АУДАН ДАҢҚЫН АСЫРҒАН ЕКІ КҮН
Syrdariya – 90
Тамыры терең, тарихы кенен, қойнауы қазынаға тұнған Сырдария ауданы – аймақтағы іргелі мекен. Алқабы дәнге, өрісі төрт-түлік малға толы берекелі жер. Халқының ауызбірлігі мол, қай істе де ұйысқан ұйымшылдық таныта біледі. Биыл Сырдария ауданының құрылғанына – 90 жыл. Осыған орай, тамыздың 10-11 күндері ат шаптырып, бәйге берген, ақындар айтысып, оза шапқан дүбірлі той өтті.
Айтулы шараға туған жерден түлеп ұшқан, елімізге белгілі азаматтар жиналды. Олар мейманасы тасыған ауданның бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысты. Құрметті қонақтар алдымен аудан орталығында «Парасат» алаңының ашылу салтанатына қатысты. Аудан әкімі Ғ.Қазантаевтан соң сөз алған Парламент Сенатының депутаты Б.Еламанов, білім саласының ардагері Г.Әбілова ауданнан шыққан даңқты тұлғаларға құрмет көрсету – рухани жаңғырудың жарқын көрінісі екенін айтты.
Алыс-жақын қалалар мен шетелдерден келген меймандар «Тағзым» алаңындағы «Құрметті азаматтар» аллеясы мен «Еңбек даңқы» музейінің жұмысымен танысты. Мұнан соң аудандық мәдениет үйінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Е.Әбдіхалықованың орындауында «Сыр елі» әнімен «Тамыры терең, тарихы кемел – Сырдария» атты ғылыми-практикалық конференция ашылды. Шара барысында Сырдария ауданы туралы деректі фильм көрсетілді. Мемлекеттік хатшы Г.Әбдіхалықованың, облыс әкімі Қ.Көшербаевтың құттықтау жеделхаты оқылды. Сырдария ауданының 90 жылдығына орай жарық көрген «Сырдария ІІ» кітабының тұсаукесер рәсімі жасалды. Облыстық мәслихат хатшысы Н.Байқадамов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Шаухаманов, еңбек ардагері Д.Айсина, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Х.Әбенұлы сөз сөйлеп, халық бірлігінің
бүгінгі көрінісіне жылы лебіз білдірді.
бүгінгі көрінісіне жылы лебіз білдірді.
Той қызығы ат бәйгесімен толықты. Алдымен үш шақырымға тай жарыс ұйымдастырылды. Мәре сызығын бірінші болып кесіп өткен қоғалыкөлдік А.Батыршаевтың «Мерей» атты жирен қасқасы жарады. Бұдан соң жеті шақырымға жіберілген құнан жарыста шымкенттік С.Бисембаевтың «Қара багирасы» мәре сызығына бірінші болып жетті. Көпшілік қүткен аламан бәйге 25 шақырымды қамтыды. Он екі айналымға жіберілген 29 сәйгүліктің ішінде шашасына шаң жұқтырмаған жамбылдық М.Қазыбековтің «Нұрқасқасы» бас жүлдені иеленіп, бәйгеге тігілген автокөлікті еншіледі. Айта кетейік, шабандоздың есімі – Р.Тоқтарбек.
Биыл Тереңөзекте түлеген көрнекті қаламгерлер Қ.Мұхамеджановтың, Ә.Жәмішовтің туғанына – 90 жыл. Осыған орай мәдени шаралар легі «Қаламы қарымды тұлғалар» атты әдеби кешке ұласты. Онда танымал ақын-жазушылар С.Оспан, Ж.Дәрібаева, Т.Дайрабаев, профессор Қ.Құдайбергенов сөз сөйлеп, естелік айтты. Кеш соңында Қ.Мұхамеджановтың «Бөлтірік бөрік астында» атты спектаклі сахналанды. Ал, кешкісін облыс, аудан өнерпаздары, сондай-ақ эстрада жұлдыздары әннен шашу шашып, мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Дүбірлі думанның екінші күні республикалық ақындар айтысымен басталды. Айтысты көруге жиналған жұртшылықта есеп болмады.
Астанадан Е.Қайназаров, М.Сұлтанхан, Алматыдан Ш.Сезімхан, Қарағандыдан М.Ақанов, Батыс Қазақстаннан Ж.Мусина, Түркістаннан А.Жаппарқұлова, Ақтөбеден Ә.Жақсылық, Қызылордадан Е.Әбдиев, М.Ниязов, Н.Мансұров қатысқан жыр додасын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ж.Ерман жүргізді. Ауданның кемел тарихын, аты алысқа озған алыптарын айшықты жырға қосқан ақындар аянып қалған жоқ. Шын жүйрікке тұсау жоқ екенін дәлелдеп, сөз додасының бас жүлдесін жеңіп алған Н.Мансұровқа автокөлік сыйға берілді.
Астанадан Е.Қайназаров, М.Сұлтанхан, Алматыдан Ш.Сезімхан, Қарағандыдан М.Ақанов, Батыс Қазақстаннан Ж.Мусина, Түркістаннан А.Жаппарқұлова, Ақтөбеден Ә.Жақсылық, Қызылордадан Е.Әбдиев, М.Ниязов, Н.Мансұров қатысқан жыр додасын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ж.Ерман жүргізді. Ауданның кемел тарихын, аты алысқа озған алыптарын айшықты жырға қосқан ақындар аянып қалған жоқ. Шын жүйрікке тұсау жоқ екенін дәлелдеп, сөз додасының бас жүлдесін жеңіп алған Н.Мансұровқа автокөлік сыйға берілді.
Мұнымен қоса мерейтой аясында №35 И.Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейде танымал тұлғалар «Құрмет» орденінің иегерлері С.Оспан, Ж.Дәрібаева, Қ.Асанов, профессор Қ.Құдайбергенов, қоғам қайраткерлері Ә.Бәкір, А.Божанова аудан жастарымен кездесті.
Дүбірлі той «Елі ырысты, жері күрішті – Сырдария» тақырыбымен орталық стадионда қорытындыланды. Ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, мерекелік концерт ұйымдастырылды. Аудан әкімі меценаттарға «Жомарт жүрек» сыйлығын табыстады. Атап айтсақ, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан «Ақжарма және К» шаруа қожалығының төрағасы Қ.Нұрсейітов «Жыл меценаты», «Құндызды май» шаруа қожалығының төрағасы Б.Рахмет «Жыл тұлғасы» атанды. Егін шаруашылығы саласында «А.Тоқмағанбетов ЛТД» директоры М.Есжановқа «Туған өлке» аталымы табысталды. «Сырдария ауданының әйелдері» қоғамдық бірлестігі (төрайымы Ұ.Жаналиева) «Жылдың үздік ұйымы» деп танылды. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жеңіс Ысқақоваға «Сырдария ауданының құрметті азаматы» деген құрмет көрсетілді. Марапат иелерінің қатарында Сырдария аудандық жастар ресурстық орталығы да бар.
Ән әуелеген гала концертте лазерлік шоу көрсетіліп, мерекелік отшашу жағылды.
Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ,
Ердос БЕРКІНБАЕВ,
Сырдария ауданы