Туу туралы куәлікті алудың оңтайлы әдісі табылды
EgovKzBot телеграмм-боты арқылы ұсынылатын мемлекеттік қызметтердің тізімі тағы екі қызметке толықты.
«Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ іске қосқан бот арқылы бұған дейін 13 мемлекеттік қызмет пен сервис, соның ішінде 7 кең таралған анықтама, әлеуметтік мәртебені тексеру мен базалық зейнетақы төлемінің көлемі туралы ақпарат алу, емханаға тіркелу, дәрігерге жазылу және дәрігерді үйге шақырту, сондай-ақ халыққа қызмет көрсету орталығында (ХҚО) кезекті брондау қызметтері қолжетімді болған.
Енді бот арқылы өзіңізге жақын жерде орналасқан ХҚО туралы біліп, сондай-ақ бала тууға байланысты проактивті қызметтерді алу мүмкіндігі туды. Басқаша айтқанда, туу туралы куәлікке тапсырыс беру, бала туу бойынша жәрдемақыларды рәсімдеу және сәбиді балабақшаға кезекке қою тіпті жеңілдей түсті.
Естеріңізге саламыз, мемлекеттік қызметтерді телеграм-бот арқылы алу үшін «Мобильді азаматтар базасына» тіркелу қажет, яғни eGov.kz порталындағы жеке кабинетте телефон нөміріңізді ЖСН-ге бекітіп, өз гаджетіңіздегі Telegram мессенджерінде ботты іске қосу керек.
Сосын алдын-ала белгіленген командаларды жолдап, SMS-кодпен растау арқылы анықтамалар мен сервистер туралы ақпаратты сұрата аласыз. Сондай-ақ барлық ақпаратты қолданушының электрондық поштасына жолдау мүмкіндігі де қарастырылған.
eGov.kz порталының 2018 жылғы мамырда іске қосылған телеграм-боты арқылы қазақстандықтар шамамен 14 мыңдай мемлекеттік қызмет алды.
«Азаматтарға арналған үкімет»
мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ
баспасөз қызметі