Қазақстандық такси жүргізушісі Сан-Францискода миллионерді тәнті етті
Қазақстандық бизнесмен Айдын Рахымбаевты Сан-Францискода таксист болып жұмыс істейтін Оңтүстік Қазақстан облысының азаматы тәнтті етті, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.
Кәсіпкер Айдын Рахымбаев Сан-Францискода жұмыс істейтін қазақстандық жастармен кездесті. Бұл туралы ол өзінің Facebook-тағы парақшасында жазған.
«46 қазақ бір жерде! Әртүрлі қаладан келген ерекше жастар жиналды: Қызылорда, Ақтөбе, Көкшетау, Қарағанды, Ақтау, Семей, Алматы, Павлодар, Астана мен өзге де аймақтар. Бұл талантты жастар түрлі бағдарламалар аясында АҚШ-тағы айтулы оқу орындарында білім алуда, оның ішінде Болашақ бағдарламасы да бар. Мұндағы біздің жастар Google сияқты түрлі азулы компанияларда жұмыс істейді. Шынымды айтсам еліміздің өршіл ақылды жастарын көріп қуанып қалдым», - деп жазды Рахымбаев Facebook-тағы парақшасына.
Сонымен қатар, кәсіпкер осы кездесуде орын алған қызықты жағдайменде бөлісті.
«Біздің жастармен кешегі кездесуімізде әрқайсысы тұрып өздерінің қайда жұмыс істейтінін, қайда оқитынын айтып, таныстырып жатты. Беркли — қаржы, құқық… Стенфорд — инженерия, докторантура, магистратура, Google — қаржы, жүйелік әкімші. Міне осы кезде қатты кешігіп бір жас бала кіріп келді. АҚШ-та немен айналысасын деген сұраққа «Uber де iстеймiн!» деп жауап берді. Барлығымыз қандай іскер жігіт екен, оған қоса сұраққа қазақша жауап береді деп таңғалдық», - дейді Рахымбаев.
Оның айтуынша, бұл бала келген қонақтардың бәрін таңғалдырған, Uber-де кім болып жұмыс істейсін деген сұраққа жүргізушімін деп жауап берген.
«Осында қазақтар жиналып жатқанын естіп келдім. Өзім Оңтүстік Қазақстан облысынанмын, осы елге келіп өзіме жұмыс тауып, еңбек етіп жатқаным жайым бар, деп қазақша жауап берді. Сенесіздерме оңтүстіктің қарапайым баласы, аудан орталығынан, ағылшын тілін жарытып білмейді, Сан-Францискода такси жүргізеді. Оңтүстіктің жігіттерінің алғырлығы таңғалдырады», - дейді миллионер.