ҚАЗАҚСТАНДЫҚ КИНОТЕАТРЛАРДЫҢ ТАБЫСЫ ҚАНДАЙ?
Қазақстандық кинотеатрлар билет бағасын қымбаттатуға асықпайтын сыңайлы. Себебі, бір жыл ішінде билет құны небәрі 1% ғана қымбаттаған. Мұнымен қатар, биыл отандық фильмдер үлесі 36% артты, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.
Салыстырмалы түрде басқаларына қарағанда кино билетінің бағасы Астана (1533 теңге, бір жыл бұрынғы көрсеткішпен бірдей), Алматы (1224 теңге, бір жылда +7,7% өскен) және Ақтау (1 200, өзгеріссіз) қалаларында қымбат.
Өткен демалыс күндері ticketon.kz порталының мәліметінше, Қазақстан бойынша Marvel Comics ұсынған супер қаһармандар туралы сиквелдің жалғасы «Дэдпул-2» фильмі бәрінен көп көрілген. Аталған фильмнің режиссері Дэвид Литч болған еді. Фильм 17-20 мамыр аралығында 540 млн теңге жинады.
Екінші орында «Кек қайтарушылар. Мәңгілік соғыс» - ағайынды Руссолар ұсынған қаһармандар туралы саганың төртінші бөлігі. Фильм үш апта ішінде 30,3 млн теңге жинады.
Үшінші орында режиссер Роб Гринбергтің «За бортом» атты комедиясы тұр. Фильм бір демалыста 13 млн теңге жинады.
2017 жылдың қорытындысы бойынша, Қазақстанда кинотеатрлар саны 2,1% өсіп, 96-ға жетті. Ал кинозалдарының саны бірден 19% өсіп, 313 болды. Ал олардағы орын саны 12,8% өсіп, 46,7 мыңға жетті.
Ұлттық фильмдер көрсетілім саны бір жарым есе өсіп, 78,2 мыңға жетті.
2017 жылы кинотеатрлардың жалпы табысы 18,5 млрд теңгені құрады. Бұл 2016 жылмен салыстырғанда 31,2% көп.
Сондай-ақ, қазақстандықтар киноға жиі баратын болды. Киносеансқа кірушілер саны бір жылда 21,6% өсіп, 17,6 млн адамға жетті. Мұнымен қатар, жасы кіші көрермендердің де саны артты – бір жылда 9,4% өсіп, 3,5 млн адамды құрады.