Қызылордада із-түзсіз кеткен 32 жастағы жігіт үш күннен кейін табылды

Жоғалып кеткен адам қала іргесіндегі Тасбөгет кентінде тұрады. Кенттің 53 жастағы тұрғыны ұлының үйден шығып, кері оралмағанын айтып Қызылорда қалалық полиция басқармасының Төсбөгет полиция бөліміне шағымданған. Айтуынша, баласы жүйке ауруымен есепте тұрады.
«Жоғалған адамның жағдайы ескерілді. Полиция бөлімінің жеке құрамы толықтай іздеу жұмысына тартылды. Мобильдік топтар құрылып, жақын аумақтар толықтай назарға алынды. Іздестіру жұмыстары үш күнге созылды. Хабар-ошарсыз кеткен азамат Сырдария ауданына қарасты Шаған ауылының тұсындағы тасжолдың бойынан табылды», – деп мәлім етті Қызылорда облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.