» » Шиеліге келсең болды қыдырып...

Шиеліге келсең болды қыдырып...

  Таңғы 6:00
Шырылдаған оятқыш үні шырт ұйқымды бұзып жіберді. Көзімді уқалап, сағат тілін қарасам, Шиеліге шығатын уақыт болып қалыпты.   Оразамды ашпастан заттарымды жинап жолға шықтым. Мақсат – осы өңір жастарының шарасына қатысу.
7:00 Автовокзал
Шиеліде 10-да басталатын шарадан қалып қоямын ба деген уайым ғой мендегі. Автовокзал ішіне асыға кіріп, кассасынан Шиеліге дейін билет сұрап едім, "бір жарым сағат күтесіз" деп қысқа қайырды. Амал жоқ күтуге тура келді.  
10:30 Лагерь
Сағат тура 10–да басталатын шарадан қалып қойғаныма қысылып-ақ келемін. Көңілімде " кештеу басталатын шығар" деген үміт те жоқ емес.  
Біз келгенде "Жастар ресурстық орталығы" және "Береке-Жастар" қоғамдық бірлестігінің бастамасымен ұйымдастырылған "Zhastarcamp–2018" тақырыбында Шиелі ауданы жастарына арнайы 3 күндік лагерь енді басталыпты. "Сана" зияткер мектебі және "Жастар FEST–QYZYLORDA" шығармашыл жастарды дамыту орталығының қызметкерлері "Taembuilding" топтық сайысы арқылы жастарды бір сергітіп тастады.
14:00 "Жастар – ел болашағы"
Түскі астан соң аудандық білім бөлімінің басшысы Болат Сейілханов, аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Нариман
Сапарбайұлы, аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Нұрлан Нағашыбайұлы, аудандық жұмыспен қамту және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі басшысының міндетін атқарушы Жандос Қажаманұлы жастар ұйымының жетекшілері, жастар комитетінің төрағалары, жастар парламентінің депутаттары, ауылдық округтердегі белсенді және жұмыссыз жастар бас қосты.  Еркін форматтағы кездесуде кейінгі толқынның мәселелері жан-жақты талқыланып, өзекті ойлар айтылды. Жастар өздерін толғандырып жүрген мәселеге тұшымды жауап алды.
Кешкі астан соң лагерь тынығушылары арасында ұлттық құндылықты насихаттау барысында ұлттық биден сайыс өткізіліп, жеңімпаз топқа қаржылай сыйлықтар табысталды.
15:00 Әуелі бойыңда талант болсын...
Лагерьдің екінші күні ауданның түрлі саладағы талантты жастарымен жүздестік. "Сыр үмітінің" 2012 жылғы иегері, қоңыр дауысты Дәурен Дәулетұлы және таеквандодан өткен бірнеше жарыстың жүлдегері Аружан Нұрманқызы, қысқы киімдер тоқып, ауданның қыз келіншектерін осы кәсіпке тегін баулып жүрген кәсіпкер Гүлмира Әлиева өз қатарларына жеңіске жетудің қыр-сырын айтып, емен-жарқын пікір алмасты. Әсіресе, жұмыссыз жастар үшін олардың өмір жолы мен тәжірибесі үлгі болды.  
16:00 Шынықсаң шымыр боларсың
Түскі астан дәм татқан соң "Спорт – меніңтаңдауым тақырыбында тынығушылар арасында мини футболдан және қол күрестен сайыс ұйымдастырылып, жеңімпаз құрамаларға сыйлықтар таратылды.
17:00 Бәйтерегің он-ақ метр демесең
Спорт сайысы аяқтала бере жастар тағы бір шараға қатысты. Бұл жолы ортамызға "Ех, Шиелім, болар саған не десем, артық етпес
Астанаға теңесем. Елордадан еш жерің де кем емес, Бәйтерегің он-ақ метр демесең " деп жырлаған айтыс ақыны Мейірбек Сұлтанхан келді. Ұлттық өнердің жанкүйерлерін ерекше бағалайтын Мейірбек пен жастар арасында тартымды сұқбат өрбіді. Айтысқа адал ұл алдағы мақсаттары жайында айтты. Осыдан кейін Шиелінің талантты ақыны Шыңғыс Құдайберген мен Мейірбек әзіл айтыс ұйымдастырып, жастар қос ақынның сөз қағысына қошемет көрсетті.

20:00 Алау аясындағы кездесу
Қас қарайған сәтте аудан әкімі Әшім Оразбекұлының қатысуымен лагерь алауы жағылды. Алауды алқа-қотан қоршай отырып, ел ағасының өңірде атқарылып жатқан жұмыстар жайлы әңгімесін тыңдадық. Бір риза болғанымыз, аудан басшысы жастардың еркін пікіріне ерекше ден қояды екен. Кейінгі толқында да тұйықтық жоқ,  басшыға сауал тастап, арасында пікір білдіріп отыр. Жаңғыруға бет алып, өзгере бастаған қоғамның өнегесін осы кездесуде байқадық.
9:00 Қайтардағы қимастық...
Қайтатын күні лагерь тынығушыларына түрлі марапат табысталды. Жастар жүрген жер әнсіз болсын ба, шағын концерттік нөмір ұйымдастырылды. Жастар шараны ұйымдастырушыларға ризашылығын білдіріп жатты. Жолға шығар алдында айтысымен Алашын жалт қаратқан Мейірбек ақынның туған өлке туралы айтқаны еске түсе кетті:
Айтқың келсе мақтаныштың жыры ғып,
Қайтқың келсе рахаттанып,тынығып.
Шекара асып, әуре болмай шетелге,
Шиелiге келсең болды қыдырып....
Ерхан АҚЫН
20 қыркүйек 2018 ж. 562 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031