17 оқулық аударылды
Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің кітапханасы су жаңа 3546 дана оқулықпен толықты. Елбасының тапсырмасы бойынша аударылуға тиісті 100 оқулықтың ішіндегі 17 кітап оқытушылар мен студенттерге кеңінен таныстырылды.
Үлкен жиында сөз алған білім өкілдері көзі ашық ұрпақтың өсуі тікелей оқулықтардың сапасына байланысты екенін алға тартты. Таныстырылған оқулық басым бөлігі мәдениет, философия, әлеуметтану және психология ғылымдары негізінде құрастырылған. Олардың арасында әлемге әйгілі Дуэйн Шульц, Дэвид Бринкерхоф, Клаус Шваб секілді тұлғалардың еңбектері қазақ тіліне аударылған. Әсіресе Клаус Швабтың «Төртінші индустриялық революция» атты кітабы оқырмандар қызығушылығын туғызды. Аталған кітаптардың барлығы да осы күндері әлемнің маңдай алды жоғары оқу орындарында оқытылу үстінде. Бұл оқулықтардан бөлек жыл соңына дейін межеленген 30 кітапты аудару жұмыстары нақтыланды. Жиын соңында Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің ректоры Қылышбай Алдабергенұлы ел тәуелсіздігінің жемісіндей өз елінде оқулықтарды ана тілінде оқитын жастардың бақытты екенін алға тартып, болашақ мамандық иелеріне сәттілік тіледі.
Дамир АМАНГЕЛДІ