«Ақмешіт жастары» ЖАҢАҚОРҒАН АУДАНЫНДА
Ақпарат кеңістігінде – «Ақмешіт жастары»
Аудандағы жастар саны – 22736. Бұл аудан тұрғындарының 24,6 %-на тең. Шетелде білім алатын жастар саны – 12. Жоғары немесе арнаулы білімі жоқ жастар саны – 596, өзге ұлт өкілдері – 97, әскер қатарындағы жастар – 188. Сондай-ақ жұмыспен қамтылған жастар саны – 2198, жұмыссыз жастар саны – 211, өзін-өзі жұмыспен қамтушылар – 2254. Жас кәсіпкерлер – 115, «Дипломмен ауылға» жобасы бойынша жұмыс істейтін жастар – 540, облыс әкімінің грантын ұтып алған жастар саны 61.
Өткен аптада облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының ұйымдастыруымен облыстық «Ақмешіт жастары» газетінің 5 жылдығы қарсаңында Жаңақорған ауданында «Ақпарат кеңістігіндегі – «Ақмешіт жастары» тақырыбында редакция ұжымы жастармен кездесті. Бұл шара бейресми, еркін форматта өтті. Кездесуге аудандық жастар ресурстық орталығының өкілдері, кент, ауылдық оркугінің белсенді жастары, жас кәсіпкерлер, жас мамандар, жастар ұйымдарының жетекшілері қатысты.
Аудандық «Жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің аға кеңесшісі Нұрхан Айдаров мекеме қызметкерлерімен таныстырып, ауданда атқарылған жұмыстарға тоқталды.
– Орталықта 4 қызметкер және барлық 25 ауылдық округінде жастар ісі жөніндегі әдіскер жұмыс істейді. Орталық жанынан «Дебат үйірмесі», «Еріктілер жасағы», «Жайдарман» клубы, бильярд, теннис, шахмат үйірмелері бар. Кәсіпкерлікпен айналысуға ниет білдірушілерге «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімі, Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасының Жаңақорған аудандық филиалы жобалары ұсынылды. Бір сөзбен айтқанда, Жаңақорған ауданы кәсіпкерлік саласында өзге аудандардан көш бастап тұр. Себебі бүгінде ауданда 115 жас кәсіпкер бар.
Кездесу барысында «Ақмешіт жастары» газетінің бас редакторы Айжан Абдуллаева бүгінгі ақпараттық қоғамның бет алысы жөнінде бірер сөз сөйледі.
– Академик Ғарифолла Есімнің сөзімен айтсақ, біз өмір сүріп жатқан қоғамның мазмұнын анықтайтын фактор – ақпарат. Оны біз ақпараттық қоғам деп жүрміз. Бүкіл әлем бір сәтте үйіңізге сыйып кетеді. Интернет, элетрондық пошта жүйесі, жетілген коммуникация әлемді тұтастырып барады. Бұрынғыдай әр елдің «сыр» сақтауы мүмкін емес. Ел ішіндегі оқиға ертеңіне-ақ әлем тілдерінде басылым беттерінде жария етіледі. Мұнын бәрі біздің ой-өрісімізге, сана-сезім, мінез, тұрмысымызға сапалы өзгерістер енгізуде, – деді Айжан Жұмабекқызы.
Элетронды медиа баспасөзді басып озбай ма деген қауіп құшағындағы бүгінгідей уақыт сайт жұмысын жетілдіруді ұсынып отырғаны белгілі. Бұл тұрғыда әлеуметтік желілердің әлем-жәлем дүниесінен құтқаратын сындарлы сайт қалыптастыру деген мәселе туындайды. «Ақмешіт жастары» сайтының редакторы, журналист Ерасыл Шәрібек залдағы көрермен көкейіндегі сұрақтың тиегін ағытты.
- Сәті келген істің салмағы жеңіл. Шыны керек, асыға күткен осы сәт біз үшін үлкен мәнге ие. Рас, сайт арқылы республикада, әлемде болған жаңалықтарды кенінен насихаттап, оқырмандарға тың ақпараттарды ұсынып жүрміз. Күнделікті 5-7 мың оқырманымыз бар. Бұдан ақпараттық технологияның дамыған заманы екенін айқын аңғаруға болады – деді Ерасыл Шәрібек. Газетке мақаланы қалай беруге болады деген оқырмандар сұрағынан басталған жиын ұсыныс-тілекке, жылы лебізге ұласты
Махаббат шайы
Жаңақорғанда «махаббат шайы» деген ерекше шай бар. Оны «Атамекен» асханасына бас сұққанда аңғардық. Дастарқан мәзіріндегі қара шай мен көк шайды бірге демдейтін «Тәшкент шайы» пайда болғалы да біраз уақыт өтіпті. Тамақтануға келген қалың жұрт ауызекі тілде «махаббат шайы» деп атайды екен. «Махаббат шайы» –қара шай мен көк шайдың ғажап қосындысы. Лимон мен бал қосылған. Бір аңғарғанымыз, асханаға келушілердің дені осы шайға тапсырыс беруде. «Шаршағанда осы шай қуат береті сеземін. Ылғи да қарбалас жұмыстан қол босап, оңаша қалсам, осында келемін» дейді әңгіме барысында әріптесіміз «Жаңақорған тынысы» газетінің бөлім басшысы Мақпал Марқабай.
