Қармақшылықтар қуаныш сыйлады
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының «Рухани қазына» кіші бағдарламасы аясында Қызылорда қаласының 200 жылдығы және Қармақшы ауданының 90 жылдығына орай, 1 маусым – Балаларды қорғау күні қарсаңында аудандық ішкі саясат бөлімінің қолдауымен «Қорқыт елі – Қармақшы» жастар бірлестігі мен «Аңсаған» мүмкіндігі шектеулі балалар қоғамдық бірлестігінің төрайымы Бақытгүл Райымбаеваның ұйымдастыруымен қармақшылық бір топ даму мүмкіндіктері шектеулі балалар Қызылорда қаласына экскурсия жасады. Өз табалдырығынан ұзап шыға қоймайтын мүмкіндігі аз балалар өміріне бір сәт болса да мағыналы күн, жақсы көңіл-күй сыйлау үшін ұйымдастырушы топ балаларды алып, алдымен Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейіне ат басын бұрды. Қонақтарды мұражай ұжымы ерекше ықыласпен қарсы алып, таныстыруды арнайы қызметкер Алтын Кәрібозова жүргізді. Облысымыздың тарихымен мен мәдениеті, жетістіктер мен өткен күндерден сыр шертетін құнды экспонаттар туралы терең әңгімелеп берді. Кездесу барысында № 250 мектеп-лицей оқушысы Айдана Ерназарова «Бегім Ана» аңызы жайлы қатар құрбыларына айтып беріп, туған ел тарихы туралы естіген-түйгенімен бөлісті.
Гүлбарам Әбуова, Төретам кенті, ата-ана:
– Балаларға істеп жатқан барлық жақсылықтарға көп-көп рахмет. Қармақшы ауданының кәсіпкер азаматтарына, әкімшілік қызметкерлеріне, ұйымдастырушыларға аналық алғысымды білдіремін. Балаларымыз қуанышқа кенеліп жатқан жайы бар. Ата-ана үшін бала күлкісінен, қуанышынан артық не бар?!
– Қармақшылықтар даму мүмкіндігі шектеулі балалардың барлық мерекелік шараларға белсенді қатысуын ұдайы басты назарда ұстап келеді. Балалардың айналадағы ортаға бейімделуіне, өзін азамат ретінде сезіне отырып, адамдармен тең дәрежеде қарым-қатынас жасауына үнемі қолдау білдірудеміз, – дейді «Қорқыт елі – Қармақшы» жастар бірлестігінің төрайымы Ақтолқын Нұрмағанбетова
Ержан БЕКМЫРЗАҰЛЫ