» » Жаңа жыл қарсаңында

Жаңа жыл қарсаңында

                                                                                              Редактор бағаны
 Міне, Көктем келді! Көктеммен бірге Наурыз кірді. Наурызбен бірге – Жаңа жыл туды! Шығыстың Омар Һаямының жыл санауы бойынша Жаңа жыл наурыздың 9-ынан басталады. Бұл бүгінгі күнтізбеде наурыздың 14-іне сәйкес келеді. Қыстан қысылып шыққан ағайынның хал-жағдайын білу үшін бір-біріне барысып, бауырына басып, құшақтасып, көрісіп, мәз-мейрам болатын, жыл он екі ай айналып, жасына жас қосылуымен құттықтасып жататын кәдімгі Көрісу күні – Жаңа жыл мейрамының басы.
 Қазақ даласында жаңа жыл қарсаңында жуан жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағы болды-ау дегеннен қарбалас қамымен қазан-қазан ет бұрқ-сарқ қайнап жатады. Табалдырықтан басталған тазалық ауыл-аймаққа ұласып, бұлақтың көзі аршылады, тал егіледі. Бір-бірінің аман-есендігін білісіп, көңілі тоғайған жұрт мәре-сәре наурыз көжеге қонаққа шақырысады. Жер емген ағайынның көктемгі егіс қарекеті де мейрамға бергісіз. Трактордың қуатты үні шуақ төгілген даланың ажарын ашып, еңбек мерекесінің моторындай дүрілдеп жатады. Сай-саладан жылға қуалай аққан судың сыбдыры сылқ-сылқ күлген сұлудың сырғасының сыңғырындай қытықтай түседі. Еркелеп, құшағына құлай кетсең, маңдайыңнан өбіп, бауырына басқан анаңдай майда самал, көк майса, балғын құрақ... бәрі-бәрі – Құдайдың мінсіз шеберлігін үнсіз паш етіп тұрғандай...
...бізге хаттар келеді. Бұрын жаяу-жалпылап таситын поштамен, қазір электронды поштамен. Мектеп оқушыларынан бастап, ел қамы, ұрпақ тәрбиесіне бей-жай қарамайтын қариялар жазады. Жазған жақсы. Адамды тым болмағанда артық ойдан арылтады. Осы ретте оқушыларға қарата бірер сөз айтсақ, қоғамдық-саяси мәселелерге сергек болған жақсы, Елбасының көсемсөздерін білген жақсы, оны орнымен, орайымен қолданған одан да жақсы. Сыныбың, мектебің, ұстазың, ата-әжең, ата-анаң, бауырларың, бірге жүрген достарың жайлы, ауылдағы қызықты оқиғалар, күнделікті өмірдің өз сабақтары, міне, осы тақырыптар ешқашан мәнін жоймайды және ешқашан ескірмейді. Оны күнделікті көретін өзіңнен артық ешкім жаза алмайды, жас дос! Біз сіздерден осындай хаттар күтеміз.
                                                                 
                                                                  Айжан ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ
14 наурыз 2018 ж. 1 104 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031