» » Қазалыда 80 жастағы желаяқ қария тұрады

Қазалыда 80 жастағы желаяқ қария тұрады

    Қазалы ауданының 80 жастағы тұрғыны Аққоян Ырсалиев күніне 12 шақырым жүгіреді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Теміржол саласының ардагері Аққоян Ырсалиев жастайынан салауатты өмір салтын ұстанады. Оқушы кезінде бокспен айналысқан. Ал Отан алдындағы азаматтық борышын әуе-десант әскері қатарында өтеп, парашютпен 281 рет секірген екен. Күні бүгінге дейін өзін жағымсыз әдеттерден аулақ ұстап келеді және ардагерлер арасында өтетін дойбы, шахмат, нысана көздеу, жүгіру жарыстарына тұрақты түрде қатысып, жүлделі орындар алып жүр. Сондай-ақ, күн сайын таңертең жүгіріп, жаттығу жасайды.
«1988 жылы Қапал-Арасан шипажайында демалдым. Сонда қайраткер Дінмұхамед Қонаев та демалып жатыр екен. Ол кісімен таныстым. Зиялы, салмақты адам. Екеуміз күнде екі шақырым жүгіретін болып келістік. Осындай ұлы адаммен қысқа уақыт болса да дидарласып қалғаныма қуанамын. Ал 2011 жылдан бері Алматы марафонына қатысып жүрмін. Марафоншылар әртүрлі дистанция бойынша жүгіреді. Мен өткен жылғы марафонда 22 шақырымды бағындырдым. 70 жастан асқан адамдар арасынан бірінші орынды жеңіп алдым. Ал биылғы Алматы халықаралық марафон жарысында 1780-ші болып тіркеліп, 21 шақырымды 3 сағат 15 минутта жүгіріп өттім. Сөйтіп, алтын медальға ие болдым. Медальді қала әкімі Бауыржан Бәйбек тапсырды. Басқа да жетістіктерім жетерлік. Мұның бәрі тыңғылықты дайындықтың арқасы. Себебі, күн сайын кемінде 10 шақырым жүгіремін, ал марафонның алдында 30 шақырымды бағындырамын», - деді Аққоян Ырсалиев. 
Қазалы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Оразғали Бекбанов желаяқ қарияның шапшаң қозғалатынын, көңілі сергек, мінезі елгезек екенін айтады.
«Марафон жарысына Аққоянды шығарып саларда «Сыр өңірінің намысын қорғауға бара жатқан жалғыз ардагерсің, орын алып келетініңе сенемін» деп үміт артқанмын. Сенімді ақтап, бізді қуантып тастады. Спортты серік еткен, қайрат-жігері мықты осындай қариялар жастарға үлгі болады», - дейді О.Бекбанов.
13 шілде 2018 ж. 707 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031