ТАҒАМ: ҚОСПА МЕН ҚАУІП
Жақында тәтті жеп отырған құрбым конфеттің қаптамасын көріп ыршып түсті. Мұнда «Е» деп жазылыпты дейді. Сөзінен ұққаным, «Е» индексі доңыз еті қосылған тағамдарда ғана таңбаланады деп түсінетін ол «харамға ауыз салдым ба» деген ойдан шошып кеткен. Жалпы азық-түлікті сатып алуда тұтынушы ретінде жарамдылық мерзімін қарағанымызбен, көп жағдайда құрамын ескермейтініміз рас. Мәселен, қарапайым «Orbit» сағызының қаптамасында «құрамында фенилоланин көзі бар» деп ерекшелеп жазып қойған. Бұл фенилкетонурия сырқаты бар адамдарға ескертпе. Бірақ мұны елеп жүргендер некен-саяқ. Былтыр ұлттық арнадан «Мәселе» бағдарламасы да жасанды тағамдардың дайындалу жолын көрсетті. Осыдан кейін көп адам 40 тонна суға 2 тонна консервант қосып әзірленетін тәтті сусыннан теріс айналды. Біз сырын біле бермейтін, көзге керемет, ақшаға шығын, ағзаға кесел өнімдер құрамын сала маманы тарқатып берді.
«Е» ДЕГЕН НЕ?
Теңіз дәмі тамшыдан құралатыны сынды, тағам құрамына да түрлі дәмдеуіштер мен бояғыштар қосылатыны белгілі. Әсіресе бүгінгі сауда айналамындағы өнімде олардың үлесі тіпті көп. Ал сөз басында айтқан «Е» индексі «Europe» сөзінен шыққан, яғни Еуропалық одақ көлемінде тағамда арнайы қоспалардың бар екенін білдіреді. Оны арнайы Халықаралық жіктеу жүйесі (INS) сараптап бекітеді және ол доңыз еті қосылған тағамдардан бөлек, барлық өнімдерде таңбаланады. Бұл тақырыпты жете түсіну үшін Қазақстан инженерлік технологиялық университеті колледжінің оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Әсем Бекболатқызымен тілдестік.
− Азық-түлік өнімінің жарамдылық мерзімін ұзартуға және оның тіл үйірер дәмі мен тәбет ашар иісін арттыру мақсатында тағамдық қоспалар қосылады. Олардың пайдасымен қатар адам ағзасында түрлі ауруларды асқындыратын зияндылары да көп. Сол үшін әрбір тұтынушы «Е» индексімен таңбаланған тағам құрамын талдай алу қажет. Мысалы, Е100-ден басталып Е182-ге дейінгі көрсетілген код тағам құрамында бояғыш заттар бар екенін білдіреді. Ал Е200 индексі таңбаланса оның консервант, Е300 болса тотығу үрдісін баяулатып, қышқылдық ортаны бірқалыпты сақтайтын антиоксидант екенін білуге болады. Е400-ден Е430-ға дейін тұрақтандырғыш пен қоюлатқыш, Е430-дан Е500-ге дейін – эмульгатор, Е500-ден Е520-ға дейінгі таңба берілсе, өнімге көлемін ұлғайтқыш зат қосылғанын анықтау қиын емес. Сонымен қоса Е620-дан Е642-ге дейінгі код тағамның дәмі мен иісін күшейткіш, Е642-ден Е899-ға дейін қосымша индекс, Е900-ден Е1521 аралығындағысы қант алмастырғыштар мен тағамды бұзылып кетуден сақтайтын қоспа бар екендігін көрсетеді.
Алдымен пайдалы «Е» қоспаларына талдайтын болсақ, олар көбіне тағам құрамына дәрумен есебінде қосылады. Айталық, Е100 – куркума негізінде жасалатын куркуминдер, Е101 – В2 дәрумені бар рибофлавин, Е106 – натрий фосфаты негізіндегі рибофлавин, Е160а – А дәруменіне ұқсас каротин, Е161b – көзге пайдалы лютеин, Е300 – С дәрумені болып есептелетін аскорбин қышқылы, Е306 – Е309 –Е дәруменін беретін токоферолдер, Е440 – ішек жолдарын тазартып, улы заттардан қорғайтын пектиндер, Е641, Е642 –L – пайдалы амин қышқылдарына тең лейцин мен лизин, Е916, Е917 – кальций иодаты бар екендігін көрсетеді.
