Классикалық музыканың сиқыры
Моцарт, Бетховен, Штраус, Шуберт есімдерін ойға алғанда бірден көз алдымызға фортепианоның келуі заңдылық. Заманының заңғар композиторлары жер-жаһан тіршілігін тоқтатқанша талай ұрпақ орындап өтетін ғажап туындылар қалдырған. Пианино, скрипка, альт, контрабасс, виолончель, флейта, т.б. музыкалық аспаптардың тілін түсінген адамның жаны күйзеліске қарсы берік болады.
«Әннің де естісі бар, есері бар, тыңдаушының құлағын кесері бар» деген данышпан Абайдың нақылы бүгінде өз мәнін еш жоймаған. Есті әндердің қатарына ең алдымен классикалық әуендерді жатқызсақ ешкім дау айта қоймас. Өйткені, бүгінгі медицина ғылымы сан ғасырдан бері бір нотасы өзгермеген классикалық туындылардың тыңдарманға ерекше көңіл күй, жан дүниесіне тыныштық сыйлайтынын дәлелдеп отыр. Әсіресе, дәрігерлер қала тұрғындарына классикалық музыканы көп тыңдауға кеңес береді. Себебі, таза аспапта ойналған әрі сөзі жоқ музыкада табиғаттың дыбысына ұқсас элементтер кездеседі. Ал бұл өз кезегінде игі әсерін тигізіп, кең ойланып, кез келген істе дұрыс шешім шығаруға сеп болады екен.