» » ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ТЕСТКЕ СЕНЕСІЗ БЕ?

ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ТЕСТКЕ СЕНЕСІЗ БЕ?

    Психология саласында адамның мінез-құлқын, эмоционалды жағдайын, белгілі бір оқиғаға көзқарасын анықтау үшін әр түрлі тест қолданылады. Ол сұрақтан, суреттен, оқиғадан, әр түрлі түстен құралады. Дегенмен оның нақтылығына қатысты ғалымдардың пікірі екіге бөлінді. Бір тобы ғылым ретінде қарастырса, енді бірі жай көңіл-көтеретін рекреативті сала деп қарайды. Ал сіз психологиялық тестке сенесіз бе?
     Мұндай тесттің нақтылығын қарастырмас бұрын олардың танымал түріне тоқталайық. Әйгілі психолог Макс Люшердің тесті адамның өзіне ұнаған түсті таңдауы арқылы жүзеге асады. М.Люшердің пікірінше, адамның кей түсті қатты, кей түсті мүлде ұнатпауы адамның эмоционалды жағдайынан сыр шертеді. Тесттің негізі – сегіз түс. Тестке қатысушы ұнайтыннан бастап, ұнамайтынына қарай түстерді таңдап шығады. Нәтижесінде адамның ішкі эмоционалды белсенділігі мен проблемалары анықталады.
1978 жылы жүйке жүйесінің жағдайын анықтайтын тестті К.Яхин мен            Д.Менделевич ойлап тапты. Бұл тестте арнайы сұраққа «ешқашан», «жиі», «кейде», «сирек», «әрқашан» деген сөз арқылы ғана жауап беруге мүмкіндік бар. Тест 68 сұрақтан тұрады. Психолог жауаптарды есептеп, адамның жүйке жүйесінің жалпы жағдайын, басталып келе жатқан жүйке ауруларын анықтайды.
Сонди тесті барлық адамда болуы мүмкін психологиялық ауруды әртүрлі портрет көрсету арқылы анықтайды. Яғни тестке қатысушы адам алдына қойылған 8 портреттің ішінен өзіне ұнаған төртеуін таңдайды. Портреттер ақ-қара түсті, кейбірі психикаға қатты әсер ету мүмкін.
1945 жылы Саул Розенцвейг адам бойындағы агрессия деңгейін анықтау үшін индивидуалды тест ойлап тапты. Оның тестінің мақсаты –адамның қиын жағдайда өзін қалай ұстайтынын анықтау. Осылайша арнайы салынған суретте сенімсіздік таныту, кінәлау, ренжіту секілді сөздер бар 16 оқиға сипатталады. Қосымша 8 суретте адамды айыптап жатқан сұрақ  бар оқиға беріледі. Бос орынға қатысушы жауап жазу керек.  Сонымен қоса, адамның жазуына қарап та оның мінез-құлқына баға беретін тест бар.
      Кей ғалымдардың психологиялық тесті шындыққа жанаспайды деуіне себеп бар.  Мәселен, әлеуметтік желіде танымал болған мына сұрақ адамның қылмыс жасауы мүмкін, не мүмкін емес екенін анықтайды: «Анасын жерлеу кезінде қыз бір жігітті көріп ғашық болады. Ертеңіне туған тәтесін өлтіреді. Не үшін?». Бұл логикалық сұрақ. Десе де жауабын дәл тапқан адамның ойлауы қылмыскердің пайымдауымен бірдей болуы ықтимал. Бірақ психологтардың айтуынша, қылмыс жасауға жақын адамды анықтау мүмкін емес. Сол себепті психологтар мұндай психологиялық әдістер көңіл-көтеру үшін ойлап табылған деген тұжырым жасайды. Ал сұрақтың жауабы да, сұрақтың өзі секілді қорқынышты. Қыздың өз тәтесін өлтіру себебі – ұнатқан жігітін қайта көру. Жігіт жерлеу рәсімін жүргізетін адам екен.
Адам психологиясын зерттеуде әртүрлі әдіс қолданылатыны белгілі болды. Бірақ сол әдістің барлығы адам туралы нақты ақпарат бермейді. Тек жалпылама сипаттауы мүмкін.
31 мамыр 2018 ж. 2 114 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031