Остинді жеңіп, кезекті жеңісті еншісіне жазды. Осы жеңістен кейін қазақстандық кәсіпқой боксшы өз дивизионында 16 сатыға жоғарылады. Голливудтағы Hard Rock аренасында өткен бокс кешінде Дычко қарсыласын соққының астына алды. Осылайша алты раундқа жоспарланған жекпе-жек Остиннің бас тартуынан кейін үшінші раундта тәмам болды. Бұл – Дычконың кәсіпқой шаршы алаңдағы сегіз жекпе-жектегі сегізінші жеңісі. Барлығын да мерзімінен бұрын аяқтаған. Иван кәсіпқой боксқа алғаш рет 2017 жылы күзде аяқ басқан еді. Содан бері барлық кездесуін АҚШ-та өткізуде. Бүгінде қазақстандық боксшы BoxRec рейтингінде 77 орынға жайғасты. Дегенмен Дычкоға қарымды қарсыластармен жекпе-жекке шығу керек-ті. Себебі өзге боксшылар өзінің 8-інші жекпе-жегінен кейін-ақ титул қорғау тайталасына араласуда. Әрине, бірінші кезекте кәсіпқой бокс әлеміндегі менеджмент мәселесіне тікелей байланысты. Мәселен, осы жолғы Иванның қарсыласын да ауыздығымен алысқан мықты деп айтуға ауыз бармайды. Остиннің жасы 48-де екен. Оның үстіне рингке үш жылдық үзілістен кейін оралған.