Қазақстандық өнертапқыш тың жобаларды ойлап тапты
Атыраудың «ақылды ағашы»
Біздің бірінші кейіпкеріміз – елімізге, одан қалды шетелдіктерге де танылып үлгерген, күн мен желден қуат алуға бағытталған «Ақылды ағаш» жобасының авторы Ержан Нұрединов. Ол заманауи құрылғылар арқылы «жасыл энергия» көздерін кәдеге жаратуға болатынын өзінің ұтқыр ойы мен ұшқыр қиялы арқылы әлдеқашан дәлелдеп қойған. Тек, бір өкініштісі, өнертапқыштың ойлап тапқанын жүзеге асыруға әзірге мүмкіндік жоқ.
Осыған дейін де бұқаралық ақпарат құралдарында талай рет жарияланып келген бірегей жоба кепілге қояр қаражаттың жоқтығынан кешегі «ЕХРО-2017» халықаралық көрмесінен де «қағылып» қалды. Ержан бұл үшін қатты қынжылғанын айтады. Өйтпегенде ше?! «Елім үшін не істей аламын?» деп зыр жүгіріп жүргенде, еткен еңбегің еш кетіп жатса, көңілге кірбің ұялайды ғой, әрине. Айтпақшы, жас та болса, ғылымға бет бұрған өнертапқыштың Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде мемлекеттік және жергілікті басқару мамандығын меңгергенін біреу білсе, біреу біле бермес. Сонда, оның ғылым жолына түсуіне не себеп болған?
«Мектеп қабырғасында оқып жүргенімде, шетелдік ғылыми-танымдық телеарналарда көрсетілетін «жасыл технология» туралы деректі фильмдерді көп қараушы едім. Соған еліктеп, ғаламтордан қосымша мәліметтер іздеп отыратынмын. Осылайша, 25 жасымда күн мен желден қуат алатын «ақылды ағашты» ойлап таптым. Оған қажетті күн панелі мен жел генераторының өзі жарты миллион теңге тұрады. Жергілікті әкімдіктен көмек сұрағанымда, бұл мақсатта арнайы қаржы бөлу заң жүзінде қарастырылмаған болып шықты. Ағаштың жобалық көшірмесі Қытайда – 300 мың, ал, өз елімізде 100 мың теңгеге жасалады екен. Ақырында, халықаралық «AliExpress» сайты арқылы 30 мың теңгеге қажетті құралдарды сатып алдым. Ал, кішкентай күн панелін Қытайдан алдырттым. Көшірменің биіктігі – 135 сантиметр»,-дейді жас ғалым.
Шынымен де, аталған жоба іске асса, жаңадан 200 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік туады. Сөйтіп, «ауыл мен қала, көше мен дала» табиғат қуатымен қамтамасыз етілер еді. Керек десеңіз, көшедегі автокөлік жолының бойын да жарықтандыруға болады. Айналып тұратын жел генераторлары жапыраққа, ал, күн панельдері «ЕХРО» көрмесі өткен «Нұр әлем» сферасының шатырына ұқсайды. Ол автоматты түрде жазда шаңнан, қыста қардан тазартылып отырады. Демек, бұл әрі қаланың келбетіне де көрік бермек. Астында демалып отырған адам тегін «Wi-Fi» желісі арқылы ғаламтор мүмкіндігін де пайдалана алады. Сықырлаған сары аязда жылынып алуға болады. Бір ғажабы, бірегей жобаның әзірге басқа елде баламасы жоқ, тек бізде ғана патенттелген.
Тіпті мұнда ұялы телефонды қуаттайтын «USB» жүйесі мен розеткалар да орналастырылған. Қыс мезгілінде орындықтарға жылыту қондырғылары қойылады. Арнайы экранда уақыт, ауа температурасы, жасыл энергия туралы ғылыми-танымдық бейнероликтер мен түрлі бағыттағы жарнамалар көрсетіліп тұрады. Одан түскен табыспен жобаға кеткен шығынды қайтарып алуға болады. Бұл, әсіресе, жарықтан тарыққан шалғай ауылдар үшін өте қажет. Жарамдылық мерзімі – 25 жыл, кепілдік он жылға беріледі.
Екіншіден, ауаға бөлінетін зиянды қалдықтарды да айтарлықтай азайтуға болады. Қалай дейсіздер ғой? Жанармаймен жүретін автокөліктерді электромобильдермен алмастырсақ, оларды дәл осы құрылғы арқылы қуаттауға болады. Енді Ержан шетелдік инвесторларды іздестіріп жатыр. Бүгінде өзі білім алған жоғары оқу орнының аумағына биіктігі алты метр болатын құрылғыны қондыруға «Тексан» компаниясы ниет білдіріпті. Болашақта автор оның дизайнын кәсіби мамандарға жасатқысы келетінін де жасырмайды.
