» » РУХЫ КҮШТІ АРДАГЕР

РУХЫ КҮШТІ АРДАГЕР

 Сүйінші, қуан шаттан, алақайла,
Сал жиған – тергеніңді талапайға.
Зарығып, төрт жыл бойы күткен сәтті,
Тойласын, ата – ана, балақай да.
Ақ пенен қара қашан келісіп ең?
Қашан да әділдіктің өрісі кең!
Төрт жылғы тажал соғыс аяқталды,
  Кеңестік жауангерлер Жеңісімен! – деп ақын Кемелбек Шаматаев жырлағандай 1418 күн мен түнге созылған Ұлы Отан соғысы аяқталғанына бүгінгі таңда 70 жыл толып отыр. Алайда, Ұлы Отан соғысының тарихы төрт жылмен шектеліп қалмайды, ол тұтас дәуірді қамтитын, қиындығы мен құпиясы жыл өткен сайын біртіндеп ашыла түсетін – ерлік тарихы. Бұл тарихтың шежіресі - өшпейтін, өлмейтін, тозбайтын құбылыс.
  Бұл КСРО құшағындағы әртүрлі ұлттар мен ұлыстардың бас біріктірген тарихи жеңісі. Ұлттың рухын теңселтіп, адамдардың санасын шайқалтқан дүрбелеңде қазақ халқы өз рухының кемелдігін, батырлық тамырының тереңдігін дәлелдеп берді.
  Гитлерлік Германия біздің елімізге қарсы тосыннан соғысты бастағанда өзіне қарсы төрткүл дүниені ат тұяғымен дүбірлеткен даңқты бабалардың лайықты ұрпағы қарсы тұрғанын білмеді. Азаттық жолында қаншама қиындықтарды бастан кешкен қазақ халқының ауыртпалықтарын қабырғасы қайысса да морт сынбайтынын, еңсесі езілсе де рухы түспейтінін, асылын берсе де, намысын бермейтінін есепке алмаған еді.
Миллиондаған ер азаматты мерт қылып, ананы жесір, баланы жетім еткен сұм соғысқа Қармақшы топырағынан 1942 жылы Құланбаев Әнтай әкеміз де аттанған еді.
Әнтай әкеміз 1912 жылы 9 мамырда қазіргі Дауылкөл ауылдық кеңесінде, Тұрмағамбет ауылында дүниеге келген. Ол еңбек жолын 1930 жылы колхозшы болудан бастаған. Туған жерге деген патриоттық сезіммен ел ісіне құлшына араласып, 1936-1942 жылдары Томарбөгет колхозында есепші болды. 1941 жылы партия қатарына қабылданып КПСС мүшелігіне алынды. 1942 жылы майданға шақырылып, алғаш соғыс даласын шарпыған Украина жерін азат етуге қатысты. Елдік пен ерлік сыналған шақта Днепр өзенінен немістерді қуып, ерлік көрсетуге қатысқаны үшін «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталды. Жауынгер ақын Нұрмағамбет Жанаев әкеміз жырлағандай:
Немісті суға батырып,
Көрсеттік ерлік батырлық.
Днепрден өтерде,
Жанталасты фашист те,
Бар күшін салып ұрысты
  Тосқауыл бізге етерге, - деп жырлағандай Днепрді алу үлкен жеңіс болды.
  Миллиондаған ер азаматты мерт қылып, ананы жесір, баланы жетім еткен сұм соғыста ел қорғаған қарулы күштің ішінде Құланбаев Әнтай әкеміздің де ерлігін мақтанышпен айта аламыз. Бала болсақ та омырауы орден, медалдарға толы Әнтай әкенің көкірегінде Отанға деген адалдық, ұрпаққа деген аманат, бейбіт өмірге де қанағат құлшынысын байқайтынбыз.
  Қызыл жұлдыз орденімен қатар тізбектеліп, Германияны 1941 – 1945 жылғы Ұлы Отан соғысында жеңгені үшін медалі, Ұлы Жеңістің 25 жылдық медалі, СССР қарулы күштерінің 50 жылдық медалі, 1941 – 1945 Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ерлік медалі, Ұлы Жеңістің 20 жылдық медалі, СССР қарулы күштерінің 60 жылдық медалімен және 1977 жылы «Еңбек ардагері» медалдары жарқырап, ерлік үлгісін паш еткендей, ел мақтанышына айналған баталы қария болды. Батылдық пен қайсарлықты қару еткен Әнтай әке 1945 жылы қыркүйек айында елге аман оралды. 1946 – 1945 жылдары колхоздардың бастауыш партия ұйымдарының секретары қызметін, колхоз председателі қызметін атқарды. 1955 – 1956 жылдары Дауылкөл ауылдық Советі атқару комитетінің председателі болды. 1956 – 1957 жылдары Ленин атындағы совхоз партия ұйымының секретары, 1957 – 1962 жылдары Ленин атындағы совхоздың қой фермасының басқарушысы, 1962 – 1965 жылдары совхоз директорының орынбасары, 1965 – 1970 жылдары совхоздың егіншілік бөлімінің басқарушысы, өндіріс бригадирі болып еңбек етті. 1972 жылы еңбек демалысына шыққаннан кейін де шаруашылықтың әртүрлі саласында еңбек етіп, совхоз экономикасы мен мәдениетін өркендетуге елеулі үлес қосып, еңбекке белсене қатысты. Үрзия апамызбен бірге үш ұл, үш қыз бала тәрбиелеп, оқытып, қоғамға қосты.
  Әнтай әкемізді: «көпшіл, қонақжай, қолы ашық, үйіне қонақ көп келетін дастарханды кісі еді» деп айтып отыратын әкелеріміз. Әнтай әкеміздің ұрпақтары Республикамыздың әртүрлі аймақтарында елге қызмет етуде. Шаңырағын биіктетіп, артына ұялтпайтын ұрпақ тәрбиелеп қоғамда өзінің өнегелі тәрбиесімен айшықты орын қалдырған Әнтай әкеміздің баласы Құланбаев Мұратбек ағайды да мақтан тұтамыз. Ел, тарап дағдарысқа түсіп жатқан сәтте екіге бөлінген Тұрмағамбет ауылын біріктіріп елді дағдарыстан алып шығып, өркендеген қарышты ауыл қатарына қосты. Ауыл орталығынан мешіт салдырып, ел – халық ризашылығына бөленді.
  Міне, «Өнегелі өркен» деген даналық ұғым түсінігі осы деп ойлаймын. Қазіргі таңда рухы мықты, өнегелі әулетке басшылық жасап, ұрпаққа ақылшы боп Ұлтай апамыз шаңырақ шамын жарқыратқан әже болып, ел құрметіне бөленуде. Күн өткен сайын Жеңіс күні жақындап келеді. Ардагер әкелеріміз жайлы қалай қалам тербесек те жеткіліксіз. Мың тағзым ардагер әкелер! Сіздердің теңдесі жоқ ерліктеріңіз естелік болып, намысты қамшылайтын, рухты асқақтататын қырларыңыз ұрпақ үшін құнды. Мұндай қасиетті ерліктеріңізді үкілеп ұстау бүгінгі ұрпаққа парыз. Өліммен өмір кескілескен қиын сәтте қол жеткізген Жеңісімізді, бүгінгі Бейбіт өмірімізді бағалай білейік.
Зарипа ТАСЫМОВА,
№29 Т.Ізтілеуов атындағы қазақ орта мектебінің директоры
Тұрмағамбет ауылы,
Қармақшы ауданы
09 мамыр 2018 ж. 631 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031