Алыптар қайта оралды
28 тамыз бен 2 қыркүйек аралығында Талдықорғандағы “Жастар” спорт кешенінде ауыр атлетикадан ерлер және әйелдер арасында ҚР жеке-командалық чемпионаты өтеді. Бұл туралы ҚР Ауыр атлетика федерациясының баспасөз қызметі хабарлады.
Жарысқа белгілі спортшылар – Олимпиада чемпиондары мен жүлдегерлері, сонымен қатар әлемдік және құрлықтық біріншіліктердің жеңімпаздары қатысады, олардың арасында Нижат Рахимов, Жазира Жаппарқұл, Александр Зайчиков, Денис Уланов, Карина Горичева және басқалар бар.
Ауыр атлетика федерациясының хабарлауынша, чемпионатта бұған дейін допингке байланысты жарысқа қатысу құқығынан айырылған Илья Ильин мен Зүлфия Чиншанло да бақ сынағалы отыр.
Жарысты Qazsport телеарнасы тікелей трансляциялайды.
“Бұл турнир осы жылдың ауыр атлетикадағы басты жарысы – Ашхабадта жалауы желбірейтін Әлем чемпионатының негізгі іріктеу кезеңі болмақ. Талдықорған тұғырына ұлттық құрама команданың барлық мүшесі тегіс шығады. Әрине, олардың әрқайсысы әлем чемпионатына баруды көзейді, сондықтан спортшыларымыз өз бабының қандай екенін қарашада тексереді. Талдықорғанда рекордтар көп бола қоймас деп ойлаймын, себебі Ашхабадқа дейін әлі үш жаттығу жиыны бар. Зілтеміршілеріміз сол жиындарда бабына келуі тиіс, алайда чемпионаттың қызық өтері сөзсіз”, – дейді ҚР ұлттық құрама командасының бас бапкері Юрий Мельников.