Жатаханалар тексерістен өтті
БРИФИНГ
Аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес биыл қала және аудандардағы жатақханалардың техникалық жағдайын жақсарту мақсатында арнайы комиссия құрылған. Аталған комиссия төтенше жағдайлардың алдын алу үшін аймақтағы жатақханаларды тексеріп, атқарған жұмыстың қорытындысын жариялады.
Қызылорда облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасының басшысы Марсбек Молдабаевтың айтуынша, облыста 22 жатақхана тексеруден өткен.
– Қалада орналасқан жатақханалардың техникалық жағдайын аккредитациядан өткен 4 мекеме және мемлекеттік орган басшыларынан құрылған комиссия қараған. Тексеру барысында 22 жатақхананың 3-еуінің жағдайы жақсы, 18-і күрделі жөндеуді қажет ететіні анықталған. Сондай-ақ, Титов қыстағындағы №32 жатақхана апатты деп танылды., – деді Марсбек Молдабаев.
Комиссия жұмысының қорытындысына сәйкес 18 жатақханаға қатысты шығарылған шешім Қызылорда қаласы әкімдігіне жолданған. Алдағы уақытта «Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығын жаңғырту» бағдарламасы аясында жатақханаларды күрделі жөндеуден өткізу жоспарлануда. Ол үшін тұрғындардың 70 пайызы келісімі беру керек. Аудандағы жатаханаларды тексеру барысында Қармақшы ауданындағы 150 орындық жатақхана 2015 жылдың наурыз айында апатты деп танылған. Бүгінде бұл ғимарат бос тұр. Ал Жалағаш, Жаңақорған ауданындағы колледж жатақханасының жағдайы жақсы деп танылса, Шиелі ауданындағы 240 орындық индустриалды-аграрлық колледж жатақханасы өткен жылы күрделі жөндеуден өткен.
Айгүл ҚАРЖАУБАЙҚЫЗЫ