ЖОЛДЫҢ ЖАЙЫН ЖҮРГЕН БІЛЕР
Айналаға зер салып келеміз. Тұрғындар қарапайым көрінеді. Қайнап жатқан тіршілік. «Жаңақорған тынысы» редакциясынан Ордакентке барар жолда Мақпалдан «ауданның қандай мәселесі өзекті» деп сұрадық әңгіме арасында. Ол «асфальтты қоя тұрайық, аяқжол маңызды» дейді сыпайы жымиып.
Жаңақорғандағы алғашқы бағытымыз «Жаңақорған тынысы» редакциясынан шығып, аудандық жастар ресурстық орталығына қарай беттедік. Бір көшенің бойында әкімшілік, «Нұр Отан» партиясы», орталық базар орналасқан екен. Жаяу жүргінші жолындамыз. Тротуар (аяқжолдың) болмау салдарынан ауданда көптеген жол апаты орын алатын көрінеді. Көшеде жастар көп жүреді. Көлік жүргізушілеріне тротуар бар ма, жоқ па бәрі бір. Көзбен көргеніміздей, жылдамдықты асырып, жүйткіп өте шығады.
Біздің кейіпкер
КӘСІПТІҢ КӨЗІН ТАПҚАН
Аты – Мұхтар. Фамилиясы – Шаханов. Үйленген. Жасы – 24-те. Ата-анасымен бірге тұрады. Онда жұрт ардақ тұтып, хан көтеріп әкететіндей демесек те, жігерлі ынта, құлшыныс, серпіліс, әсіресе, жастыққа тән жалын бар. Бәлкім, біз ол туралы ертелеу жазып отырған шығармыз. Бірақ біз онымен жолыққанда, басқаның бойынан аңғармаған бір қасиетті көңілге түйдік. Мүмкін өн бойындағы жұртшылыққа жұғымдылық, мейлінше қарапайымдылық қызықтырған болар.
Мұхтар Шаханов – «Нұр – Сәуле» той ұйымдастыру орталығының директоры. 2017 жылы «Үздік жас кәсіпкер» номинациясы бойынша марапатталған. Облыстық фото көрмеде І орынды жеңіп алыпты. Кәсіптің көзін тапқан жас бүгінде 3 адамды жұмыспен қамтуда.
– Іске аспай қалған жобалар көп. Оны биылдан қалдырмай бітірсек деген жоспар бар. Жалпы кәсіпкерлік палатасы, жастар ұйымымен бірігіп жұмыс істейміз. Қызылордада өмірлік мәні бар роликтер, түсірілімдер жоқтың қасы. Сондықтан осы жобаны қолға алдық. «Нұр – Сәуле» деп аталу себебі әкемнің есімі – Нұрлан, анамның аты – Сәуле. Екеуін қосып осылай атадық. Ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан ұсынылған бағдарламаларға қатысып, аудан, ауыл көлемінде кәсіпкерлікті дамытуға үлес қосуға шақырамын, – дейді жас кәсіпкер.
Оқырман пікірі
Ибадулла Сейітмұратов,
Мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс жасайтын мекеменің қызметкері:
– Мүмкіндігі шектеулі балалар арасында көптеген шаралар өтуде. Сол іс-шара газет бетіне жарияланса деген ұсынысым бар. Бұл мүмкіндігі шектеулі балалардың ата-аналарының да белсенді болуына әсер етеді деп ойлаймын.
Айсұлу Әбілдаева,
аудандық балалар мен мәдени тәрбиелік жұмыстар орталығындағы «Сәндік қолданбалы өнер» көрме бірлестігінің жетекшісі:
– Бізде он шақты мұғалім жұміс істейді. Көбіне оқушылардың шығармашылық жұмыстарына ден қоямыз. Іскер оқушыларымыз бар. Сайысқа қатысып, жүлделі орындар алып жүр. Соны газетке беріп тұрсақ деген өтінішім бар.
Әліби КӨШЕРБАЙ,
«Арман асуы» қоғамдық қорының төрағасы:
– Газеттің тұрақты оқырманымын. Газетке ақпарат берілуі, сіздердің журналистердің шығармашылығы, тақырып табудағы шеберлігі ұнайды. Тәрбие беруде «Шаңырақ», студенттерге арналған «Бозбала мен бойжеткен» көшбасшы жастарға арналған «Темірқазық» беттері газеттің жүгін көтеріп тұр. Газеттің ұжымын көріп, арнайы танысқаныма қуаныштымын.
Мақпал Марқабай,
«Жаңақорған тынысы» газетінің бөлім басшысы:
– Облыстан шығатын газеттердің барлығын оқимын. Десе де жүрегіме жақыны – «Ақмешіт жастары» газеті. Әрбір тақырып адамды елең еткізеді. Ұжымның қаламы ұштала берсін. Биік дәрежеде шығармашылық табыстарға кенеле берсін дегім келеді.
Әділ ӘМірбеков,
«Сыр серілері» реалити шоуының жеңімпазы:
– Газет шыққан уақыттан бері оқып келемін. Жастар басылымына арнайы жазыламын. Газеттегі мақалаларды қызыға оқимын. Есте қалатын тақырыптар көп. Сіздерге шығармашылық табыс тілеймін. Жазар таусылмасын.
Сөз соңы: Жастар ресуртық орталығынан жыл басынан бері түрлі мәселе бойынша 240 жас жұмыссыздық, кәсіпкерлік, мемлекеттік бағдарламалар, «Жасыл ел», «Жас құрылысшылар» еңбек жасақтарына қатысты кеңес алған екен. Нәтижесінде «Құрылыс жасағы» бойынша 8 жас жұмысқа тартылып, «Жасыл ел» еңбек жасағында 120 жас жұмысқа орналасқан.
Мөлдір КЕНЖЕҒҰЛОВА