ТҰРСЫНБАЕВА ТАРИХТЫ ТҮРЛЕНДІРДІ
Ел спорты тарихында тағы бір жағымды жаңалық тіркелді. Осы уақыт аралығында мәнерлеп сырғанаудан "Төрт құрлық чемпионаттың" жүлдесі қоржынға түспей жүрген. Бұл олқылықты Тұрсынбаева түзеді. АҚШ-тың Анахайм қаласында Сыр сұлуы мәнерлеп сырғанаудан “Төрт құрлық чемпионатында” жүлделі болды. Ол еркін бағдарламада 139.37 ұпай жинап, маусымдағы үздік нәтижесін көрсетті.
Екі бағдарламаның қорытындысы бойынша Элизабет Тұрсынбаева 207.46 ұпай жинады. Чемпионатта әйелдер арасындағы сында жапониялық Рика Кихира 221.99 ұпаймен жеңімпаз атанды. Үшінші орынды 207.12 ұпай жинаған Жапонияның тағы бір спортшысы Маи Миахара иеленді.
АҚШ төрінде сәтті өнер көрсеткеніме қуаныштымын. Бүгін мансабымда тұңғыш рет төрт айналымды сальховты орындауға тырыстым. Құлап қалсам да, соңына дейін айналдыра алғаныма қуаныштымын. Екі аптадан бері осы элементті еркін бағдарламада орындап, жаттыққан едім. Бір рет құлағаным болмаса, қалған секіру элементтерін ойдағыдай орындағаныма көңілім толды, – деді Элизабет Тұрсынбаева.
Ерасыл ШӘРІБЕК