АУРУ АСТАН
Ағылшындардың «Жаман аспаздан жақсы асқазан артық» деген мақалы бар. Сол тәрізді «Е» индексін тек пайдалы деп ұғыну қате пікір. Осы орайда маманға зиянды қоспалар жөнінде де сауал қойып, аурудың да, даудың да астан екеніне тағы бір мәрте көз жеткіздік.
− «Е»-мен таңбаланған қоспаларды азық-түлікті тасымалдағанда бұзылмас үшін және өнімге ерекше дәм беруге пайдаланатынын жоғарыда айттық. Енді олардың денсаулыққа зиянды түрлеріне тоқталсақ. Мәселен, тартразин (E102), канцероген (Е124), бензой қышқылы (E210) демікпе ауруын асқындырады, сары түсті бояғыш (E110) және азорубин, кармуазин (Е122) аллергия тудырып, жүрек айнытады. Ал амарант (E123) бүйректе әктің көп мөлшерде жиналуына ықпал етеді. Эритрозин (Е127) де қауіпті қоспа, ол қалқанша безінің шектен тыс белсенділігін арттырады. Нәтижесінде ағзада гармондық өзгерістер пайда болады. Индигокарминді көп пайдаланған жағдайда (Е132) қан қысымы жоғарылайды, сорбин қышқылы (E200) теріні қабындырып, зақым келтіреді.
«Е» индексті зиянды қоспалардың тізімін толық жаттап алу мүмкін емес. Бірақ келесідей ауру түрлерін туындататын таңбаларды да есте ұстаған жөн. Айталық натрий бензоаты (Е211), бензой қышқылының тұздары (Е216-Е217), күкірт диоксиді (Е220) ас қорыту жұмысын бұзып, ішекті қабындырады, натрий сульфаты (Е221) ағазадағы В1 мен Н витаминдерін ыдыратып, дәрумендердің жетіспеушілігіне әкеліп соқтырады. Өнімде пимарицин, натамициннің (E235) мөлшері көп болса аллергиясы бар адамдарға қауіп төнеді, сондай-ақ қоспа жүрек айнытып, диареяны асқындырады. Балалар ағзасы үшін калий нитриті (E249) зиянды деп есептеледі. Натрий нитритінің (Е250) қатерлі ісікке әкелуі мүмкіндігі жоғары, ал натрий нитраты (Е251) ағзада канцерогенге айналады. Қауіпті «Е» қоспалары мұнымен шектелмейді. Оның остеопороз (сүйектің мүжілуі) мен бүйректе тастың пайда болуына алып келетін пирофосфатты (Е450) және ағзаны әлсірететін қалай хлориді (Е512) деп аталатын түрлері де бар. Ол көп жағдайда консервті өнімдерде кездеседі. Егер натрий глютаматы (Е621) тағамда мөлшерден көп қолданылса, ағзаны уландырады, калий глутаматы (Е622) диареяның өршуіне себеп болады. Оны көбіне фаст-фуд тағамдар құрамына қосады. Хлор диоксиді де (Е926) қатерлі ісікке шалдықтыруы мүмкін, ал аспартам (Е951) ми жұмысына зиянын тигізеді.
ТАҒАМНЫҢ БӘРІ «ТАЗА» ЕМЕС
Осыдан екі ай бұрын әлеуметтік желіде сатылымдағы шұжық өнімдерінің 143 сынамасынан доңыз ДНҚ-сы табылғаны жайлы ақпарат тарады. Ай сайынғы мониторинг нәтижесінде сүт өнімдерінің 99 сынамасы талапқа сай келмейтіні де анықталған. Денсаулық сақтау министрі Е.Біртановтың айтуы бойынша былтыр саудадан қауіпті өнімнің 22 тоннадан астам түрі алынып тасталған. Демек бүгінгі сатылымдағы дүниелердің өзі тұтынушыға «ас ішіп ауырғанша, аш болып сау жүр» деп ескертпе жасап тұрғанын сезуге болады. Қазіргі кезде аурухана есебінде тұратын ауру адамның қарасы қалың. Дерттің бәрін азық-түліктің сапасыздығынан көрмесек те, негізгі себеп тағамда екенін мамандар зерттеуінен түсінуге болады. Әсем Мыржиева күнделікті үй жағдайында тұтынатын ұнның да едәуір мөлшерде қауіпті екенін айтты.
