» » Ашық есік күнінде

Ашық есік күнінде

Астанадағы бір үйдің бес баласының қазасынан соң еліміздің әр түкпірінде көп балалы аналар жиналып, әлеуметтік мәселелерін ашық айта бастады. Қызылордада да А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде "Ашық есік күні" деген атаумен осындай жиын өтті.
09:00
Ығы-жығы адам. Көрермендер залы әйел адамдарға лық толы.
– Бәріміздікі бір жыр. Отымызды жағып, бесіктегі баламызды тастап, дедектеп жүгіріп келдік. Арызымызды арнайы айтуге келген адамдар неге кешігіп жатыр!
Әр жерден шыққан айқайдын құлақ тұнады. Жалпы, ер мен әйелдің отбасы алдындағы өзіндік борышы бар. Әйел бала-шаға тәрбиесімен және үйдің тіршілігімен айналысса, ер адам отанасы мен балаларын ешкімнің қолына қаратпай, әркімге жаутаңдатпай асырауға міндетті. Кінәлағанымыз емес, бірақ ер-азаматы өз міндетіне жауапсыз, ақыретте сұралатын әйелі мен бала-шағасының алдындағы қарызына тереңінен бойламайтын тұрлаусыз бір қоғамға тап келгендейміз. Асыраушысы жоқ аналардың мұң зары бізді осындай ойларға жетеледі.
10:00
Жедел-жәрдем шақырылды. Жеті әйел есін жия алмай құлап, дәрігер көмегіне жүгінді. Бұл кезде халықты басуға әкімшіліктің 10 шақты қызметкері шыж-быж болып жүрген еді. Облыстық ішкі саясат басқармасының бастығы Талғат Маханов халықты байсалды әңгімеге шақыруға тырысты.
11:00
Облыс әкімінің орынбасарлары Руслан Рүстемов, Қуанышбек Ысқақов, Серік Сүлейменов келді. Олар барлық аналарға арыз-шағымын, мұң-мұқтажын тыңдау үшін жанжал шығармай, файеге біртіндеп келуін сұрады. Көрермен залындағы кіреберіске қойылған стол үстінде олардың әрбірін жеке қабылдап, арыз-тілегін ден қоя тыңдады. Жиналған 250-ге жуын әйелдің әрқайсысының мұң-мұқтажы ортақ, тілегі үндес.
Бақыт Меңдияр, көп балалы ана:
– Мен де осы елдің азаматымын. Осы қалада маңдай терімді төгіп, еңбек етіп жатырмын. Бейбіт елде тұрып, баспанам жоқ.
Әсия Жақыпқызы, көп балалы ана:
– Шиеттей бала-шағамыз бар. Бәрімізде де осы мәселе. Менің балаларым сабаққа барады. Бірін алып келем, бірін апарып тастаймын. Үйден шыға алмаймын. Бүгін мүмкіндікті пайдаланып, жағдайымды айтқым келеді.
Индира Әбдібаева, жалғызбасты ана:
– Мен жалғызбасты анамын. Екі балам бар. Екеуін үйге қалдырып, сыртынан құлыптап кеттім. Мұнда алаңсыз қысылғасын, шарасыздықтан келіп тұрмын. Балам күнде ауырады. Күнде жедел-жәрдем шақырамын. Дүкенге қарызға белшемнен баттым. Не қылам енді айтыңызшы?!
Ұлман Әбдіғазиева, жалғызбасты ана:
–Үйде мүгедек шешем бар. Өзім жалғызбасты анамын. Екі жетім баланы бағып отырмын. Әкесі қайтыс болып, шешесі тастап кеткен. Оның үстіне өзімнің де балаларым бар. 1998 жылдан бастап жалдамалы пәтер жағалап жүрмін. Өзім аядай ғана екі бөлмеде тұрамын.
Нұргүл Арыстанбаева, жалғызбасты ана
– Менің күйеуім жоқ. Бес бала асырап отырмын. Бір балам мүгедек. Өзім үшінші топтағы мүгедекпін. Мені еш жерге жұмысқа қабылдамайды.
Айнұр Ескендірқызы, көп балалы ана:
– Мен 2010 жылдан бастап, үй кезегіне тұрамын. Бірақ кезегім әлі алға жылжыған емес. 1700-інші болып тіркеліп едім. Биыл барып қарасам, 3339-дан бір-ақ шығыппын. Бұған не дейсіз? Алты балам бар. Үйіміз апатты жағдайда тұр.
Жанар  Төлебаева, көп балалы ана:
Менің алты балам бар. Үйім өртеніп кетті. Мына тұрған елдің көбісі үйсіз-күйсіз әр пәтерде бас сауғалап жүр. 16000 теңге жәрдемақыны қалай жеткізуге болатынын, шынымды айтсам, түсінбеймін.
Қуанышбек Ысқақов, облыс әкімінің орынбасары:
Қабылдау жүргізілуде. Келушілердің басым көпшілігі – көп балалы және жалғызбасты аналар. Бастапқыда түсініспеушілік орын алып, жағдай шиеленіспен басталған болатын. Бірақ біз ортақ шешімге келіп, айқай-шумен мәселе шешілмейтінін айтып, сөйлесіп, мән-жайды шешуге келістік.
P.S.
Сонымен күні бойы ең соңғы келушіге дейін облыс әкімінің орынбасарлары, облыстық мәслихаттың хатшысы, облыстық "Нұр Отан" партиясы филиалының орынбасары, қала әкімі, қала әкімінің орынбасарлары халықпен тілдесіп, алда нақты көмек көрсететінін айтты. Осы мәселелерге байланысты қазір республика бойынша комиссия құрылды. Ондағылар әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларды тексеріп, көмек көрсетудің жолын қарастырып жатқанын мәлімдеді. Нәтижесі – уақыттың еншісінде.
Ақтілек БІТІМБАЙ
15 ақпан 2019 ж. 643 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930