Қазақстандықтар Дубайға еркін кіреді
Қазақстан азаматтары енді Біріккен Араб Әмірліктеріне визасыз ұша алатын болды, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
Бұл тәртіп 10 наурыздан бастап күшіне енеді. Дубайдың көші-қон қызметінің мәліметтер базасына тиісті түзетулер мен өзгерістер енгізіліп те қойыпты. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Дубайдағы Бас консулы Мадияр Меңілбеков өзінің Фейсбук парақшасында мәлімдеді.
Консул бүгін визасыз тәртіптің енуіне байланысты Дубай қаласының халықаралық әуежайының көші-қон қызметі басшысы Ибрагим Хамад Абдолламен кездескен. Екі ел арасындағы тату әрі жылы қатынасты алға тарта келе, Ибрагим Хамад Абдолла 10 наурыздан бастап БАӘ-нің Қазақстанның азаматтарын визасыз қабылдауға дайын екенін мәлімдеген.
Оның пікірінше, Қазақстан азаматтары үшін визалық тәртіпті жеңілдету туристер легін арттыруға мүмкіндік бермек. Сонымен қатар, екі елдің туристік қызмет субъектілері арасында ынтымақтастықтың даму бағыттарын кеңейте түспек.
Әңгімелесу кезінде БАӘ тарапымен бірге Дубай әуежайында алғашқы қазақстандық туристерді қарсы алу шарасы туралы келісімге қол жеткізілді. Қазіргі таңда Аir Astana Fly Dubai2 әуекомпаниялары Астана – Дубай – Астана және Алматы – Дубай – Алматы бағыттары бойынша тікелей рейстер жасайды.