Қаяз
Сырдарияның төменгі ағысында «Сыр» деп аталып жүрген атыраулық бөлігіндегі өзен-көлдер төңірегінде жан-жануарлар мен балықтың көптеген түрлері тіршілік етеді. Соңғы жылдары өлкеде өршіген экологиялық тоқыраудан көпшілік түрлері құрып кетудің алдында тұр. Рас, жануарлар мен балықтардың бір-жар түрлері ғана болмаса көпшілігінің түрлік құрамы сақталған, бірақ саны өте азайып, анда-санда біреу-екеуі ғана кездеседі. Бұрын кәсіби ауланатындардың өзі бүкіл Қазақстан аумағында сиреп қалғанын ескерсек, табиғаты қатаң Сыр өңіріндегі жағдай айтпаса да түсінікті.
Сыр өңіріндегі биологиялық түрлердің құрамында балық ерекше орын алады. Бұрынғы кезде Арал теңізінде балықтың 20 түрі болды. Қазірдің өзінде тұқымы тым азайып барады. Солардың ішінде Қазақстанның Қызыл кітабына енген, ең құнды балықтардың бірі – қаяз. Қаяз тұқы тұқымдасының бір туысы. Қазақстанда екі түрі – Арал қаязы жөне болат-мая қаязы бар. Болат-май қаязы екі түр тармағына бөлінеді: біреуі оңтүстік Каспийде, екіншісі Түркістан қаязы. Арал қаязынан ерекшелігі – ұзаққа өрістемейді, жергілікті балық. Қабыршағы ірілеу, арқа қанаты кейін орналасқан және аумақтылау. Әдетте қаяздың арқасы бауырына қарағанда қоңырлау. Шабақтарында қоңыр дақ болады. Ұзындығы 70 см-ге, салм. 5,3 кг-ға дейін. Жыныстық жетілуі мекен ететін су айдынына байланысты 2-7 жас, көбіне 4-6. Уылдырығын (11.3-195 мың) судың температурасы 23°С болғанда өзендерде және су қоймаларындағы құмды, майда тасты жерлерге шашады. Қорегі әр түрлі: барлық су өсімдіктері, көпшілік омыртқасыздардың дернәсілдері, ауада ұшатын ұсақ жәндіктер, т.б. Яғни, олардың қорегі судағы қоректік қордың түрлік құрамына байланысты болады.
2005 жылы Көкарал бөгетінің бірінші кезегі аяқталған соң Солтүстік Арал теңізі өз алдына дербес теңіз болып, өңірдің экология-экономикалық және жергілікті тұрғындардың әлеуметтік жағдайына оң ықпалын тигізе бастады. Қазіргі кезде құнды балықтар бекіре мен қаяздың популяцияларын көбейту жұмыстары қолға алынды. Олардың майда шабақтарын сырттан әкеліп, «Қосжар», «Тастақ» балық питомниктері мен Аманөткел тоғанды су шаруашылығында көбейту жұмыстары жүргізілуде. Болашақта осы құнды балықтардың тұқымы қалпына келеді деген үміт жоқ емес.
Ғалымжан БАЗАРБАЕВ
Барсакелмес мемлекеттің қорығының инспекторы