» » Дүниенің түбіне дүние жетеді

Дүниенің түбіне дүние жетеді

   Қазіргі заманда байлыққа қызығатын адам көп. Олардың бай, беделді, абыройлы болғысы келетіні әбден анық. Тер төкпей, тез ақша тапқысы келетіндері де жасырын емес. Жастар ұялы телефон, киім, машина сынды дүниеге қызығады. Адамзат баласының қанша байлыққа құнықса да, о дүниеге алып кететіні не? Атақты Александр Македонскийдің, бізше – Ескендір Зұлқарнайынның, табыттан бір қолы шығып, ашық алақаны көрініп жатыпты деген тәмсіл бар. «Мен әлемді билегеніммен, алып кеткен түгім жоқ» дегеннің ишарасы екен бұл. 
Жақында құрбым қоңырау шалып, тұрмысқа шығатынын айтты. Танысқанына көп уақыт болмапты. Айтуынша, жігіт дәулетті көрінеді. Жалға беретін пәтері де көп екен. «Маған көлік сыйлады» дейді. Күлкісінен қуанышты аңғару қиын емес еді. Болашақта шалқып өмір сүремін, енді жоқшылық орын алмайды» дейді. Арманы – қомақты ақшаның астында қалу. Жігіт барынан айырылғанда, қолын бір сілтеп кетпесіне кім кепіл? Себебі, қыздан ана бақытын сезіну, сол үйдің отымен кіріп, күлімен шығу, жоқтан бар жасау деген тілектің ұшы да көрінбейді. Құп делік, бақытты болсыншы!
Махатма Ганди «Адам әуелі өзінің отбасын, одан соң елін, ең соңында Отанын, содан барып адамзатты сүюге жетеді»  – дейді. Бұл – ұлы ұстаз, ұлы ойшылдың жүрек сыры. Ал қазір дүниеге, байлыққа, мансапқа құмар жастарды ғана аңғарамыз.
 Жазушы Уалихан Қалижанов «Замана сыны» кітабында: «Адам шыр етіп дүниеге келеді. Жылап келеді, жылатқызып кетеді. Дүниеге келген соң не бітірдің, не істедің: оның сұрауы бар. Бірін Алла, екіншісін тарих сұрайды. Әрине, біреулер дүниеге үнсіз келіп, ұрпаққа үлгі етіп, тарих үлесіне кіреді. Олар мыңдаған жылдар бойы ұмытылмайды. Ал, енді біреулер өз ауылының, өз өлкесінің тарих шежіресіне еніп, бүтін бір әулеттің мақтанышына айналады» дейді.  Иә, қазақ дүние жалған деген. Дүниенің жалған екенін анық біліп, шын түсініп айтқан. Мынау жарық дүниеге не жетеді?! Осынау жалпақ әлемде адамзат баласының айтысып, тартыспай, өзара қырқыспай өмір сүруіне болар еді, қазақтың осы бір ауыз сөзіне құлақ асса!
Абайдың бірінші қара сөзінде «Бұл жасқа келгенше жақсы өткіздік пе, жаман өткіздік пе, әйтеуір бірталай өмірімізді өткіздік: алыстық, жұлыстық, айтыстық, тартыстық – әурешілікті көре-көре келдік. Енді жер ортасы жасқа келдік: қажыдық, жалықтық: қылып жүрген ісіміздің бәрінің баянсызын, байлаусызын көрдік, бәрі қоршылық екенін білдік. Ал, енді қалған өмірімізді қайтіп, не қылып өткіземіз? Соны таба алмай өзім де қайранмын», – дейді. Ал қырық төртінші сөзінде «Біреуі мал қуып жатыр. Сарандықпен, арамдықпен, әйтеуір мал тапсам, «Мал тапқан ердің жазығы жоқ» дейтұғын, халықтың түріне қарай, ит те болса, малдыны сөге алмайды деп, бұл мал Һәм пайда, һәм қасиет болады бойыма дейді. Мұнысы рас, қазақтың өз құлқына қарағанда, бірақ адамдыққа, ақылға қарағанда, қазақ түгіл, көңіл жиіркендіретұғын іс», – дейді.
Нұртөре Жүсіптің «Бәріміз де ертеңгі күн үшін алаңдаймыз. Келешек қандай болады, елдің, жердің жағдайы қалай болмақ деген сауалға әрбір саналы адамның бас қатырары сөзсіз. Таяу бес жылдықтар мен алыстағы онжылдықтар туралы екінің бірі болжам жасап, ой толғай алмайды. Ертең не болатынын білмейтін адам көп. Елдің ертеңі қандай болатынын ойлайтын адам сирек. Ел мен жердің жағдайын ел сенген ерлер ғана ойлайды» деген еді бір сөзінде. Шындығында екінің бірі қу тіршіліктің қамын ойлап жүр. Жұмыста мансаптың жоғарылауы, зәулім үйде тұрып, қымбат көлік міну, сайып келгенде, өмірін ақшасыз яки дүниесіз елестете алмау қиын.   
Адамзаттың көксегені – қу дүние. Түбінде, дүниенің түбіне – дүние жетеді.
Мөлдір САБЫРЖАН
01 маусым 2018 ж. 1 602 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930