ШАБЫТ ДЕГЕНІМІЗ НЕ?
Тұрсын Жұртбай
Әр істің бір бастауы, бастапқы себебі, қозғаушы күші болады. Жазу өнеріндегі жүйке талшықтарын шүйкелейтін сондай суыртпақтың ой-ұйытқысы – шабыт. Онсыз істің сәті мен мәті түспейді. Онсыз кез келген жазушы қолына қалам алмайды. Ендеше шығармашылық психологиясына қатысты тәпсірді сол шабыттың өзінен бастағанымыз ләзім. Жалпы шабыт дегеніміз не? Өзгелердің шабыты қалай келеді? Сол жөнінде сөз қозғап көрсек.
Француздың ұлы математигі Анри Пуанкаре бір есепті 10 ай зерттеп, шығара алмайды. Ұзақ жылдан соң аяқастынан «ой өлкесі гүлденіп», «ақылдың көзі ашылып» әлгі есептің амалы есіне түсіпті. Сонда тура сол сәтте Пуанкаренің шабыты ұстапты. Ал Альберт Эйнштейн өзінің «салыстырмалы теориясының авторы – скрипка» екенін мойындаған. Жазушы Стендальдің жүйелі жұмысқа үйренгені сондай, «Пармь тұрғындарын» 2-ақ айда бітірген. Ол «Мен қашан өзімнің данышпандығыма көзім жеткенше, яғни 1806 жылға дейін жазуды бастағаным жоқ» депті. Қазақтың майталман әңгіме шебері Бейімбет Майлин өзінің әңгімелерін көшеде, бекетте, жолда, вокзалда, тіпті, ай жарығымен де жаза береді екен. Ал жазушы Гете – ит жетектеген, көзілдірік таққан, усарымсақ жеген адамды жек көріпті. Усарымсақтың исін сезген соң көпке дейін қалам ұстамайды екен. Ал театрға ит жетектеп келушілер пайда болғанда (герцог), жазу қабілетінен айырылып қалудан сескеніп, директорияны тастаған. Шығарманы Бальзак – түнде, Вальтер Скотт – таң сәріде жазған. Виктор Гюго жазу столынан тұрмас үшін шашының, сақалының жартысын алып, не бояп тастайтын болыпты. Метерлинк – таңертеңнен түске дейін түк жазбаса да жазу столында отырады екен. Француздың атақты жазушысы Анатоль Франс жазар алдында 1 графин шарап құйып, соны ұрттап отырып жазады екен. Өнер атаулының барлық түрін меңгерген Ромен Роллан жазуға отырардың алдында жарты сағаттай рояльде ойнайды екен. Марсель Пруст есік-терезені жауып, тесігіне тығын тығып қоюды әдетке айналдырған. Заманы мен қазақ әдебиетіне деген ықыласы бізге жақын жазушылардың ішінде Илья Сельвинский барлық шығармаларын жылы су толтырылған астаудың (вананың) ішінде отырып жазыпты. Шығармашылық демалысқа барғанда, тіпті Ұлы Отан соғысы жылдары қоныс ауыстырған кезінде де «астауын» сүйрете жүріпті. Ғабит Мүсірепов жазуға отырардың алдында қорабымен тұрған су жаңа қарындашты ұштайды екен. Егерде қарындаштың біреуінің ұшы сынып қалса, не көңіліндегідей әдемі ұшталмаса, әрі қарай жазуға ұмтылмай, сол сәтте орнынан тұрып кетеді екен.
«Шабытты» жоққа шығарған Флобердің өзі бірде 3 күн қатарынан 4 сағаттан отырып, түк жаза алмаған соң ақыры ызаға булығып жылап қоя беріпті. Содан түн ішінде оқиға есіне түскенде қуанғаны сондай, сасқалақтап көз жасын сүртетін орамалды әзер іздеп тауыпты. Мұндай мысал әр суреткердің өмір тәжірибесінен табылады.
Иә, «шабыт» дегеніміз, сол дана Абай айтқан «бейнет сусыны» болса керек-ті. Не сусының қанбайды, не жирене алмайсың. Түңіліп қойып іше бересің, іше бересің. Одан басқа жұбаныш – еш жұбаныш әкелмейді. Грибоедовтың «ақылдың азабы» дегені де осыған саяды.