− Себебі оның құрамында көмірсу бар. Егер ұн өнімін көп тұтынсаңыз бауырыңыз айықпас сырқатқа шалдығып, ағзадағы инсулиннің деңгейі жоғарылайды. Сонымен қатар қант диабеті мен семіздік те біз үшін залалсыз көрінген ұнның әсерінен болады,− дейді маман. Тура «жазым келсе быламыққа тіс сынар» дегеннің кебі.
Бүгінгі таңда сатылымда қоспалардан бөлек, түгелдей жасанды өнімдер де бар. Айталық картоп қалдығы мен резеңкеден өндірілген күріш пен пластмасса тәрізді жұмыртқаның дайындалу барысын халық ғаламтордан көріп те жүр. Мұндай тағамдардың көбеюіне жер бетіндегі тұтынушылар санының артуы да әсер етеді. Ғалымдардың пайымдауынша, 2050 жылы адамзат баласы 9-11 млрд-қа дейін жетуі ықтимал, бұл жағдайда сапалы тағаммен бәрін бірдей қамтамасыз ету мүмкін емес. Сол үшін нарықта трансгенді өсімдік және жануарлар өнімін көбейту ұтымды шешімге айналуда. Мәселен, американдық зертханаларда қызанақ пен құлпынайдың суыққа төзімділігін арттыру үшін оларға солтүстік теңіз балықтарының гені енгізіледі, өсіру барысында жүгеріге зиянкес жоламау үшін оның құрамына жылан уынан алынған өте белсенді ген қосылады, соядағы гербицидтердің көлемін азайту мақсатында оған бактериялар мен шырайгүлдің гені егіледі екен. Мұндай трансгенді өнімді алуға уақыт аз жұмсалады және дақылдардан жылына бірнеше рет өнім алуға мүмкіндік туындайды. Ал түрлі түсті ботқалардың, джемнің, мармелад сынды тәтті өнімдердің құрамында мүлдем табиғи қоспа жоқ екенін, ұзақ уақыт сақталған жемістер мен сүт тағамдарының антибиотик арқылы дайындалатынын ғалымдар әлдеқашан дәлелдеген.
Тағам құрамы біз ойлағандай «күшті» еместігін біліп, Әсем Бекболатқызынан жасанды асқа алданбаудың жолын сұрадық. Сонымен маманнан бірнеше кеңес:
1. Ең алдымен азық-түлік қаптамасында көрсетілген жарамдылық мерзімін және маркалануын жіті қадағалаңыз. Өнім құрамын мұқият оқып шығыңыз. Тағам ГМО немесе соя, жүгері сынды қоспалар арқылы әзірленсе, ондай өнімді алмаған дұрыс. Себебі соя мен жүгері модификацияланған өнім қатарына жатады.
2. Таңдаған өнімнің сыртқы көрінісіне мән беріңіз. Мәселен, оларды иісіне, дәміне, сыртқы қалпына қарап ажыртуға болады.
3. Азық түлік құрамындағы өзгерген ген бар жоғын тек зертханадағы тексерулер арқылы білуге болады. Мұндай мүмкіндік болмағандықтан, сатып алынған өнімді қолданар алдында міндетті түрде толығымен жуып, тазалаңыз.
P.S. 70-80 жылдары танымал болған сатирик Джордж Карлиннің өсиетінде мынадай жолдар бар: «Жылдам тамақтану мен нашар асқорытудың, үлкен адамдар мен жармақ жандардың, үдеген табыс пен қиын қарым-қатынастың заманы туды». Расында күнкөріс үшін еңбектенген халықтың кейде тағам құрамына қарауға шамасы келмейді. Оған нарықтағы қымбат бағаның да әсері бар. Бірақ деннің саулығы басты орында болу керек. Әйтпесе маңдай термен тапқан табыс у қоспа мен дәріге айналуы бек мүмкін...
Гүлдана ЖҰМАДИН