» » Наурыз мерекесін тойлауға ислам діні қарсы ма?

Наурыз мерекесін тойлауға ислам діні қарсы ма?

 Міне, Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесі де келді. Әз-Наурыз мерекесі келгенде адамдар күнделікті қарбалас тіршілігіннен бір сәт бас көтеріп, тағы бір жылды аман-есен артқа еңсергендеріне Аллаға шүкіршілік айтады. Күллі Шығыс әлемі үшін «Жаңа жыл» саналатын Наурыз – бірлік берекенің, шаттықтың, қуаныштың мейрамы, қаһарлы қыстан мысқалдап шыққан халықтың жанын жадыратар Көктем мерекесі.
Қазақ мәдениетінің ұлы нышандарының бірі болған осынау Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі жөнінде кейбір бауырларымыз ел ішінде әртүрлі пікірлер айтып та жүреді. Олардың пікірінше, Наурыз мерекесі – бүгінгі күнге әзер жеткен көне зороастризм сенімінің сарқыншағы-мыс, т.с.с
Алланың бары рас. Оны барлығымыз мойындаймыз. Бірақ, діннің жөні осы екен деп ұлттық ділімізге, тарихымызға, әдет-ғұрпымызға қарсы тас атпауымыз керек. Бұл өзіміз отырған бұтақты өзіміз кескенмен бірдей ағаттық. Сан ғасырлардың иірімінен тамыр тартқан қасиетті мейрамымызды дінімізге жат деу – санасыздық, зердесіздік, өз ұлтының тарихына, салт-дәстүріне немқұрайлы қараушылық болмақ. Халқымыздың ежелден желісі үзілмей жеткен көне салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары рухани, мәдени және адамгершілік дүниеміздегі қымбат қазыналарымыздың бірі. Адам баласы шыр етіп жерге түскеннен бастап қартайып дүниеден өткенге дейінгі өмірі үнемі сан ғасырлық наным-сенімі, таным-түсінігі, қоғамдық даму барысындағы ізденістері жинақталған салт-дәстүрлер аясында болады. «Халқым қандай десең, салтымнан сынап біл» демекші, салт-дәстүрлерден этностың мінез-құлқы, үлгі-өнегесі, зейін-зердесі, даналығы мен даралығы, шешендігі мен тапқырлығы, ақыл-ойы, сондай-ақ, Жаратушы мен жаратылысқа, өзін қоршаған жанды, жансыз әлемге деген моральдық, танымдық, этикалық көзқарастары көрінеді. Яғни, салт-дәстүр дегеніміз – халықтың рухани өзегі, мәдениетінің діңгегі, тілінің тірегі.
Наурыз сөзі – парсы жұртының тілі бойынша «жаңа күн» деген мағынаны білдіреді. Тарихшылар әз-Наурыз мерекесін қазақ халқы Ислам дінін қабылдамастан бұрын тойлағанын айтады. Олардың пікірінше, Наурыз мейрамы – қазақ халқының көшпелі тұрмысының қуанышты кездерін бейнелейтін ұлық мереке. Қыс айларында мал-жанын шүберекке түйіп, әупірімдеп көктемге әзер шыққан ел өрістегі малдың аузы көкке ілініп, арқа-басының кеңігенінің құрметіне Ұлыстың ұлы күнін ат шаптырып, аударыспақ ойнап, жамбы атып, балуан күрестіріп, ұлан-асыр той жасап қарсы алатын болған.
Наурыз мерекесінің Ислам дініне қайшы емес, керісінше дінмен үндес мереке екенін Мәшһүр Жүсіп бабамыздың еңбегінен анық көруімізге болады. Ғұлама бабамыз Наурыз мерекесінің шежіресін былайша тарқатады: «Бұл наурызнама той болып, қай заманда басталған жұмыс? Жоғарғы жақта сөйленген Нұх пайғамбар еркегі, ұрғашысы араласып, сексен қаралы жолдаспен кеме жасап мініп, алты ай, он күн суда жүзіп, су тартылып, кемесі Қазығұрт тауына кез болып, соған тоқтап, құрғақшылық көріп, қара жерді басқан. Біреудің әкесі, біреудің баласы, біреудің бауыры, туысқаны қырылып қалып, «салт атты, сабау қамшылы» болып судан шыққан», — деп Нұх (с.а.у)-ның қауымның топан судан аман-есен құтылғандарына шүкіршілік ретінде қазан көтеріп, той жасағандығын жеткізеді. Одан ары қарай: «Сөйтсе, сол күнде ай есебімен санағанда «Мұхарамма» айының оны екен де, жұлдыз есебімен санағанда, күннің хамале бір уәжібіне кірген күні бірінші хамале болып табылған. Нұх пайғамбардың тұңғышы – «Сам» деген баласы. Ғараб, Ғажам – сол самның ұрпағы. Біреуі ай есебін ұстап, жыл басын «Мұхарамма» деп санап, оны «Ғашура күні» деп, мейрам қылып ұстап қалған. Біреуі – Ғажам жұрты, жұлдыз есебін ұстап «Бірінші хамале — жыл басы» деп мерекелейтін болған. Мұның ұстап қалған күні число есебімен марттың тоғызына дәл келіп, қыс пен жаздың аударыс, төңкерісіне тұп-тура, дәлме-дәл шыққан. Мұны біздің қазақ «Бұхар есебі» дейді. Бұл есептен біздің қазақ жұрты орысқа қарағанша, аумай, жаңылмай ұстап келген», – дейді (Мәшһүр Жүсіп. Ит дүние- 242 бет. Алматы, 2008).