«Сонымен қатар, желден энергия алатын көп қалақшалы жел диірменін жасап шығардым, оны іске қосу үшін қаражат керек. Жалпы, Германия, Жапония, АҚШ мемлекеттерінде «жасыл энергетика» саласы әлдеқашан дамып кетті, біздің елімізге де ақырындап еніп жатыр. Әйтсе де, бізде «жасыл энергия» үлесі тек бір пайызды құрайды, қалғаны су, көмір, мұнай мен газдан алынады.
Күн мен жел қуатын Қытай, Америка, Англия, Испания елдері көп қолданады. Онда арнайы күн панельдері мен жел генераторларын жасап шығаратын зауыттар бар. Биіктігі зәулім ғимараттармен таласатын генераторлардың қуаты да біразға дейін барады. Олар теңіздің үстіне де орнатылады. Себебі, шетелде жер аумағы өте қымбат тұрады. Күн мен жел былай тұрсын, қазір қарапайым толқын мен су ағысынан, тіпті, жер астынан да энергия алуға болады»,-дейді ол бізбен әңгімесінде.
«Алда тағы қандай жүзеге асырмақ ойларың бар?» деп сұрағанымызда, күн мен желден энергия алатын велосипед құрастырғысы келетінін айтады. Серуендеп жүріп, ұялы телефонды да қуаттап алуға болады. Бұл да баламасы жоқ жоба. Қазір Ержан Біріккен Ұлттар Ұйымы ұйымдастырып жатқан конкурсқа қатысып, бағын сынауда. Онда 64 мемлекеттен ең үздік бес жоба таңдалып алынады, содан тек біреуіне ғана 15 мың доллар көлемінде сыйақы мен бизнес бастауды үйрететін Батыс Еуропадағы тегін оқу курсына жолдама беріледі.
Қуаңшылықтан құтқарар құлтемір
Ал, Атырау қаласының тумасы Айнұр Адайбаева шөлге қарсы күресетін робот ойлап тапқан. Оның бұл бағыттағы ғылыми-зерттеу жұмыстары талай халықаралық және республикалық байқаулар мен олимпиадаларда жүлделі орындарға ие болған.
«Бүгінде ару қаламызға шөл қаупі төніп тұр»,-дейді ол. «Оны қойыңызшы, қазір қарапайым мектептегі гүлдердің өзі бұрынғыдай жайқалып өспейді. Мамандардың айтуынша, бұл өңірдегі климаттық жағдайдың өзгеруінен орын алып жатқан жағдай. Осыдан келіп, «неліктен қуаңшылықтан құтқарар құлтемір жасап шығармасқа?» деген ой туды.
Әзірге жоба көшірмесі «Лего» конструкциясының бөлшектері арқылы дайындалған. Енді оны берік бөлшектерден құрастыруды қолға алып жатырмын. Құлтемірдің дене тұрқы адамның өлшемімен бірдей болады. Оны биыл жазда алғашқы сынақтан да өткізіп үлгердім. Оның «қолымен» егілген тұқым бір аптадан кейін өсіп, өнім берді. Ақыры, менің жобам жуырда өткен жастар форумында «Экология» тақырыбындағы ең үздік жоба деп танылды. Бұл ретте ғылыми жетекшім Найзабек Әзербаевтың да еңбегін атап өткім келеді.»
Игілігін көрер күн алыс емес
Жас ғалымдарға жігер беріп, көңілдерін көтеретін жағымды жаңалықтар да бар. Яғни, өңірде «ЭКСПО-2017» көрмесінде қойылған отызға тарта жоба жүзеге асырылмақ. Бұл орайда облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың өзі аталған мәселеге зор көңіл бөлу қажеттігін айтып отыр.
«Жасыл экономика, баламалы энергетиканы дамыту, қоршаған ортаға өндіріс орындарының тигізер әсерін төмендетуге байланысты бірегей жобалар Атырауда да жүзеге асырылу үстінде. Қазір жалпы сомасы 140 млрд. теңгені құрайтын бес жоба қолға алынды. Исатай ауданында қуаты 52 мегаватт жел электр стансасының құрылысы басталды. Арнайы экономикалық аймақта ілеспе газды тиімді пайдалану бағытында құны 100,6 млрд. теңге болатын газ-электр станcасының құрылысы жүргізілуде.
Сондай-ақ, Атырау қаласының жалпы ұзындығы 106,6 шақырымға созылған 39 көшесін энергияны үнемдейтін шамдармен жарықтандыру мәселесі шешілді. Жоба мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде іске асуда, құны 2 млрд. 336 млн. теңгеге бағаланды. Мұнымен қоса, 3,5 млрд. теңге тұратын қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптауға арналған, жаңа стандартқа сай полигон салу жобасы жолға қойылды. Бұдан бөлек, тағы да 23 жобаны қолданысқа енгізу қарастырылуда»,-деді аймақ басшысы.
Айта кетейік, бұл жобалардың бәрі де былтыр жазда өткен «ЕХРО» халықаралық көрмесінде таныстырылған еді.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