Бұдан Наурыз мерекесінің көшпелі қазақ жұртының төл мерекесі екендігін тануға болады. Қазақтар оны «жыл басы» санайды. Тілімізде Наурызға қатысты «жер бетіне жақсылық ұялаған күн», «ұлыстың үлы күні», «ұзақ ұшып келген күн», «жыл басы» – жылқышы торғай (нәуірзек) келген күн, «көк кұт көзін (өсімдік) ашқан күн», «жылдың жерге түскен күні», «Жер-Ананың тоң кеудесі жібіп, тас емшегі иіген күн», «Самарқанның көк тасы еріген күн» тәрізді бейнелі сөз оралымдары сақталған. Дәстүрімізді дәріптеп, асыл мұраларымыздың бедерін айшықтауда орны ерекше бұл мерекені қазақ халқы «жақсылықтың бастауы» деп ұғады.

Тіпті, қазақ халқы бұл мерекеге «әзиз» атауын беріп, ұлыстың ұлы күнін «Әз-Наурыз» деп қастерлейді. Сондай-ақ, әз-Наурыз мерекесін тойлау барысында атқарылатын ағаш отырғызу, көкпар, бәйге, аударыспақ, теңге ілу, балуандар күресі, айтыс, ән-жыр мен терме-толғау айту секілді дәстүрлер де Имам Ағзам мектебіндегі «әдет-ғұрып» қайнар көзіне қайшы емес. Атам Қазақ әз-Наурыз мерекесінде «Ұлыс оң болсын!», «Ақ мол болсын!», «Жаратушымыз жарылқасын!», «Жасың құтты болсын!» деп, ізгі тілектерін жүректен ақтара айтады. Көктемнің келгенін алғаш жеткізетін құсты «Нәуірзек» деп атап, оның ұшып келуін жақсы ырымға балайды. Осы ұлық мереке күні дүниеге келген жас сәбилерге азан шақырып «Наурызбай», «Наурызгүл», «Мейрам, «Мейрамгүл» деп ат қояды. Бір-бірін өлімге қимағанмен, өкпеге қиятын халқымыз ұлыстың ұлы күнінің құрметіне көкіректе беріш боп қатқан өкпе-назды ерітіп, бір-бірін құшағына алып, төс қағыстырып, қайта жарасып жатады. Демек, осындай ізгілікке құралған ұлыстың ұлы тойы – әз-Наурызды Хақ дінге қайшы деп айуға болмайды.

Ұлыстың ұлы күні адамдар бір-біріне деген ренішін ұмытып өзіне де, өзгеге де жақсылық тілеген. Дастарқанның басты асы наурызкөже болған. «Наурыз көжені тойып ішу керек, сонда жыл бойы тоқшылық болады!» деген сенім бар. Дастарқан басында жастар үлкендердің батасын алған. Бата – үлкендердің өзінен жасы кішілерге беретін ықыласты тілегі. Ақсақалдар: «Ұлыс оң болсын! Ақ мол болсын, қайда барса жол болсын!», – деп бата береді.

Әз-Наурыз – халықтың көңілін көтеріп, қуанышқа бөлеп, ізгі-тілектер айтысып, жақсылыққа үндейтін Алланың Хақ діні – Исламға қайшылығы жоқ халқымыздың ежелден тойлап келе жатқан жыл басы мерекесі. Ендеше, бұл ұлық мерекеге бір сәт өзгенің көзілдірігімен емес, өз көзімізбен қарасақ қана даурығуды қойып, салт-дәстүрдің даналығын терең сезіне алмақпыз.

Толығырақ: http://alashainasy.kz/
16 наурыз 2018 ж. 1 213 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930